ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГИЯ КӨЗIН ҮНЕМДЕУДI ҚОЛҒА АЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГИЯ КӨЗIН ҮНЕМДЕУДI ҚОЛҒА АЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ЭНЕРГИЯ КӨЗIН ҮНЕМДЕУДI ҚОЛҒА АЛАДЫ
ашық дереккөзі
328

Әсем қала – Астанада өтiп жатқан Қоршаған ортаны қорғау және оны дамытуға арналған VI халықаралық конференцияға әлемнiң 62 елiнен экология министрлерi арнайы келдi. Маңызы зор бұл басқосуда Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмов келер жылдан бастап елiмiзде "Жасыл даму" бағдарламасы iске қосылатындығынан хабардар еттi.

Алты күнге созылатын алқалы жиында әр елден келген министрлiктердiң бас мамандары мен сарапшылары қоршаған ортаны қорғау және дамыту мәселелерiн талқылап жатса, қазан айының алғашқы күндерiнде олар басқосуға соңғы нүкте қою арқылы құжаттар әзiрлейдi.

Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмовтiң айтуынша, елiмiз Азия мен Еуропаның даму саласындағы iс-қимылдарын бiрiктiру туралы бастама көтермекшi. "Жасыл даму" бағдарламасының негiзгi дiттегенi де – қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату. Екiншiсi – Киота процесiне қосылу. Қазiрдiң өзiнде Қазақстан Киота хаттамасының шеңберiнде өзiне қатаң талаптар жүктеуге белсене кiрiскен.

Экологтардың алдында тұрған негiзгi мәселе – қоршаған ортаның көк будақ түтiнге малынуы, қуат үнемдейтiн құрал-жабдықтардың жоқтығы. Қазiр өнеркәсiп нысандары жұмыс iстейтiн кейбiр аймақтар зауыт пен фабрикалардың түтiнiне тұншығуда. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың өзi де энергия көзiн үнемдеу үшiн "жасыл экономика" құруды құптаған болатын. Алайда, бұл шаруа оңайлықпен жүзеге аса қоймайтын сияқты. Бүгiнде Шығыстың басқа елдерi тегiсiмен дерлiк жаңа технологиялар жөнiнен артта қалуда. Бiздiң жаңа технологиялық құрал-жабдықтарға қол жеткiзуiмiз қиын болып тұр. Тiптi, бұған дейiн Елбасы БҰҰ мiнберiнде сөйлеген сөзiнде Еуропаның Азиямен жаңа технологияларымен бөлiсуi керектiгiн талай рет еске салғаны белгiлi. Қуат көзiн үнемдеудiң тиiмдiлiгiн аңғарған Қазақстан мемлекетi Орталық Азияда көшбасшылық танытып, арнайы жобаларды дайындауды қолға алды. Қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрғали Әшiмов өз пiкiрiнде: "Жасыл көпiр" атты астаналық бастама болады. ЭСКАТО (БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтiк комиссиясы) ұйымы – бұл Азиялық-Тынық мұхиттық елдер ғана. Ал Қазақстан – алып еуразиялық континенттiң орталығындағы ел! Сондықтан ЭСКАТО шеңберiнiң ауқымы бiзге тарлық етедi!" – деп кесiп айтты.

Астаналық "Жасыл көпiрдiң" мақсаты – Еуропаның озық технологиялары мен мол капиталы Азияға ағылуына, ал Азия елдерiнiң ауа райының өзгеруiне бейiмделуiне қол жеткiзу. Егер заманауи технологияларды дер кезiнде ала алсақ, ауаға улы заттар тастау азаяды. ЭСКАТО-ның Қоршаған ортаны қорғау бөлiмiнiң бастығы Рай Квон Чунг: "Бiз ЭСКАТО-да "Жасыл даму" бағытында iлгерiлеушiлiк үшiн қажет бiрнеше ауқымды бағытты анықтап алдық. Оған тоқтала кетсем, бiрiншiден, бiзге санынан гөрi, сапалық өсiмге бетбұрыс жасау қажет. Екiншiден, тұрақты инфрақұрылымға инвестиция салу керек" дей келе, Қазақстан көшбасшысының идеяларына үлкен қамқорлық көрсететiндiгiн жасырып қалмады.

Қазақстан бес жылда бiр-ақ рет ұйымдастырылатын жиынның биiк мiнберiнде жаңа бастамаларын жария ету арқылы халықаралық деңгейге көтеруге кiрiсiп кеттi. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен Астанаға ағылған министрлер өз жұмысының нәтижесiн 2-қазан күнi жария етедi. Бұл күнгi қорытынды отырысқа Елбасы Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйлемекшi.

Жәнiбек ӘШIМ

Серіктес жаңалықтары