ДОСҚАЛИЕВ ҚАМАУҒА АЛЫНБАҚШЫ

ДОСҚАЛИЕВ ҚАМАУҒА АЛЫНБАҚШЫ

ДОСҚАЛИЕВ ҚАМАУҒА АЛЫНБАҚШЫ
ашық дереккөзі
383

Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық iс шым-шытырық оқиғаға айналған iспеттi. Апта басында баспасөз брифингiн өткiзген Экономикалық қылмыс және сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай дәрiгерлердiң министр Досқалиевке жалған диагноз қойғандығы туралы мәлiмдедi.

Бұдан бұрын агенттiк өкiлi министр жатқан палатадан жасырын бейнебақылау камерасы арқылы түсiрiлген материалды көрсетiп, Досқалиевтiң маңайындағы дәрiгерлермен сөйлесiп, қимылдап жатқандығы туралы айтқан болатын. Iле-шала министрдiң "инсульт" алып, ауруханада ес-түссiз жатып, жетi күндей ем алуы ұйымдастырылған сценарий болып шықты. Ұлттық ғылыми медициналық орталығы бас дәрiгерiнiң орынбасары, Консилиум төрағасы Әлiбек Мұстафин тергеушiнiң сауалдарына берген жауабында жалған диагноз қоюға Досқалиевтiң өтiнiшi бойынша амалсыздан бардық деп шындықтың бетiн ашқан. Сөйтiп, бұған дейiн министрдiң денсаулығы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан емдеушi дәрiгерлер қызметтiк өкiлеттiктерiн асыра пайдаланып, Қаржы полициясының тергеу амалдарына кедергi келтiрдi. Олардың үстiнен ҚР "Қылмыстық кодексiнiң" 339-бабы бойынша қылмыстық iс қозғалды. Аталған iске қатысы бар барлық лауазымды тұлғалардың iс-әрекетiне құқықтық баға берiлетiн болады. "Қылмыстық кодекстiң" 339-бабына сәйкес, олар 3 жылға дейiн бас бостандықтарынан айырылуы мүмкiн" дедi баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi Тергеу департаментiнiң бастығы Нұрлан Ауғанбаев.

Қаржы полициясы ұсынған деректермен танысқан №2-шi Сарыарқа аудандық соты министрдi қамауға алуға рұқсат берген. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай: "Досқалиевтiң ауруханада болуына байланысты, сот отырысына келмеуi себептi бұлтартпау шарасы 10 күнге ұзартылды. 10 күн өтiсiмен Досқалиевқа айып тағылып, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 150-бабы бойынша қамауға алу үшiн сотқа ұсынылатын болады. Досқалиев тұрақты гипертониямен ауыратын болғандықтан, қаржы полициясы органдары оған осы клиникада мамандандырылған медициналық көмек көрсету шараларын қабылдауды ұсынды" дедi.

Iле-шала Қаржы полициясы Досқалиев iсiне қатысты тағы бiр тың дерек таратты. Бұған дейiн медициналық академияның жерiн бергенi үшiн министрдiң 2 пәтер, 1 коттедждi иеленгенi айтылса, Жақсылық Досқалиев алған сыйақысының бұдан да көп екендiгi анықталған. "Тергеу барысында Досқалиевтiң пара ретiнде тағы да 6 пәтер алып, оның бiреуiн жақын туысының атына тiркеп, қалған бесеуiн сатқандығы белгiлi болды" дедi Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай.

Алайда, министр Досқалиевтiң қорғаушысы Роберт Шмаль кейбiр басылымдардағы оның "министрдi қорғаудан бас тартыпты" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, керiсiнше, қазiр Досқалиевке заңдық тұрғыдан көмек көрсету үшiн тағы да қосымша қорғаушылар iздеп жатқанын мәлiмдедi. Қорғаушы Досқалиевтiң өзiне тағылған айыптаулармен келiспей отырғанын, денсаулығы мүмкiндiк берген кезде оларды жоққа шығаруға дайын екендiгiн жеткiздi. Естерiңiзге сала кетсек, Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевке қаржы полициясы "лауазымын асыра пайдаланды" деген айып тағып, қылмыстық iс қозғаған. Алайда Досқалиевтi Денсаулық сақтау министрi қызметiнен шеттету туралы әлi ешқандай да ресми құжаттың шықпағанын айта кеткен жөн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары