ОТҚА МАЙ ҚҰЙМАСА ДА...
ОТҚА МАЙ ҚҰЙМАСА ДА...
Өмiрiмiздiң өзектi мәселелерiн өндiрiп жазып жүрген "Түркiстан" газетi ойлы сөзiмен нөмiр сайын жарықшақ сезiмдердi желпiнтiп, жәбiрлi жүрегiмiздi жiгерлендiрiп отыратыны бар едi. Мына бiр кезектi санында (14 қазан, 2010) газет сол дағдысымен тағы да сананы сiлкiндiретiн салиқалы ой қозғап, орда өңiрiндегi мадақ пен марапаттан май iшкендей кiлкiген көңiлiмiздi елең еткiздi. Жаныңа жарық бермесе де, намысыңа қамшы салар жүйелi сөз "Отқа май құюдан сақтасын" деп аталады. Елiмiздiң еңселi бiр орыстiлдi басылымы "Мегаполистiң" бас редакторы Игорь Шахновичпен газет тiлшiсiнiң ашық пiкiрсайысы.
Ел тағдыры көз алдында жасалып жатқан танымал қаламгердiң пiкiрi бiзге онша таңсық болмаса да, ол Отанымыздың орыстiлдi қауымының өкiлi болғандықтан сұқтана оқығанымыз заңды екенi түсiнiктi болар. Оқып шықтық. Орнығуынан торығуы басым көңiл көкжиегiнде ә дегенде "Ал май құйса ше?" деген жапалақ сұрақ жай оғындай жарқ ете қалған. Тұла бойың түршiгедi. Құдай сақтасын – бетi аулақ. Қазақтар өз жарасын өздерi қасып болғанша ләм-мим демеуге тырысамыз дейдi Шахнович (Маловодный оқиғасы жайлы сөз болғанда). Сенсеңiз, басқа орыс тiлдi әрiптестерiнен де соны талап ететiн көрiнедi. (Жаттығын мойындау емес пе?) Оған да шүкiр. Осы ұстанымдары дұрыс та шығар.
Әңгiме желiсi елiмiзде шығатын әртiлдi ақпарат құралдарының арасындағы өзара байланыс, оқырманға ақпарат жеткiзудегi тәсiл, талғам, қалыптасқан түйсiк деңгейi жайлы сөз бола келiп, одан әрi мемлекеттiк тiл, ел тәуелсiздiгi, ұлттық мүдделерiмiздiң өрiсiнде өрбидi. Бiздi елең еткiзер жерi де сол емес пе? Оқыған сайын сұхбаттың сазына елiге түсемiз.
Шахнович елiмiздi мекендеген орыстiлдi ұлттың жай ғана қатардағы өкiлi емес, көзiқарақты, саясаткер адам. Осы жерде туып-өскен, жұртымыздың жай-жапсарын жақсы бiлетiн, нанымыз бен тұзымыздың дәмiне тұшынып тамыр жайған сұңғыланың бiрi. Өзi атап өткендей, сан ұлт өкiлдерiнiң басын құрған елiмiздiң қойыртпақ құрамы сияқты, оның бiр өзiнiң тұла бойында бiрнеше ұлттың қаны бар. Соңғы кезде кейбiреудiң санасында шиыршық атып, ойнақтап жүрген нағыз ұлтсыздықтың дәл өзi. Демек барынша бейтарап адам, оған бәрiбiр сияқты: ел iшi тыныш, қарны тоқ, ұрпағы аман болса болды. Ешқандай қайғы-мұңы, толғанарлық борыш-парызы, жұлқа тартып жатқан мақсат-мұраты да жоқ сияқты. Томаға-тұйық тағдырына тәнтi. Жоғалтатын ештеңесi жоқ. Өз ойын ашық айтып отырғандай көрiнедi. Аржағында не жатқанын кiм бiлсiн!?
Мұның сол қалпымен-ақ арамыздағы орыс ұлтының мүддесiн көздейтiнi аққа қара жапсырғандай айқын көрiнiп тұр. (Көз алдыңа керiлген садақтағы жебе елес беретiнi де содан шығар.) Оның пiкiрiнше, бiздiң ұлттық мүдделерiмiздi үнемi алға тосып, тәуелсiздiгiмiздi нығайтуға талпынуымыз елдiң шырқын бұзатын сабырсыздық сыңайлы. Елбасының бүгiнгi жүргiзiп отырған саясаты бәрiн өз орнына қойып, қазақ әйтеуiр бiр күнi өз өзiнен ел болып шыға келедi-мiс.
Сонымен Шахновичке сүйенсек, бiз осы қиялға ерiп, қол қусырып қарап отыра беруiмiз керек. Несiбемiзге бұйырған күйiмiзге шүкiршiлiк еткенiмiз жөн. Айдаһардың құйрығын басып, арандап қалып жүрмеңдер дегiсi келедi. Бұл Шахновичтiң ғана пiкiрi ме? Аржағында жатқан қалың қолды қайтесiң. Орыс ағайындардың "сабырлылығы" бiздiң мүддемiздi мойындағандық дегенге сене саламыз ба? Әлде оның көздегенi айналып келгенде бiздi бұрынғыша өздерiнiң "қамқор" қанатының астына алуға түбегейлi талпынысы екенiне ден қоямыз ба? Ойланатын жер осы сияқты. Өйткенi о баста өзiмiз заңды түрде еркiндiк берiп, құшағымызды кең ашып, тайраңдай түсуiне мол мүмкiндiк жасап қойған "бауырларымыздың" бойындағы дағдылы өктемдiк айылын жия қоятын түрi жоқ. Уақыт өткен сайын ол үдей түскен үстемдiкке айналып кетпесiне кiм кепiл?
Осы түста Шерағаң мен Мұхтар болып, Айталы мен Бәкiр болып арманына алқа сала алмай жүрген алаштың қанаты күйген бозторғайлары босқа шырылдап өтпек пе дейсiң. Әлде, мемлекет қазiргi қолданып жатқан қуаты ешкi құйрығындай бұқаралық шараларына қоса бiтiмi басқа батылдау қадамдарға баруы керек пе?
Жалтақтық пен жасықтық, жарамсақтық пен жағымпаздық бiздiң атамыздан қалған мұра емес шығар, ес жиып жан-жағымызға қарасақ қайтедi? Бүгiн бiр көршiмiз өз тiлiн мемлекеттiк тiлiмiзге айналдырып, екiншi көршiмiз ел экономикасының үштен екi бөлiгiн иемденiп отырса ертеңгi күнiмiз не болады? Бауыр жаза алмай қала бермекпiз бе?
Бiз осы өзiмiз құлдық қамытынан шыға алмай жатып, Шанхай шаңырағына, Еуропалық ынтымақ одағына, немесе араб әлемiне билiк жасауға ұмтылатынымыз қызық. Одан да осы түлкiқұрсақ күйiмiзбен-ақ Тәуелсiздiк алып, өз әлiмiзше күн кешсек күнә бола ма? Аштығын бiлдiрмей, желкесiн күжiрейтетiн қасқыр сияқты тектiлiк танытсақ болмас па? Кiсi есiгiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол деген де бар. Ардың құлы болып, Намыстың туын көтерсек қайтедi?
Жiгерiмiздi жүндей түткен жиырма жыл өтiп барады. Ендi шешiм айтар кездi өткiзiп алмасақ. Ата заңға күш қосатын пәрмен керек. Ондағы орыс тiлiн мемлекеттiк тiлмен теңгерген мәртебенi жою күн тәртiбiндегi кезек күттiрмес өзектi мәселе. Соны шешсек – еңсемiз көтерiлiп, бойымыз тiктеледi. Сонда бiз тiлiмiздi қорғайтын қамал соға аламыз. Сонда ғана бiз елдi қорғай аламыз. Сонда экономикамызды да жандандыра аламыз. Сонда ғана қазақ бүгiнгiдей "ұлы бiрлiктiң арқасында" көшеде алақан жайып, қанында болмаған "кәсiппен" айналыспайды. Сөзбұйдаға салынбай, осы бағытқа ойысқанымыз жөн сияқты.
Шала туған заңдар мен заңсыздықтан ел қажып болды. Тегеурiндi заңдар керек. Тегеурiндi заң болса, әдiл сайлауға да қол жетер едi-ау! Сонда ғана Тасбай Симамбай мырза секiлдi рухани мүгедек, мәңгүрттер билiк сатысынан бұлаңдамас едi деп ойлайсың.
Тегеурiндi заң болса – туған тiлiм де тиiстi тұғырына қонар едi деп сенем. Сондай тегеурiндi заңға сәйкес елiмiзде балабақша тек қазақ тiлiнде ғана жұмыс iстеу керек. Сонда елiмiздегi мемлекетқұрушы ұлт қазақтан басқа "130" диаспораның (орыс та соның iшiнде) ұрпағы бес жылдан кейiн қазақша бұлбұлдай сайрайтын болады. Сол тегеурiндi заңға сәйкес елiмiздегi мектептер жас түлектi тек қазақ тiлiнде оқытатын болады. Сонда ғана он жылдан кейiн әрбiр орыс баласы Абай жырын қазақ тiлiнде мәнерлеп оқудан бәсекеге түсетiн болады.
(Елiмiздi мекендеген өзге ұлттың өкiлдерiн диаспора деп жатсынғандықтан айтып отырғаным жоқ, олардың әрқайсында барар жерi – қандастары тұратын төл отаны бар, ал өз отанында отырған қазақта Қазақстаннан басқа барар жер бар ма?)
Әлгi тегеурiндi заңға сәйкес жоғарғы мектептегi дәрiс тек қана қазақ тiлiнде оқылатын болады. Сонда ғана парламент ана тiлiмiзде заң талқылап, Үкiмет қазақ тiлiнде ел алдында есеп беретiн болады. Сонда ғана Елбасы қай мемлекетке барса да қазақ тiлiнде сөйлейтiн болады. Сонда ғана қазақ елiн әлем шын мәнiнде ел деп мойындайтын болады. Бiзге, мiне, сондай заңдар керек. Мезгiлi келдi. Негiзi де пiсiп-жетiлдi. Бүгiн олар ауадай қажет.
Тiлдi көп шығынсыз меңгерудiң тиiмдi жолы, мүмкiн, осы болар. Бұл өзге тiлдi жою деген сөз емес, мемлекеттiк тiлден басқа тiл тұрмыстық тiлден аспасын деген сөз. (Әлем тiлдерiн меңгеру – әркiмнiң өз еркi.) Ал К.Мәсiмовтың Қазақстан халқы 10 жылдан кейiн түгелдей қазақша сөйлеп жүре бередi деген тұжырымын неге сүйенiп айтқанын түсiне алар емеспiн. Бiздiңше, бұл үмiттен гөрi болжамға, болжамнан да гөрi қиялға жуық тұрлаусыз байлам. (Шахновичтiң беймаралдығы сол Мәсiмовтың тұжырымына иек артқандықтан болар.)
"Түркiстан" газетi осы сұхбат арқылы өзге қазақтiлдi басылымдарға тың жол көрсеттi деп түсiнем. Өйткенi бұрын-соңды мұндай әрекет (орыстiлдi лауазым иелерiн сөйлету) басқа газеттер тарапынан бой көрсете бермейтiн. Бiз өз қандастарымызбен өз тiлiмiзде жоғарыдағы тақырыпқа аз айтып жүрген жоқпыз. Тамақ қарлығатындай-ақ болды. Бiрақ арасында өзге жұртты да тыңдау керек емес пе? Қарсыласыңды бағаламай, оның сырын аңдамай тұрып оған сан тарап талап қою, немесе соны орындай қоймадың деп кiжiну оғаштық болар едi.
Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын