АСҚАР ТОҚПАНОВ АТЫНДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬ

АСҚАР ТОҚПАНОВ АТЫНДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬ

АСҚАР ТОҚПАНОВ АТЫНДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬ
ашық дереккөзі
218

Қазан айының 25-27 жұлдызында Алматы қаласында республикалық жоғары оқу орны жанынан құрылған студенттiк театрлар арасында ҚР Халық әртiсi, профессор Асқар Тоқпанов атындағы 1-шi театр фестивалi өтедi.

Мәдениет, байланыс және ақпарат министрлiгi, сондай-ақ Алматы, Астана қаласы әкiмдiктерiнiң қолдауымен жүзеге асатын шараның басты мақсаты – қоғамдағы бүгiнгi күннiң өзектi проблемаларына көңiл аудару, театр өнерiн дамыту және жас театрлардың шығармашылық бастамасын ынталандыру, сондай-ақ, қойылымдарда кәсiби мамандардың бiрлескен шығармашылық жұмыстары мен жобаларының iске асуына жағдай жасау болып табылады.

Фестивальге театр сахнасында қойылып жүрген ең үздiк қойылым ұсынылады. Пьесалардың тақырыбына шектеу қойылмаса да, негiзiнен қазiргi заман және қоғам тақырыбындағы туындыларға басымдық берiледi.

Қазылар алқасы фестивальге ұсынылған қойылымдарды бағалау барысында мынадай номинацияларды белгiлейдi: үздiк қойылым; үздiк режиссерлiк жұмыс; үздiк әйел бейнесi; үздiк ер адам бейнесi.

"Заңғар" шығармашылық бiрлестiгi мен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы құрылтайшы болып отырған Асқар Тоқпанов атындағы театр фестивалi М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттiк академиялық драма театрында ашылады. Ұйымдастыру алқасы ұсыныстарды 8-қазанға дейiн Алматы қаласы, Достық даңғылы, 114-үй, 154-бөлмеде қабылдайды.

"Түркiстан-ақпарат"

Серіктес жаңалықтары