ЖҮРЕКПЕН ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР

ЖҮРЕКПЕН ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР

ЖҮРЕКПЕН ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР
ашық дереккөзі
344

Өткен аптада Алматыдағы Жазушылар үйiнде белгiлi қоғам қайраткерi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қызметкерi және денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi Амантай Бiртановтың 3 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесiлдi.Оны Қазақстан Жазушылар одағы мен Алмалы ауданы әкiмшiлiгi бiрiгiп ұйымдастырды.

"Бұған дейiн де өзiнiң жинағын шығарған бiраз дәрiгер ағаларым бар едi. Менiң шығармаларымның өзгешелiгi – соңғы кiтаптарымның барлығы ауруханада жазылған туындылар болды. Жалпы осы уақытқа дейiн 11 кiтап жазыппын", – дейдi Амантай Бiртанов.

Дәрiгердiң үш томдық жинағына бұрын жарық көрген "Өмiр туралы ойлар" ғұмырнамалық хикаясы мен "Ұрпағыма хат", "Өмiр өрiнде" деген шығармалары енген екен. "Қолыңыздағы кiтаптың табиғаты, болмысы мен бiтiмi бөлек. Өйткенi, ол – кiтап туралы, автордың кiтаптағы өмiрi туралы кiтап. Әдетте кiтап туралы ғалымдар, әдебиет сыншылары жазып жатады. Ал мына кiтаптың авторлары – оқырмандардың өздерi. Олардың мамандықтары да, кәсiптерi де әртүрлi, атқарып жүрген қызметтерi де басқа-басқа", – деген екен Жанғара Дәдебаев. Шындығында да, бұл кiтаптың жөнi де, жолы да басқа. Сыршыл, жүрекке жылы тиетiн өмiр туралы ойлары оқырманын ерiксiз өзiне баурайды. Бұл сөз сиқырының құдiретiнде жатқан шығар, бәлкiм.

"Бүгiн ауданымыздағы ерекше және жақсы бiр кеш болып отыр. Бiз оны өткiзу үшiн осы қара шаңырақты бекер таңдап алған жоқпыз. Бүкiл әлемге өзiмiздiң қазақ екенiмiздi, болашағы зор ел екенiмiздi жазушылардың кiтабы арқылы жеткiземiз. Амантай ағамыз денсаулық сақтау iсiне, әсiресе жүрек ауруын емдеуге көп үлес қосты. Өзi ғана емес, бала-шағасын да осы салаға бағыттады. Бұл қаламмен емес, жүрекпен жазылған шығармалар. Сол себептi ол бiзге жылы", – дедi кездесуде сөз алған Алмалы ауданының әкiмi Марат Пiрiнбеков.

Үш томдықтың тұсаукесерiне елге белгiлi қаламгерлерiмiз бен зиялы қауым өкiлдерi жиналып, өздерiнiң жылы пiкiрлерiн бiлдiрдi. Амантай Бiртановтың үш томдық шығармалар жинағы бiр кiтапқа топтастырылып, жинақталғанымен, әр бөлiмiнiң өзi бiр томның жүгiн арқалап тұр. Сондықтан, дәрiгердiң өмiрде көрген, көңiлге түйген дүниелерi оқырман үшiн қызықты болары сөзсiз.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары