АЛМАТЫҒА ОРАЛҒАН "ЕВРАЗИЯ"

АЛМАТЫҒА ОРАЛҒАН "ЕВРАЗИЯ"

АЛМАТЫҒА ОРАЛҒАН "ЕВРАЗИЯ"
ашық дереккөзі
250

Алатаудың баурайына тағы да шетелдiк қонақтар жиналды. Бұл жолы киносүйер қауымның қуанышында шек жоқ. Алматыдағы Лермонтов театрында алтыншы рет дәстүрлi "Евразия" кинофестивалi шымылдығын ашты. Театр алдына төселген қызыл кiлемнен Алматы тұрғындары өздерiнiң сүйiктi актерлерiн көре алды.

"Евразия" кинофестивалi 1998 жылы алғаш рет өткiзiлген едi. Көптiң көңiлiн күптi қылған байқау 2005 жылға дейiн көрерменмен қауышпады. Ал 2008 жылы фестиваль ресми түрде Астана қаласына "қоныс аударды". Осыдан бiршама ай бұрын қаражат жетiспедi ме, әлде кинофестиваль маңыздылығын жоғалтты ма, әйтеуiр астаналықтар "Евразия" кинофестивалiне онша құшақ аша қойған жоқ. Есесiне халықаралық деңгейдегi фестивальдi Тимур Бекмамбетовтың ұйымдастыруымен өткiзiлген "Астана" экшн-фильмдер кинофестивалi алмастырды. Астана қаласының 12 жылдық мерейтойына кәде сый ретiндегi "Астана" фестивалi шiлiңгiр шiлдеде әлемдiк киножұлдыздардың басын бiрiктiрген. Сонымен "Евразия" Алматыға қайтадан оралып, алтыншы рет көрерменнiң көзайымына айналып отыр.

21-26 қыркүйек аралығында өтетiн биылғы байқаудың ерекшелiктерi көп-ақ. Кинофестивальдi жаңғыртып, қайта өткiзудегi басты мақсат – қазақ киносын әлемдiк деңгейге паш ету, жас актерлердi таныту. Фестивальдiң бас ұйымдастырушысы, "Қазақфильм" киностудиясының президентi Ермек Аманшаев: "Евразия" кинофестивалi ФИАП халықаралық кинофестивальдердiң қауымдастығына тiркелген елiмiздегi әзiрге жалғыз кинофестиваль. Биылғы кинофестивальдiң бағдарламасы да, қатысушылары да, форматы да ФИАП-тың негiзгi қағидаларына сүйенiп жасалады" – дедi байқаудың ерекшелiгiн атап көрсетiп. Байқаудың тағы бiр ерекшелiгi, биыл түркi әлемiнiң киногерлерi де өзара бақ сынасады. Бұл жөнiнде Ермек Аманшаев былай дедi: "Әр кинофестивальдiң өзiнiң мақсаты, бағдарламасы, форматы бар. Ең басты нәрсе, әлемдiк киноматографистер қазiр осы бiздiң аймаққа, Қазақстан киноматографына, Орталық Азия аймағына үлкен бiр қызығушылық танытып, зор ықылас бiлдiрiп отыр. Соған жауап ретiнде бiздiң кинофестивалiмiздiң бағдарламасы да осы Орталық Азия аймағы мен түрiк әлемiне арналған". Жалпы байқауға 32 кинотуынды ұсынылған. Соның 12-сi iрiктелiп, байқауға қатысады. Шара барысында алматылықтар қырыққа тарта қойылымның куәсi атанады. Бұған қоса, кинофестивальде "қазақтың серпiндi дамып келе жатқан киносы" бағдарламасы фестиваль қонақтарына ұсынылады. Онда соңғы екi жылда түсiрiлген отандық кинотуындылар көрсетiлмекшi. Фестивальға жиналған қауым бүгiнгi француз киноларын да тамашалайды. Бес күнге созылатын Кино мерекесiн Сергей Әзiмовтың "Кешiккен махаббат" кинотуындысы ашты. Фильмде басты ролдi француздың танымал актерi Жерар Депардье сомдайды. Қазақтың өткендi сыйлап, тарихты ұлықтау қасиетiне ерекше қызыққан актердi фильмге шақырудағы басты мақсат әлем назарын қазақ киносына аудару екен. Жерар Депардьеден өзге кинофестивальге әлемге танымал бiрқатар қонақтар да келдi. Тiптi, кейбiр қонақтар Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында студенттерге дәрiс оқып та үлгердi. Мәселен, американдық актер Уильям Зейн мен Жерар Депардье Өнер Академиясының құрметтi профессоры атанды.

Отандық кинотуындылардың арасынан Ақан Сатаевтың "Жоғалғандары" мен Фархад Шариповтың "Қызғылт қоян туралы ертегiсi" байқауда елiмiздiң намысын қорғайды. Тiптi, "Жоғалғандар" фильмiнiң бас кейiпкерiн сомдаған Андрей Мерзликин өзi ойнаған киноға жанашыр болу үшiн фестивальге арнайы келiптi. Ал Фархад Шариповтың кинотуындысы туралы отандық көрермендер екiұшты пiкiр айтуда. Бiрi фильмдi сынға алса, ендi бiрi бұл туындыны сәттi шыққан деген пiкiрде. Жақында ғана тұсауын кескен аталмыш фильмде қала жастарының өмiрi баяндалады. Қос кинотуынды әлемдiк киноленталардың арасынан үздiк атанбаса да, қазақ киносы туралы кереғар пiкiр тудырмаса игi. Әйтпесе, соңғы жылдары өзге жұрт түгiл, отандық көрермен қазақ киносына бiршама өкпелi сияқты.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары