ҚАРТТАР КҮНI АТАП ӨТIЛДI

ҚАРТТАР КҮНI АТАП ӨТIЛДI

ҚАРТТАР КҮНI АТАП ӨТIЛДI
ашық дереккөзі
312

Қарттар мерекесi 1991 жылдан берi кең көлемде аталып келедi. Қазан айының бiрiншi жұлдызына тап келген мейрам жыл сайын ескiнiң көзiндей болған қазыналы қарттарымыздың бiр сәтке болса да көңiлiн көтерiп, өмiрiне қуаныш сыйлауда үлкен тәрбиелiк мән атқаратыны белгiлi.

Өмiр алма-кезек. Елiмiздiң кешегi басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдерiне куә болған өрiмдей қыз-жiгiттер бүгiнде жетпiс пен сексеннiң сеңгiрiне шықса, бергiсi алпысты алқымдаған қариялар. Мiне, сол көптi көрген, елiмiздiң тәуелсiздiк жолына қадам басқан күндерiн мақтана, тебiрене жеткiзетiн қарттарымыз күн санап азайып бара жатыр. Бiз оларды құрметтеуiмiз керек! Олар қазақ елiнiң кешегiсi мен бүгiнгiсiн сабақтастыра отырып, келешек ұрпақты тәрбиелейтiн шежiрешiлер. Мәндi де мағыналы әңгiмесiн "Бiз де жас болғанбыз" деп бастап сонау жастық шақтан күнi бүгiнге дейiн басынан өткерген өмiр баспалдақтарынан сыр шертетiн қариялардың әрбiр ұлағатты сөзi өскелең ұрпаққа мол тәрбие. Өйткенi, бүгiнгi жастар да ертеңгi қария, ұрпақ тәрбиелейтiн ата-әже. Сондықтан да Қарттар мерекесiн ұрпақ сабақтастығынан туып отырған салиқалы мейрам деуге негiз бар.

Қарттар мерекесi елiмiздiң барлық өңiрiнде дәстүрлi түрде аталып өтедi. Бұл күндерi еңсесi түсiп, өн бойын қарттық жеңе бастаған қариялар мәз-мейрам болысты. "Нұр Отан" ХДП-ның Алматы қалалық филиалы да Ұлы Отан соғысы ардагерлерi, мүгедектер мен зейнеткерлердiң басын қосып, мерекелiк ас ұйымдастырды. Бұл қайырымдылық акциясына жиналған 70-тен астам қартты "Нұр Отан" ХДП-ның Алматы қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Аманкелдi Кәрiмоллин құттықтап, зор денсаулық тiледi. Ол өз сөзiнде, бүгiнгi ұрпаққа бейбiт өмiр сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерi қатарының сиреп бара жатқандығын айта келе, жастардың батыр аталарымыз бен апаларымызды көздiң қарашығындай құрметтеуi керектiгiн тебiрене жеткiздi. "Жастарды отансүйгiштiкке баулып, қарттарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлерi мен тыл еңбеккерлерiне құрмет көрсету мемлекеттiк саясаттың басымды бағыттарының бiрi. Бүгiнде осы санаттағы азаматтар мемлекеттiң қарауында. Жыл сайын оларға республикалық қазынадан арнайы жәрдемақылыр берiлiп келедi", – деп атап өттi Амангелдi Кәрiмоллин.

Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының мәлiметi бойынша, қазiр қалада 167 мың зейнеткер тұрады екен. 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында қариялар қаладағы емдеу мекемелерiнде денсаулықтарын қаратып, ем қабылдай алады. "Нұр Отан" ХДП-ның Алматы қалалық филиалы зейнеткерлердi, соғыс ардагерлерiн құрмет тұту мақсатында айлық жариялады. Осы бiр айдың аясында партияның аудандық филиалдары бастамасымен қарттарды қамсыздандыруға бағытталған түрлi iс-шаралар өткiзiлетiн болады.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары