ДЕРМЕНЕ ДӘНI ТҮСКЕНДЕ...

ДЕРМЕНЕ ДӘНI ТҮСКЕНДЕ...

ДЕРМЕНЕ ДӘНI ТҮСКЕНДЕ...
ашық дереккөзі
247

Төлебидiң ауданы туризмге сұранып тұр

Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстiк Қазақстан облысында орналасқан әрбiр ауданның өзiндiк ерекшелiгi бар. Оңтүстiк Қазақстан облысы халық тығыз қоныстанған өңiр болғандықтан, облыста аудандардың дамуына ерекше назар аударылуда. "Тоғыз ұлым бiр төбе, Ертөстiгiм бiр төбе" демекшi, олардың арасында Төлеби ауданының әсемдiгiмен ерекшеленетiнi рас. Талас Алатауының бөктерiнде жатқан өңiр Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрамсу, Қасқасу, Бадам сияқты өзендерiмен танымал. Осындай әсемдiгiменен ерекшеленетiн сұлу өлкеде сұлулыққа жаны құмар азаматтардың көптеп келуi заңдылық та шығар, бәлкiм. Оның дәлелi, бiр ғана Төлебиден республика түгiлi одаққа мәлiм 19 қылқалам шеберiнiң шығуы кезiнде мәскеулiктердiң өздерiн де таң-тамаша қылған ұқсайды. Атағы бүкiл қазаққа мәлiм Бексейiт Түлкиев, Құрасбек Тыныбеков, Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбаев сынды суретшiлердiң барлығы да осы ауданнан түлеп ұшқан дарындар.

Табиғаты тамаша өлке туризмге сұранып тұр. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов мырза. Мәселен, Оңтүстiк өңiрiндегi бiрден-бiр Тау шаңғысы базасы, республикалық "Тау самалы" демалыс лагерi аудан орталығы Ленгiр қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Жуырда аудандағы ең көрiктi орындардың бiрi – Сайрам су шатқалын араб инвесторлары жалға алып, ол жерден туристiк база салуға кiрiсiптi.

Аудан орталығы Ленгiр кезiнде кеншiлердiң қаласы ретiнде көпшiлiкке аты мәлiм. Мұнда көмiр шахтасы алғаш рет ХIХ ғасырдың сексенiншi жылдары ашылған. Бiрақ шахта өндiрiстiк себептерге байланысты өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары қайта жабылып қалады. Қазiр 30 мыңға жуық халқы бар Ленгiр қаласы кешегi өтпелi кезеңдегi қиындықтардың бәрiн артқа тастап, бiрте-бiрте еңсесiн тiктеп келедi. Оған өзiмiз арнайы барған iс-сапар кезiнде де көз жеткiздiк.

Бiр қарағанда, Ленгiр деген атау қазақы ұғымға жат сияқты болып көрiнедi. Сондықтан да болар жергiлiктi халық арасында "Ленгiр осы жердегi көмiр кенiшiн ашқан немiс көпесiнiң есiмi" деген әңгiме бар. Бiрақ, Ленгiр атауы барша дертке дауа – киелi дерменеге тiкелей қатысы бар десек қателеспеймiз. Өйткенi, тарихи деректерге қарағанда, ХIХ ғасырдың аяғында Қазақстандағы алғаш рет ашылған химия зауыты-дермененi өңдейтiн Шымкент сантонино зауытының (бүгiнгi Шымкентхимфарм) iргесi қаланған кезде орыстың көпестерi жақын жерден өндiрiске қажеттi көмiр iздеген. Ленгiрдегi көмiр шахтасы осы қажеттiлiкке байланысты ашылған. Алғашқы жылдары шахтадан алынған көмiр Шымкентке түйемен жеткiзiлiп тұрған. Бiрақ Ленгiр атауы бұдан да әрiден басталады. Жер атауларының шығу тегiн зерттеп жүрген ғалымдардың жазуына қарағанда, Ленгiр атауы Өзбекстан, Тәжiкстан елдерiнде жиi кездеседi екен. Ол парсы тiлiнде "аялдайтын орын" деген мағынаны бiлдiредi. Ленгiр бiр кездерi Ұлы Жiбек жолының бойындағы ары-берi жөнкiлiп жатқан сауда керуендерiнiң бiр сәт аялдайтын, яғни демалатын орны болғанға ұқсайды.

Жуырда Ленгiр қаласы өзiнiң 65-жылдық мерейтойын атап өтiптi. Мерейтойға арналған шаралардың iшiндегi ең негiзгiсi – қала орталығынан биiктiгi 17 метрлiк Тәуелсiздiк монументiнiң ашылуы. Еңсесiн тiктей орналасқан, үлкен монумент анадайдан көзге менмұндалап шалынады. Әсем монументтiң айналасы саябаққа айналған. Монументтiң артына жаңа мектеп қоныс теуiптi. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша №7 мектептiң құрылысы аяқталып, ол Бiлiм күнiнде шәкiрттерге есiгiн айқара ашты. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға ұшыраған мөлтекаудандар да қайта жанданып келедi. Жергiлiктi атқарушы билiк қаланы экологиялық жағынан таза аймаққа айналдыруды жоспарлапты. Осыған байланысты қазiр көшелердi, мөлтекаудандардың ауласын тазалау жұмыстары жүрiп жатыр. Оған ленгiрлiктердiң өздерi де белсене атсалысып отыр. Ендiгi кезек халықты жұмыспен қамтамасыз ететiн өндiрiс орындарын iске қосу. Бұл салада да ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар екен.

БАЛМҰЗДАҚТЫҢ БАЛ ДӘМIН ТАТҚАН БIЛЕР…

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсiпкерлiк бөлiмiнiң бастығы Сержан Дүйсебаевтың айтуынша, ауданда өндiрiстi өрге сүйреген бiрқатар өндiрiс орындары баршылық. Солардың бiрi – "Битум" ЖШС. Жол құрылысына қажеттi битум шығаратын алып кәсiпорын Ленгiрден 10 шақырым қашықтықта орналасыпты. Қазығұртқа қарай бет алған адамның әлгi алып кәсiпорынның ғимаратына ерiксiз көзi түсерi сөзсiз.

Битум қазiр сұранысқа ие материал болып табылады. Зауытта тәулiгiне 850 тонна сұйық битум шығарылады. Кәсiпорын жаңа қондырғылармен жабдықталғандықтан шығынды аз талап етедi. Сондай-ақ, экологиялық талаптар да ескерiлiптi. Зауыт ауаға зиянды газдардың таралуына жол бермейтiн қондырғылармен жарақталған.

– Зауыт толық қуатында iстеп тұрса, ол оңтүстiктiң ғана емес, көршiлес облыстардың да қажетiн өтей алады. Өйткенi, экономика жақсарған сайын жол құрылысының қарқыны күшейiп келедi. Мұндай жағдайда кәсiпорынның тоқтап қалуы мүмкiн емес,– дейдi мамандар.

Бiз тоқтаған келесi аялдама – "Балмұздақ" ЖШС болды. Атынан көрiнiп тұрғанындай, ол балмұздақ шығарумен айналысады. Серiктестiк директоры Адахан Турдиев "бұл салаға келу үшiн ұзақ жылдар бойы тәжiрибе жинақтадым" дейдi. Әуелi ол кiсi тоңазытқыш жөндеумен, оның қосалқы бөлшектерiн сатумен айналысады. Ақырында, 1987 жылы балмұздақ жасайтын шағын цех ашуға белсене кiрiседi. Балмұздақ бiрiншiден, өтiмдi тауар. Екiншiден, оған қажеттi негiзгi шикiзат – сүттi осы ауданнан-ақ табуға болады.

Әуел баста шағын цехта жұмыс iстеген алты адам балмұздақтың тек екi түрiн шығарған. Көп жұмыстар ол кезде қолмен атқарылыпты. Бiрақ "балмұздақтықтар" мұнымен шектелiп ғана қалмайды. "Шешiнген судан тайынбас" демей ме, ұжым уақыт өте келе аталған өнiмнiң бiрнеше түрiн шығаруды қолға алады. Балмұздақтың дәмiн кiргiзу үшiн оған жемiс-жидектiң сөлiн, жаңғақ, қаймақ, мейiз қоса бастайды.

Бүгiнде "Балмұздақтың" дәмi тiл үйiретiн өнiмдерi облысқа ғана емес, Алматы қаласы мен Қызылорда облысына да таралады. Мұнда балмұздақтың 33 түрi шығарылады. Кәсiпорын 2002 жылы "Оңтүстiктiң үздiк тауарлары" байқауында арнайы дипломмен марапатталып, 2004 жылы "Жылдың үздiк кәсiпкерi" номинациясын иемденген.

Қаншама адамды еңбекпен қамтып отырған кәсiпорынның жұмысына қойылып отырған талап та жоғары. Шығарылған өнiмнiң сапасы санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес болуын аудандық СЭС тарапынан қатаң қадағаланып отырады екен. Сондай-ақ, серiктестiк өздерiнiң өндiрiске енгiзген өнiмдерiн қорғау үшiн оларды Республикалық "Казпатент" мекемесiнде патенттеп алыпты.

Адахан Надырұлының айтуынша, бүгiнi нарықта ең басты мәселе тауарды өткiзу. Шығарылған тауар тұтынушының көңiлiнен шығуы керек.

Әрине, күз келiп, салқын түскен соң балмұздаққа деген сұраныстың кемитiнi белгiлi. Бiрақ мамандар қарап отырған жоқ. Кәсiпорын қызметкерлерi қазiр келесi маусымда сатылатын балмұздақтардың жаңа түрiн ойлап табуға кiрiскен. Өйткенi, ұдайы iзденiс, үздiксiз жаңарып отыру бүгiнгi нарықтың басты талабы емес пе?!

ШЫМКЕНТТЕ ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП БОЛМАЙДЫ

Республика халқының 15 пайызы бiр ғана Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрады. Облыстық статистика департаментiнiң таратқан мәлiметтерiне қарағанда, 1999 жылғы халық санағынан бергi аралықта облыс халқы 500 мыңнан астам адамға көбейген. 1999 жылы жүргiзiлген санақ нәтижесiнде, облыста 1 миллион 978 мың адам тiркелсе, 2010 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi мәлiмет бойынша облыс халқы 2 миллион 429 мың адамға жеткен. Санақ кезiнде алынған деректерге қарағанда, облыстағы қазақтардың үлесi 72 пайызды құрайды. Көшi-қон комитетiнiң ОҚО бойынша басқармасының бастығы Әбдiбақыт Мақұлбаевтың берген мәлiметiне қарағанда, 1992 жылдан берi облысқа 171220 қандасымыз көшiп келiптi. Ауа-райы жаймашуақ оңтүстiкке ат басын тiреген оралмандардың қатары жыл санап көбейiп келедi. Мысалы, 2009 жылы 2800 отбасы, яғни 12692 адам атамекенге қоныстанса, биыл 2950 отбасы келедi деп жоспарланған. Олардың 99 пайызы көршiлес Өзбекстан Республикасынан. Халық көп қоныстанған, қазағы қалың өлкеде әлеуметтiк жағдай ең өзектi мәселе болып табылады. Оның басым бағытының бiрi – бiлiм саласы.

Оңтүстiк Қазақстан облысында "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша биыл 10 450 орынға лайықталған 13 жаңа мектеп ашылды. Оның алтауы Шымкент қаласында, қалғандары Мақтарал, Ордабасы, Төлеби, Түлкiбас, Бәйдiбек аудандары мен Түркiстан қаласында. Жаңа бiлiм ордаларының барлығы да заманауи үлгiде салынған. Барлығында сынып бөлмелерiнен бөлек, ойын, жатын, ұзартылған күндiзгi топтарға арналған әмбебап бөлмелермен, мультимедиялық кабинеттермен, зертхана, аудитория, интернет клубтарымен, тiс дәрiгерi, психологиялық қызмет бөлмелерiмен жабдықталған. Жалпы, оңтүстiкке қанша мектеп салса да көптiк етпейдi. Өйткенi, ресми деректер бойынша республикада жыл сайын мектепке баратын әрбiр алтыншы бүлдiршiн Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрады екен. Мектеп тапшылығы облыстағы бiлiм саласының ең басты проблемасына айналғалы қашан. Дегенмен Елбасымыздың "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасының арқасында Шымкентте үш ауысымда оқитын мектептер толығымен жойылды. Жуырда облыс орталығында №24 мектептiң ғимаратын салтанатты түрде ашқан қала басшылары осылай деп мәлiмдедi. 1200 орынға лайықталған бiлiм ұясы ғимаратының құрылысына 1 521 000 мың теңге жұмсалыпты. Мұнда 380 орындық 3 мезгiлде тамақтануға арналған асхана, 756 орындық мәжiлiс залы, теннис үстелi, шағын футбол, гимнастика алаңдары орналасқан спорт залы бар. Сондай-ақ, мектеп ауласында өсiмдiктер күтiмiне арналған қысқы бақ қарастырылған.

Жалпы жыл басынан берi Шымкентте 6 мектептiң лентасы қиылса, тағы бiр бiлiм ұясы жыл соңына дейiн пайдалануға берiледi. Жетi мектептiң алтауы 1200 балаға лайықталған типтiк ғимараттар болып саналады.

Сондай жаңа үлгiдегi мектептiң бiрi – Ленгiр қаласындағы №7 мектеп көрiнедi. Соңғы үлгiдегi стандартпен салынған мектептiң ғимаратына енiп келе жатып, қабырғаға iлiнген суреттерге ерiксiз көзiмiз түстi. Қазақтың ағартушы-ғалымдарының суреттерiн қабырғаны бойлата iлiп тастапты. Бiр шумақ өлеңдерiмен қатар, ағартушы ғалымдарымыздың туған жылдары да жазылып қойылған. Ахмет Байтұрсыновтың суретiнiң астында туған жылы 1973 деп жазылып қойылыпты. Екi-үш суреттiң де астында туған жылдары мың тоғыз жүзден басталған. 1973 жылғы болса, "менiң ағаммен жасты екен-ау" деп, ерiксiз жүзiмiзге күлкi ұялады. Бұл басшылық тарапынан кеткен қателiк пе, әлде суреттi жасаған адамдардың компьютерден жiберген қателiгi ме, кiм бiлсiн, әлгi баспалдақтан көтерiлген тұсқа iлiнгендiктен, көзге бiрден шалынады. Оны оқып жүрген оқушылар "Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннiң туған жылы осылай екен деп қабылдайды-ау" деп қынжылдық iштей.

Алыстан ат арытып, арнайы келген соң, мектеп директорына жолыға кетудi жөн санадық. Ашаң бойлы, арықша келген орта жастағы жiгiт ағасы бiз ойлағандай емес, өте сауатты кiсi екен. Суреттердегi қателердi сұрағанымызда, "Өй, айналайындар-ай, оны өзiм де байқап, қайтадан жасатып жатырмын. 1 қыркүйекке дайын болсын деп жасатқанбыз, суреттердi дайындаған жiгiттер 8-дiң орнына, 9-ды жазып жiберiптi. Оны iлгеннен кейiн барып, бiр-ақ байқадық. Қазiр барлығын да өзгерттiрiп, қайта iлгелi отырмыз" дедi ағынан жарылып.

Мектеп директоры Зайдiллә Темiрбековтың айтуынша, қазiр мектептерде сапалы кадрлардың жетiспей жатқандығы қиындық тудырып отырғанға ұқсайды. Жұмыс iздеп, жұмыс сұрап келiп жатқан жас мамандарға сауал қойып, тест өткiзетiн директордың арнайы сынағы да бар көрiнедi. Көптеген жас кадрлерiмiз осы сынақтан сүрiнiп жатады екен. Әсiресе, физика, химия, математика мамандарының бiлiмдерi сауатты емес, "сауатты мұғалiм болмаса, жас балалар қалай сауатты болып шығады" деп қынжылады директор. Директордың да сөзiнiң жаны бар. Мұндай маман тапшылығы бiр ғана Ленгiр қаласында ғана емес, көптеген аудандарда, облыс орталықтарында да көптеп кездесiп жататыны рас. Жақсы кадрлердiң тапшылығынан оқушылардың зардап шегетiнiн кiмнен жасырамыз? Бiлiмдi, сауатты мұғалiмнiң ауылдағы мектептерге барғысы келмейтiнi тағы бар. Бiлiктi мамандар көбiнде қалалы жерлерде, облыс орталықтарында қалып қояды. Есесiне, ауылдардағы, шет жақтағы елдi мекендердегi мектептерде бiлiктi кадрлер жетiспей жатады. Салауатты өмiр салтын құратындар да бiлiктi маманнан дәрiс алған бiлiмдi жастарымыз емес пе? Ендеше, бiз ауыл мектептерiндегi жастардың бiлiм деңгейi жоғары болсын десек, бiлiмдi, сауатты мұғалiмдердi дайындау iсiн де дұрыс жолға қойғанымыз абзал.

Ленгiр қаласынан шығып, Қазығұрттың бөктерiндегi "Ғайып ерен-Қырық шiлтен" аталатын таңбалы тасқа тәу етiп қайттық. Алыс елдiмекендерден де әдейi ат басын бұрып келген жолаушылар да өте көп екен. Тiптi, көршi қырғыз ағайындарымыз да тау асып, арнайы келiптi мұнда. Таңбалы тастың құпиясы туралы әңгiменi өзге мақаламызда арқау ететiн боламыз. Әзiрге, туризмге сұранып тұрған табиғаты әсем, сұлу өлкеден өзiмiз куә болып, көзiмiз көрген жайттарымыз әлгiндей…

Гүлзина БЕКТАСОВА, Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары