25 МЫҢ ҚЫЗМЕТКЕР АЛАҢДАУЛЫ

25 МЫҢ ҚЫЗМЕТКЕР АЛАҢДАУЛЫ

25 МЫҢ ҚЫЗМЕТКЕР АЛАҢДАУЛЫ
ашық дереккөзі
354

Қазiр жұмыссыздық мәселесi төңiрегiнде әңгiме қайта өршуде. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап республикадағы мемлекеттiк қызметкерлердiң саны 15 пайызға немесе 25 мың адамға қысқарады деген жарлыққа қол қойғаны сол екен, мемлекеттiк салада жұмыс iстейтiндердiң түн ұйқысы төрт бөлiнген.

Әрине, олар елiмiз дағдарыстан ендi ғана сытылып шығып жатқан уақытта жұмыссыз қалудан қорқады. Кейбiрiнiң тiптi, "қысқарту" дегендi естiгеннен-ақ әртүрлi ойдың құрсауында жүргенi жасырын емес. Алайда, бұл арқылы бюджет қаржысын 18,6 млрд. теңгеге (126 млн. доллар) үнемдеуге мүмкiндiк тумақшы. Оның iшiнде 14,3 млрд. теңге республикалық бюджеттiң қаржысы болса, 4,3 млрд. теңге жергiлiктi бюджет қаржысы. Бұл қысқарту негiзiнен құқық қорғау және сот органдарына қатысты болмақшы.

Қалай десек те, елiмiзде жұмыссыздық мәселесi күрделi күйiнде қалып отыр.

Ал, бұл қысқартудың құрығы мұғалiмдер мен медицина қызметкерлерiне тиiп кетпей ме?! Мұндай суық ой кез келген мемлекеттiк қызметкердi мазалап жүр. Әсiресе, қалада тұратын ұстаздар мен дәрiгерлер төменгi айлықпен-ақ күн көрiп, отбасын асырап келедi. Өмiрде ең бiрiншi байлық – денiмiздiң саулығы үшiн медицина қызметкерлерi аянбай тер төксе, мұғалiм – бүгiнгi ұрпақтың бiлiмдi, саналы болуы үшiн жан-тәнiн салып еңбек етуде. Дегенмен, жаңа реформа талайлардың жүрегiне ауыр жүк болып түсетiнi сөзсiз. Жаңа қысқарту кезiнде болашақ тағдырларын мемлекеттiк қызметпен байланыстырған өндiрдей жастар көбiрек қысқартуға ұрынулары ықтимал. Ал оларды әлеуметтiк жағынан қорғау мәселесi түбегейлi шешiле қоймағаны белгiлi. Яғни, олардың алаңдауы әбден орынды.

Жәнiбек ӘШIМ

Серіктес жаңалықтары