Қырғызстан: ОЙЫННАН ОТ ШЫҚПАСА БОЛДЫ

Қырғызстан: ОЙЫННАН ОТ ШЫҚПАСА БОЛДЫ

Қырғызстан: ОЙЫННАН ОТ ШЫҚПАСА БОЛДЫ
ашық дереккөзі
439

10-қазанда өткен сайлаудың нәтижесiн шығару Қырғызстанда бүгiнгi күннiң ең басты мәселесi болып қала беруде. Апта басында Орталық сайлау комиссиясының кезектегi отырысын өткiзген комиссияның төрағасы Ақылбек Сариев сайлау учаскелерiнде дауыс бергенi жөнiнде тiзiмге тiркелген сайлаушылар мен бюллетеньдердiң санының сәйкестiгiн анықтау әлi аяқталмағанын хабарлады.

Еске сала кетсек, сайлаудың алдын ала нәтижесiн шығаруда 198 мың бюллетень артық болып, ол комиссияға нақты шешiм шығаруға кедергi келтiрген-дi. Осы артық дауыстардың салдарынан "Бүтiн Қырғызстан" партиясы ет пен шелдiң ортасында – бiр аяғы жерде, бiр аяғы төрде тұр. Парламентке өтудiң белгiленген 5 пайыздық босағасы қосымша "дауыс берушiлердiң" санының салыстырмалы өзгерiп кеткенiне байланысты партияның парламенттiң құрамына кiрер-кiрмесi қазiрше дүдамал.

"Бүтiн Қырғызстан" наразылық акцияларын жер-жерде өткiзiп, шала бүлiнiп жатқанда, 23-қазан күнi намаздыгер-намазшамда Бiшкекке iргелес Шоң Арық ауылында тосын оқиға болды. Сайлауда ең көп дауыс жинаған оппозицияшыл "Ата Жұрт" партиясының теңтөрағасы Қамшыбек Ташиев және оның оққағарлары мен Ұлттық қауiпсiздiк мемлекеттiк қызметiнiң (ҰҚМҚ) сарбаздарының ортасында қақтығыс болған.

Қамшыбек Ташиевтiң айтуына қарағанда, оқиғаның мән-жайы төмендегiдей: 23-қазан күнi, кешкi бес жарымдарда елуге жақын адам Ташиевтiң үйiне баса-көктеп кiрмек болған. Әлгiлер ауланың сыртындағы күзетшi жiгiттi ұрып-соғып жатқанда iштегi күзетшiлер тысқа ұмтылған. Iле-шала ауладан шыққан Ташиевтi шабуыл жасағандар тапаншаның дүмiмен басына ұрмақ болғанда, ол бiлегiн тосып қорғанып, қолынан жарақат алады. Белгiсiз адамдар мылтық атып, бiрақ оқ Ташиевке тимей қалған. Төбелес Ташиев адамдарының жеңiсiмен аяқталыпты. Бұзақылар ҰҚМҚ-ының офицерлерi және сарбаздары екен.

ҰҚМҚ-ының төрағасы, генерал Кеңешбек Дүйшебаевтың айтуынша, оқиға былай өрбiген: ҰҚМҚ-ының қызметкерлерi сол күнi Шоң Арық ауылында есiрткi сақтаған және оның саудасымен айланысқан адамдарды ұстау үшiн арнайы операция ұйымдастырған. Қызметкерлердiң көлiгi Ташиевтiң үйiнен 200 метрдей жерде тоқтап тұрған.Ташиевтiң ауласын күзеткен жiгiттер ҰҚМҚ-ының бiр қызметкерiн ұстап алып, аулаларына кiргiзiп, сабай бастаған. Қызметкерлер өздерi аз болған соң, жедел түрде он сарбазды шақыртып алып, серiктерiн құтқаруға барған. Дәл сол сәтте Ташиев те есiк алдына шыққан. ҰҚМҚ-ының қызметкерлерi қорқыту үшiн аспанға оқ атқан.

Жұртшылық қайсысына сенерiн бiлмейдi. Сондықтан, алып-қашпа әңгiмелер көп. Ташиевтiң адамдары қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң үш тапаншасын, Калашников автоматының төрт қорамсағын және Марат Садиев деген майордың қызметтiк куәлiгiн тартып алған. "Ата Жұрт" тарапынан Ташиев қана жеңiл жарадар болыпты. ҰҚМҚ-ының жарақат алған үш офицерi ауруханада емделуде.

Қамшыбек Ташиев және "Ата Жұрт" партиясының екiншi теңтөрағасы Садыр Жапаров оқиғаға әдейi ұйымдастырылған деп баға бердi. Жапаровтың ойынша, қауiпсiздiк қызметкерлерi Ташиевтiң үйiне есiрткi мен қару-жарақ тастап қоймақ болған. Олар кейiнiрек "бiзде мәлiмет бар" деген сылтаумен Ташиевтi заттай айғақпен ұстауды жоспарлаған.

Қазiр Қырғызстанның әскер прокуратурасы оқиға бойынша "Қызмет бабын қиянат пайдалану" және "Билiк өкiлiне қарсы күш қолдану" деген екi статьямен тергеу амалдарын жүргiзуде. Ақырғы сөздi солар айтады.

Оқиға болған күннiң ертеңiне, жексенбi күнi Қамшыбек Ташиевтi Президент Роза Отынбаева қабылдап, тергеу iстерiн өзi назарға алатынын айтты.

Бұл келеңсiз жәйт билiктiң тапсырысымен болуы мүмкiн деп айтуға ауыз бармайды. Өйткенi, дәл қазiргi күндерi Қырғызстанда бiр ғана билiк бар. Ол – Президенттiң билiгi. Үкiметтiң шаруашылықпен басқада iсi жоқ. Президент өзiнiң әдiл позициясын сайлау уағында көрсеттi. Әкiмшiлiк ресурстарды пайдаланбай, сайлаудың ашық-айқын өтуiне жағдай жасап бердi.

Қайткен күнде де бұл оқиға Ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң беделiне зор нұқсан келтiрдi. Осыдан он шақты күн бұрын Қырғызстанның бас прокуроры, кәнiгi чекист Кубатбек Байболов бұл мекеменi қатты сынға алған едi.

Бiр топ ереуiлшiлер ҰҚМҚ-ының төрағасы Кеңешбек Дүйшебаевты отставкаға кетiрудi сұрап, мемлекет басшысына талап қоюда.

Ереуiл демекшi, митинг, пикет, демонстрациялар Қырғызстан үшiн күнделiктi көрiнiске, саяси шешiмдi қабылдатудың әдiсiне айналды. Мысалы, сайлауда жеңiске жеткен партиялардың қатарындағы "Ар-Намыс" ереуiл арқылы сайлаудың ресми қорытындысына ықпал жасамақшы, "Бүтiн Қырғызстан" партиясын парламенттiң құрамына кiргiзудi талап етуде. Партия жетекшiсi Феликс Кулов "бәрi заң аясында болады" деп сендiрiп отыр. Бiрақ, "ойыннан от шығып кетпес пе екен" деп қауiптенгендер аз емес.

Бiшкек қаласының Iшкi iстер басқармасы жыл басынан берi Бiшкекте 222 ереуiл болғанын жариялады. Олардың 124-i саяси, 98-i әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi арқау еткен. Экономист-сарапшы Айылчы Сарыбаевтың айтуынша, ереуiлге қатысатын адамдардың басым көпшiлiгi жұмыссыздар, арасында болмашы ақшаға жалданатындар да бар.

P.S. Кеше Фелику Кулов сайлаудың нәтижесiн бiр апта күтетiнiн, оған дейiн жұртшылық ереуiлге шықпай тұратынын баспасөз мәслихатында бiлдiрдi. Бұрынырақ «Ар-Намыс» партиясы 27-қазан күнi 5 мың адам жинап Бiшкектiң орталығында митинг өткiзедi екен деген хабар тараған.

Назарбек Байжiгiтов,

Бiшкек қаласы

Серіктес жаңалықтары