КЕМЕНIҢ АРБАҒА МIНГЕН КЕЗI

КЕМЕНIҢ АРБАҒА МIНГЕН КЕЗI

КЕМЕНIҢ АРБАҒА МIНГЕН КЕЗI
ашық дереккөзі
166

Мәскеудiң экс-мэрi Юрий Лужковтың үстiнен қылмыстық iс қозғалуы мүмкiн

Өткен аптада Ресей президентi Дмитрий Медведев Мәскеудегi шағын кафеде бiрқатар белгiлi музыканттармен бейресми жағдайда кездестi. Андрей Макаревич, Борис Гребенщиков, тағы басқа бiрқатар әншiлер әрi табиғат қорғаушылармен Мәскеу-Санкт-Петербург автобаны туралы әңгiме қозғаған. Әңгiме үстiнде Мәскеудiң жаңа мэрi кiм болатыны туралы да сөз болды. Ал бүгiн, түскi сағат 3-те Мәскеу қалалық Дума депутаттары Сергей Собяниндi орыс астанасының мэрi етiп сайламақшы. Осының бәрi Ресей қоғамында бұрынғы қала басшысы туралы пiкiр қайшылығын одан әрi өршiте түстi.

Көне Русь үшiн ауыз толтырып айтарлықтай елеулi еңбек сiңiрместен орыс жылнамаларында аты мәңгiлiкке сақталып қалған аңыздық князь Юрий Долгорукийдiң бар бiтiргенi — Мәскеу қалашығының iргетасын қалауы болып саналады. Ал уақыт тұрғысынан кез келген ежелгi ұсақ князьдардан гөрi Мәскеудiң тiзгiнiн уысында ұзақ ұстаған және жеке-дара билiк жүргiзген Юрий Лужков та өз iзiн тарихта қалдырып үлгерген сияқты. Юрий Михайлович Мәскеудi сонау 1992 жылдан берi, 18 жыл бойына үздiксiз басқарып келдi. Оның жақында өз қызметiнен күтпеген жерден босатылуы қоғамда сан түрлi алып қашпа әңгiмелер тудырып, екiұдай қоғамдық пiкiрдiң қалыптасуына әкелiп соққан едi. Әрине, кiсi есiмi тарихта қалу немесе қалмау мәселесi философиялық сұрақтардың қатарына жатады. Ал мәскеулiктердiң Юрий Лужков туралы: "Юрий Долгорукий бiздiң қолымызды ұзартты, Юрий Лужков сазға отыратын жолымызды ұзартты" деген астарлы, ащы әзiлдерiнiң тасасында шарасыздық басым. Өйткенi, Мәскеудi көлiк кептелiстерi бүгiнгi қала өмiрiнiң, Еуропадағы аса iрi мегаполистiң аянышты кейпiнiң нақты шындығы. Осыдан бiраз Ресей президентi Дмитрий Медведев "президеннттiң сенiмiн ақтамауына байланысты" Мәскеу мэрiнiң құзырын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Әйгiлi Юрий Лужковтың құзыры 2011 жылдың ортасында аяқталуға тиiс болатын. Юрий Лужковпен қарым-қатынасы ешқашан достық рәуiште, жылы ниетте болып көрмеген Борис Немцов Лужков қызметiнен түсiрiлген соң, оған қарсы қылмыстық iс қозғалуға және билiк басындағы жемқорлыққа қарсы шешiмдi күрес басталуға тиiс деп мәлiмдедi. Борис Немцов мырзаның бұлай мәлiмдеуiнiң де себебi жетерлiк.

Мәскеу — ядролық державаның аса iрi астанасы ғана емес, сонымен бiрге ол Ресей экономикасында ерекше орын алатын бiрден бiр қала. Кейбiр деректерге қарағанда, Мәскеуде Ресейдiң бүкiл қаржысының 80 пайызға жуығы айналымда болса, елдiң ЖIӨ-нiң 70 пайызға жуығы осы қалада өндiрiлетiн көрiнедi. 11 миллион адам тұратын мегаполисте Ресейдегi ақша айналымының басым бөлiгi, дәлiрек айтсақ, төрттен үш бөлiгi жүзеге асырылып келдi. Сөйте тұра, қалада айтарлықтай ештеңе өндiрiле қоймаған. Қалалық Думадағы 35 депутат ештеңе шеше де қоймайтын. Мұның өзi қала басшысының аса зор билiк тетiктерiн өз уысына жинақтауына мүмкiндiк әпергенi айтпаса да түсiнiктi. Қалыптасқан жағдай бiр кездегi аса iскер, қала тiршiлiгiнiң әрбiр ерекшелiгiн тамыршыдай тап басуымен тұрғындардың алғысына бөленiп келген Юрий Михайловичтiң аса жауапты қызметiнде елеулi кемшiлiктердiң орын алуына әкелiп соқтырды. "Справедливая Россия" партиясының жетекшiсi, Федерация Кеңесiнiң спикерi Сергей Мироновтың "Отбасы бизнесi мен билiктi ұштастыру керi нәтижелер алып келдi. Отбасыға бүйрегi бұру табанды шаруакештiң жақсы ойларын терiске айналдырды", деуiнiң терең мәнi бар. Әсiлi, Мәскеу қаласына басшы болғандардың көбiнiң тағдыры аянышты аяқталатыны тарихтан жақсы мәлiм. Тiптi, турасын айтсақ, қала тарихының өзi билiк иелерiнiң қатыгездiгi, қаратүнек күштердiң қанды әрекеттерi және қарапайым, кiнәсiз жандардың бейкүнә өлiмдерi, түрлi төңкерiстермен үнемi астасып жатқаны аңғарылады. Мистика мен өмiрдiң аяусыз шындығы шиеленiсiп жатады. Мәселен, кеңес дәурiнiң өзiнде-ақ Ленинград ақсүйектiк тәлiм-тәрбие, рухани деңгейi аса жоғары көркем қала деп саналса, Мәскеу зұлымдық, қатыгездiк пен ызбарлы бюрократия қаласы ретiнде жұртқа жеккөрiнiштi едi. Бiр сөзбен айтқанда, "большая деревня"! Тiптi, бұл қатыгез қаланың көз жасына сенбейтiнi туралы сөз ежелден тараған. "Москва слезам не верит!" Одан кейiнгi кезеңде Мәскеу бiр мысқал да жақсара қоймағаны белгiлi. Зады, қала тарихы әу баста қалай басталса, өмiр бойы солай жалғаса беретiн сияқты, яки қалалардың өз пешенесiне жазылған жазуы бар. Өйткенi, Ресей астанасының алғаш iргетасы қаланды деп саналатын ХII ғасыр зұлымдық пен қантөгiске, қатыгездiк пен сатқындыққа толы ғасыр болатын. ХII ғасырдағы Ростов-Суздаль князi Юрий Долгорукий әйгiлi Владимир Мономахтың алтыншы ұлы, Рюриктер әулетiнен тараған әмiршi едi. Көне орыс тiлiндегi аты Гюрьги, Дюргьи, ал шоқындырылғанға дейiн Ярослав деген атпен және зұлымдығымен әйгiлi едi. Ол "Слово о полку Игореве" дастанынан баршаға белгiлi екiжүздi князь Игорь Святославовичтiң әкесi, Новгород әмiршiсi Святослав Ольговичпен сауық-сайран құру үшiн 1147 жылы Мәскеу маңына ат басын тiрейдi. Суздаль бояры Степан Иванович Кучко Мәскеу өзенi бойындағы көптеген селоларға әдiл билiк жүргiзетiн. Iштар, көрсеқызар әрi қатыгез князь Юрий Долгорукий Кучконың мал-мүлкiне, байлығына қызығып, оны зұлымдықпен өлтiрiп, мал-мүлкiн, мүккамалын, адамдарын өзi иеленедi. Ол — ол ма, жауыз князь Степан Кучконың сұлу қызы Улитаны озбырлықпен өзiнiң ұлы Андрейге әйелдiкке әпередi. Сөйтiп осынау әсем орман арасында, сұлу өзен жағасында жаңа қалашық салуға әмiр берген. Жаңа қалашық көп уақыт бойы Кучко деп аталып келдi де, келе-келе Мәскеу өзенiнiң атымен Мәскеу атала бастады. Бiр ғажабы, ұлы князь атағын армандайтын Юрий Долгорукий бүкiл ғұмырын Киев тағын иелену үшiн күреспен өткiздi. Дегенмен, зұлымдықтың аяғы да зұлымдықпен бiтетiнi өмiр шындығы. 1157 жылы көтерiлiске шыққан киевтiктер озбыр Юрий Долгорукийдiң өзiн де аяусыз бауыздап өлтiрдi.

КСРО-ны ұзақ билеген Л.И.Брежневтен де гөрi көбiрек уақыт Мәскеудi ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Юрий Михайлович Лужков та өзiн сыртқы саясаттан тысқары санаған емес. Әсiресе оның демократ Ющенко билiк тiзгiнiн ұстаған Украинаға жасаған дөңайбаттары, Севастополь мен Қырым тарихы туралы қисынсыз сөздерi, Қара теңiз флотына иек сүйей отырып, тәуелсiз Киевке күш көрсетуге ұмтылуы таяз популистiкпен ұштасып жататын. Оның орынсыз сөздерi Юрий Михайловичтi орыс тоғышарлары мен өресi тар, әсiре патриоттарының сүйiктiсi еткенмен, сабырлы, бiлiктi саясаткерлер арасында үнемi күлкiге қалдырып жүретiн. Сондықтан қазiр киевтiктердiң Лужковқа деген өкпесi тарқай қойды дей алмайсыз. Аңыздық Юрий Долгорукий 60 жасқа таяу өмiр сүрсе, Лужков қазiрдiң өзiнде 74 жасқа келiп отыр. Сабырсыз, тоңмойындау Юрий Михайловичтiң билiктен кетуiн Ресей оппозициясы бiрауыздан қолдады, әсiресе, табиғат қорғаушыларының қуанышында шек жоқ. Өйткенi, қала мэрi болып тұрған шағында қала көшелерi мен алаңдарында талай рет гей-парадтар ұйымдастыруға рұқсат берген Юрий Лужков мырза оппозицияның түрлi митингiлерiн қатыгез Мәскеу милициясының сойылымен қуып тарқатуға әбден төселген болатын. Тiптi, қатыгездiгiмен аты әйгiлi болды.

Кемеңгер халқымызда "Арбаның кемеге мiнетiн кезi де, кеменiң арбаға мiнетiн кезi де болады" дейтiн ұлағаты бар. Өмiрдiң алдамшылығын, дүниенiң жалғандығын тұспалдап айтқаны. 18 жыл бойына үздiксiз Мәскеу тiзгiнiн ұстаған Юрий Лужков та қызметiнен үлкен дау-дамаймен кетiп отыр. Оған Мәскеу-Санкт-Петербург жолын салу үшiн Химкидiң қайталанбас, бiрегей орманын отау жөнiндегi бұйрығы сылтау болды деу де мәселенiң бер жағы ғана. Қаладағы көлiк мәселесi, жүгенсiз коррупция, рейдерлiк, қала қарызының шектен тыс ұлғаюы да әйгiлi қалаға абырой әпермей қоймайтын. Ең бастысы, қала бүгiнгi нарықтық қарым-қатынастарға мүлдем бейiмделмеген болып шықты. Мәскеу құрылыс кешенiнiң жылдық айналымы 14 млрд. долларды құрайды және қала әкiмшiлiгiнiң қатаң бақылауында. Әсiресе, әкiмшiлiк кедергiлер аса мол екенi, көбiне бұл кедергiлердiң федералдық заңнамаларға қарама-қайшы екенi белгiлi болатын. Тiптi, биылғы жазда Мәскеудегi қапырық ыстық пен қаланы тұмшалап жатқан ыс пен қалың түтiннен ажалынан бұрын өлген 60 мың адамның жоқтаушылары да жоқ. Мәскеулiктердiң енжарлық пен тоғышарлыққа бой алдырғаны сонша, қала үйлерiнде кондиционер орнату үшiн 60 мың рубль ақша төлеуге мiндеттi болған. Федералдық заңдарға түбегейлi қайшы келетiн осынау ережеге де ешкiм қарсылық танытуды жөн деп санаған емес. Сiрә, жұрттың бәрi қала мэрiне еш амал қыла алмайтынына әбден етi өлiп кеткен секiлдi. Юрий Михайловичтiң сыншылары — Александр Лебедев, Владимир Жириновский, Леонид Гозман, Сергей Доренко, тағы басқалар экс-мэрдiң әйелi Елена Батурина ханым миллиардтаған долларлық байлығын күйеуiнiң қызметiн пайдаланып жасағанын айтады. Ал "Солидарность" қозғалысының лидерi Борис Немцов осыдан бiраз бұрын "Лужков. Итоги" деген баяндама жасағаны белгiлi. Онда да қала мэрiнiң Елена Батурина фирмасына ерекше тиiмдi жағдай жасағаны, кодекс бойынша Юрий Лужков әйелiнiң орасан зор байлығының жартысына ие екендiгiн айтқан болатын.

Ресейдегi Көлiк шаруашылығына басшылық жасайтын вице-премьер, федералдық үкiмет әкiмшiлiгiнiң басшысы болып қызмет атқарған Сергей Собянинге ауыр мұра қалып отыр. Ол өз жұмысын Мәскеудiң қалалық Дума депутаттарының санын 45-ке, тiптi 100-ге жеткiзуден бастауы мүмкiн.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары