"АҚЫНДЫҚТЫ АЙТ, ЕРЛIКТI АЙТ..."

"АҚЫНДЫҚТЫ АЙТ, ЕРЛIКТI АЙТ..."

"АҚЫНДЫҚТЫ АЙТ, ЕРЛIКТI АЙТ..."
ашық дереккөзі
240

Ұзынағашта Жамбыл атындағы аллея ашылды

Әкiмшiлiк үйiнiң жанындағы кең көшенiң елу, алпыс метрдей жерiн алып жатқан аллея ерекше сәнiмен көз тартады. Төр жағында мәрмәр тастан жасалынған биiк тұғырда Жамбыл бабаның бөрiктi бюстi тұр. Арғы жағында Алатаудың шалқар көрiнiсi. Бетiне абыз ақынның ұрпаққа аманат сөзi жазылған. "Ақындықты айт, ерлiктi айт, батырлықты айт, ел бiрлiгiн сақтаған татулықты айт!". Қапталында Республика Президентiнiң арнау сөзi бар. "Ұлы жыршы Жамбыл қазақтың дәстүрлi әдебиетiнiң аса дарынды асқақ жаратылған алып өкiлi. Н.Назарбаев".

Ескерткiш биiк талғаммен жасалынған. Кеудесiне түскен ақ күмiс сақалы, жағалы шапаны, шуақ шашқан жүзi кiм-кiмнiң де жанына жылылық ұялатады. Бюстiң оң жағында киелi Қызыл жолбарысы жер бауырлап жатыр. Ал сол жағындағы тұғыртасқа ынтымақ, бiрлiкке шақырған өсиет өлеңi жазылыпты.

Айнала өрнектi шамдар. Солардың астыңғы жағында арқалы сәндi орындықтар. Қос қапталдағы қауыздан суы жоғары шапшыған бұрқақ. Көктем, жаз, күз айларында ұзынағаштықтардың тамаша тынығатын орны.

Аллеяны Алматы облысының әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетов ашты.

Ол өз сөзiнде бұл бюстiң және аллеяның Тәуелсiздiктiң арқасында ашылып отырғанын, исi қазаққа Абай ортақ, Жамбыл ортақ екенiн, биылғы жылдың өзiнде осы облыста бiраз ескерткiштер орнатылғанын, таяуда Кербұлақ ауданында Жетiсуда ел билеген Тезек төренiң, Сүйiнбай ақынға алдағы жұмада Талдықорға қаласынан ескерткiш ашылатынын атап өттi. Осыдан бiраз жыл бұрын Жамбыл бейiтiнiң басына барғанда атақты күйшi Нұрғиса Тiлендиев тiзерлеп отырып, көзiне жас алып тұрып: "Жамбыл жәке, маған жаныңнан жарты метр жер бер. Жаныңда болайын" деп айтқанын естiгенiн, кейiн күйшi ауруханада "Серiк, менiң көрер күнiм аз қалды. Көрде тыныш жатсын десеңдер Жамбыл жәкемнiң жанына жерлеңдер. Кейiн менi де сағынатын кездерiң болады әлi" деп аманаттағанын, өмiрден озғанда сол аманатын орындап басына ескерткiшiн қойғызғанын айта келiп, бұл ауылдан әлi талай халық таланттары шығатынына сенiм бiлдiрдi.

Жазушы Орысбай Әбдiлдаұлы:

"– Жамбыл атамыздың ұрпағына айтқан мына бiр өлеңiн көбiмiз жатқа бiлемiз.

Балалар, аманбысың, шырақтарым,

Майысып, көлге бiткен құрақтарым,

Жүрмесем есендесiп тұра алмаймын,

Iшiнен асып кетсе бiр аптаның,– деп бүкiл ұрпақтарын бауырына басып өткен жан едi. Атамыз туралы әңгiме көп. Оны бiр кеште айтып тауысу мүмкiн емес. Бiз осы Жамбыл ауданының түлектерi болған соң оның жүрiп өткен жолдарын үлгi тұтамаз, өлең-жырларын жатқа оқимыз. Оның өлеңдерi жанымызға қуат бередi. Ол бiздiң елдiң, жалпы қазақ деген халықтың бағына жаралған. Ақын қашанда халықтың сөзiн сөйлеп, жырын жырлады,"– деп, атаға арнаған "Абыз-аңыз" атты өлеңiн оқыды.

Осы игiлiктi iске Жамбылдың жалғасы Әлiмқұл ақсақал қол жайған жұртқа батасын бердi.

Қар жауып тұрды. Бiрақ, суықтықты сезiнген жан болмады. Құрманғазының, Нұрғисаның күйлерi орындалды. "Құлансаз" фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблiнiң өнерпаздары көпшiлiкке өнерлерiн көрсеттi.

Ақын Есенқұл Жақыпбеков жиналған қауымға: "Жамбыл бабамыздың бұл аллеясында бiз ендi жыл сайын ақындар мүшәйрасын өткiзетiн боламыз",– деп қуанышын бiлдiрiп жатты. Ұлы ақын аруағы баршаны қолдайтынына бәрi де бек сенiмдi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары