ҚҰҚЫҚ БҰЗҒАН ҚҰРЫҚТАЛАДЫ
ҚҰҚЫҚ БҰЗҒАН ҚҰРЫҚТАЛАДЫ
Қазiргi таңда қоғамды қатты алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлық мәселесi Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы Жолдауында жан-жақты баяндалып келедi. Онда Елбасы мемлекеттiк органдардың барлық деңгейiнде сыбайлас жемқорлықтың түп тамырын жоюға нақты мiндеттер жүктеп, ымырасыз күрестi күшейтудi атап көрсетедi.
Жалпы алғанда елiмiзде сыбайлас жемқорлық пен қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алуда "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 қаңтардағы Заңы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегi Заңы, 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң Ар-намыс кодексi әрекет етедi.
2006-2010 жылдарға бағытталып iске асырылу үстiндегi сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама қазiргi таңда пәрмендi болып отыр. Бағдарламаның негiзгi ережелерi сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi заңнаманы, құқық бұзушылықтың деңгейiн төмендету бойынша арнайы шараларды жетiлдiруге құқық қорғау және сот жүйесi қызметiн оңтайландыруға, азаматтық қоғаммен өзара әрекетке, мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Құқық бұзушылық пен қылмыстық фактiлерге және оларды тудыратын жағдайлар жасауға жол бермеу мақсатында салық қызметi органдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Салық комитетi төрағасының 2006 жылғы 30 қыркүйектегi № 474 бұйрығымен бекiтiлген Салық органдары қызметкерiнiң кәсiби этикасы кодексiнiң және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Салық комитетi төрағасының 2007 жылғы 26 желтоқсандағы бұйрығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының салық қызметi органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының талаптарын басшылыққа алады және қатаң сақтайды.
Аталған стратегия салық қызметi органдарында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушiлiктi дағдыға айналдырған жоғары тиiмдi салық қызметiн қалыптастыру бойынша қағидат пен болашақты бағалауға негiзделген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi одан әрi күшейту мәселелерi бойынша түзетулер енгiзiлген. Бұл ретте "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi одан әрi күшейту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы № 222-IV Заңы толық жауап бере алады.
Заңның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы және көлеңкелi экономикамен күрестi күшейтуге, құқық бұзушылық жасағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiлердiң жауапкершiлiгiн қатаңдатуға бағытталған.
Мұнымен қоса, тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың сапалы және тиiмдi жұмысы сыбайлас жемқорлық пен қылмыс жасау деңгейiн төмендетудiң маңызды факторы болып табылады. Салық қызметi органдары салық төлеушiлердiң сенiмдiлiк деңгейiн арттыру, мемлекеттiк қызметшiнiң жаңа формациядағы бейнесiн қалыптастыру сияқты стратегиялық мiндеттерiн шешу үшiн үнемi сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылтуға, әр қызметкердiң санасына тиiстi мiндеттерiн адал атқаруды түсiндiруге және түп тамырымен жоюға, қоғамның жегiқұртына қарсы бағытталған белгiлi бiр iс-шаралар жүргiзедi.
Кез келген салық төлеушi Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша салық басқармасы қызметкерлерiнiң заңсыз әрекеттерiне қарсы жүгiне алатын 2671540 сенiм телефоны жұмыс iстейдi. Бұл орайда "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221-3 Заңына сәйкес беймәлiм өтiнiштер қаралмайды.
Жоғарыда көрсетiлгендей, салық органдарының әр қызметкерi сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы орындауға мiндеттi ғана емес, сондай-ақ ол салық төлеушi тарапынан немесе заңға қарсы өзге әрекеттерге итермелеу мүмкiндiктерiн жою бойынша қажеттi шараларды дербес қолдануға мiндеттi.
Қорыта айтқанда, әр адам салық органы қызметкерiнiң де, салық төлеушiнiң де заңға қайшы кез келген әрекетi үшiн заңмен белгiленген тәртiпте әкiмшiлiк тәртiптiк, сондай-ақ қылмыстық жауапкершiлiк көзделгендiгiн ұмытпауын ескергенi жөн.
Нұрдәулет Балтабеков, Алматы қаласы, Алатау ауданы бойынша салық басқармасы, жетекшi маманы