«IЛIК СЕПТIГI» – "АЛАШТЫҢ" IЗДЕУШIСI

«IЛIК СЕПТIГI» – "АЛАШТЫҢ" IЗДЕУШIСI

«IЛIК СЕПТIГI» – "АЛАШТЫҢ" IЗДЕУШIСI
ашық дереккөзі
266

"Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Iлiк септiгi" бағдарламасы "Алаш" тақырыбын жиi көтередi. Хабардың бiр санында "Автономияның аумағы" тақырыбында сюжет көрсетiлдi. Сол сюжетке жеке тоқталғанды жөн көрдiм.

Шекара ұғымының, шекара сөзiнiң ерте пайда болғаны ақиқат. Қазаққа ықылым заманнан жайылым мен шабындықты межелеу маңызды болды. Биiк тау басындағы биiк оба шекара межесiн бiлдiретiн. Ең шетке атасының не әкесiнiң мазарын тұрғызатын. Одан кейiн "атамның сүйегi жатқан жерге дауың болмасын" деп қысқа қайыратын. Бұл көшпелi халықтың бәрiне ортақ түсiнiк. Әлемдiк тарихтағы ең ұзақ өзара қақтығыстардың бiрi, кемiнде жетi-сегiз буыны бiр-бiрiмен жауласқан қазақ пен қалмақтың арасындағы аумалы-төкпелi шекара да осы жолмен белгiлен-дi. Сол қалмақтың қалың жұрты Цин империясының қылышына iлiнiп, қазақтың ұрпағы орысқа бодан болғаннан кейiн екi империя шекара межеледi. Қағазбен сипаттап, картамен бедерледi. 1917 жылы аласапыран өзгерiстер кезiнде жалпықазақ басқосуын шақырып, мемлекеттiлiк дәстүрiн жаңғырту iсiн қолға алған Алаш қайраткерлерi қазақ жерiнiң ауқымын белгiлеудi ұсынды. Ол екiншi жалпықазақ съезiнiң шешiмiнде көрсетiлдi (Орынбор, 1917 жыл). Съез шешiмi 1918 жылы Кеңес үкiметiнiң төрағасы В.И.Ленинге тапсырылды. Жаңа билiк кеңестiк негiздегi ұлттың республикалар құру барысында қазақтың жер көлемiн анықтауда алаштық басшылықтың ұсынысымен есептесуге мәжбүр болды.

Сонау Жәнiбек пен Керей хандардың (15 ғасыр), Қасым мен Хақназар хандардың (16-17 ғ.ғ) билiгi тұсында басталып, Есiм мен Тәуке хандардың (17-18 ғ.ғ) тұсында жалғасын тапқан елдiң жер ауқымын анықтау iсi осылайша Алаш қозғалысы кезiнде айқындала түсiп, мемлекеттiк тәуелсiздiк жылдары 1991 жылдан берi бiржола шешiмiн тапты. Елдiң шекара анықтау iсiндегi жүрiп өткен осы жолы "Iлiк септiгiнде" бiршама ұтымды баяндалды.

Тағы бiр тоқтала өткiм келетiнi: "Көсемнiң келбетi" атты сюжет. 1937 жылы Әлихан Бөкейханов атылды. Бұл оқ Бөкейхановқа ғана емес, бүкiл ұлт-азаттық қозғалысына атылған оқ едi. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы оқиғалар қазаққа отарлық қамытынан құтылуға мүмкiндiк бермедi. Бiрақ, ұлт өмiрiн, оның қоғамдық санасын мүлдем жаңа сапаға көтерiп кеттi. Бұл қадамды жасау үшiн соған лайық басшылар керек-тiн. Ол тұста бостандық алуға даланың өзi әзiр болмай шықты, ал асыл мұрат үшiн алтын бастарын бәйгеге тiккен көсемдер өз заманына лайық деңгейiн танытты. Олар халықты оятуға күш салды. Өздерiмен ниеттес, тiлектестердi табуға жанталасты. Осы жолда газет шығарудан, съездер өткiзуден жалыққан жоқ. Мемлекеттiк Думадан бастап барлық мiнберлердi пайдалануға күш салды. Олар жылдар өткен сайын қатарын көбейттi, буындарын бекiттi. Ақыры 1917 жылы белдерiн бекем буып ұлттық мемлекеттiлiктi қайта жаңғыртуды бастап, Алашорда үкiметiн құрып, Алаш автономиясын жария ету iсiн қолға алды. Бұл ұлт тарихындағы сапалы жаңа кезеңнiң басталғандығының нақты көрiнiсi-тiн. Сол арқылы қазақ зиялылары империя көлемiнде, тiптен әлемдiк деңгейде заман сұранысына лайық әрекет-қимылға баруға даярлығын танытты. Қазақ қоғамын, ұлтын өркениет жолына салуға әзiр екендiгiн анық байқатты. Сол бiр тарихи кезеңде осындай тегеруiндi зиялылар шоғырын тарих сахнасына шығарған қазақ жұрты бақытты едi, бақытқа лайық едi. Осы шоғырдың көшбастаушы кемеңгерi Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан едi. Өкiнiштiсi сол қазақты өз құзырына қаратқан орыс империясы ұлт зиялыларының бұл әрекетiн көпсiндi, өзiнiң ұлыдержавалық мүддесiн жоғары қойды. Ә.Бөкейхановты 1907-1908 жылдары қазақ даласына келтiрмей Самарада ұстаған орыс биiлiгi, ендi оны 1922 жылдан бастап тағы да өз елiне келу құқығынан айырып, Мәскеуде үй қамауында ұстады. Осылай азаттық қозғалысының кезектi тағы бiр толқынын басып-жаншыды. Осы ойды "Iлiк септiгi" "Көсемнiң келбетi" арқылы жария еттi.

1919-1920 жылдары Орталық билiк Алашорда үкiметiн тарату және оның аймақтық бөлiмшелерiн жабу туралы шешiм шығарды. Ешқашанда қазаққа шынайы азаттық бергiсi келмеген Орталықтың өзi қаусап түскенше әлi жетпiс жыл бар едi. Азаттықтың ақтаңгерлерi бұл күнге өздерi жетпесе де, еңбектерi, идеялары жеттi. Әлихан, Ахмет, Мiржақып сынды Алаш көсемдерi Райымжан Мәрсеков, Жаханша Досмұхамедов және басқа олардың қолдаушыларының еңбектерi ескерусiз қалмады. Ұлттық санаға қайта орнықты. Бұл мәселе де "Iлiк септiгiнiң" назарынан тыс қалмады. "Азаттықтың ақтаңкерлерi" деп айдар тағып, сюжет көрсеттi.

Ұлтқа деген жанашырлық сезiм Мұстафа Шоқайға жас кезiнен тыныштық бермедi. Қаршадай студент Мемлекеттiк думадағы Мұсылмандар фракциясы жанындағы бюроға жауапты хатшы болып, жүгiрiп жұмыс iстедi. Орыс империясында түркi тектi халықтардың тепкi көруiне төзе алмады. Сөйткен жас жiгiттiң соншалық ұлтшылдығы билiктi шошытса керек, соңына патша тыңшылары түстi. Төңкерiстер басталған алма-ғайып заманда Мұстафа Орынбор, Ташкент, Ферғана, Самарқан аралап, өз елiне оралды. Осында өткен Түркiстан мұсылмандарының төртiншi құрылтайы Түркiстан автономиясын жариялады. Қоқанға жиналған депутаттар Мұстафа Шоқайды Түркiстан Ұлттық кеңесiнiң мүшесi және Сыртқы iстер министрi сайлайды. Үкiмет басшысы және Iшкi iстер министрi Мұхамеджан Тынышбаев болды. Бұл үкiметтi қолдаған Наманғандағы, Ташкенттегi шерулерге мыңдаған адам қатысты. Кешiкпей Тынышбаев өз еркiмен қызметтен кетiп, Түркiстан автономиясы үкiметiн Мұстафа Шоқай басқарды. Әлихан Бөкейханов қазақтардың өзiнше бөлек ел болуын көздеп Алашорда үкiметiн жасақтағанда бәрiбiр Мұстафаны оған мүше етiп алуды ұсынды. Сөйтiп ол бiр мезгiлде екi автономиялық үкiметтiң мүшесi болды. Өкiнiшке орай, большевиктер айламен, күшпен Алаш үкiметiн де, Түркiстан автономиясын да таратты. Басшыларын қуғындап, қайсыбiреулерiн түрмеге салды. Бұл тұзаққа түспеген жалғыз Мұстафа Шоқай. Ол дереу Баку мен Тифлис арқылы шетелге шығып, большевиктермен күреске кiрiстi. Сөйтiп, қалың түркiнiң қамы үшiн Сталиндей азулымен айқаса бiлген тұлға ретiнде тарихта қалды. Ұлы қайраткердiң өмiр жолы "Iлiк септiгiнде" ақтарылды.

Азаттық үшiн күрес – азапты жол. Махамбеттен кейiн де сол жолға түскендер көп. Отарлық кептегi қалың түркiнiң қай ұлысы шырмаудан шығуға тырыспаған дейсiз. Сол ұлыстың бiрi, отарлық шарғыға алғаш маталғаны – татарлар. Сүйiнбике заманында татар жасағы Қазан Кремлiнiң түбiнде басқыншы Иванның күшi басым жаулаушы әскерiмен қылыш қағыстырды. Қару көтергеннiң бәрi қырылды. Татар милләтi бостандыққа шығудың қапысын табу үшiн жанталасты. Әлденеше рет ұмтылыс жасады. Ленин тұсында, Сталин тұсында, Ельцин тұсында дегендей. Сондай талпыныс тудырған ұлы тұлғаның бiрi – Мiрсейiт Сұлтанғалиев. Бiлiмдi едi. Беттi едi. Сталиннен қаймықпағаны содан. Қашпады, саспады. Егер ниеттестерi Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди сияқты шетке кетсе, тағдыры басқаша болары даусыз. Түркияға жеткен Зәки Уәлиди берiге, жетпiсiншi жылға дейiн өмiр сүрдi. Сексен жасқа келiп, 400 еңбек жазды. Ал Мiрсейiт басқа жолды таңдады. Алдымен Ленинге, сосын Сталинге барлық түркi жұрты жиналып, бiр мемлекет құруға қабiлеттi екенiн дәлелдеуге күш салды. Сталин бұл пiкiрден шошып кеттi. Дереу Сұлтанғалиевтi түрмеге тықты. Оның абақтыға түскенi басқа елдерде мазасыздық туғызды. Мұны байқаған Сталин татардың қайраткерiне бостандық бердi. Бiрақ, бiр бармағы бүгулi қалды. Қырқыншы жылы жер шарында Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталды. Әлем назары фашизммен арадағы жанталасқа ауды. Сталин ендi ешкiмнiң Мiрсейiт Сұлтанғалиев туралы сұрамасын бiлдi де, ақырын атқыза салды. "Татардың тұлғасы" сюжетiнде "Iлiк септiгi" Мiрсейiт Сұлтанғалиевтiң өмiрiне кеңiнен тоқталды.

Айта берсе, "Алаштың" айтылмаған әңгiмесi әлi көп. "Iлiк септiгi", оның авторы Қайнар Олжай сияқты кәнiгi журналист, документалист осы тарихи шындықты айту жолында шаршамауын тiлеген болар едiк.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДI, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары