ШӘМШIНIҢ ЖАҢА ӘНIН ТЫҢДАҒАН КЕШ

ШӘМШIНIҢ ЖАҢА ӘНIН ТЫҢДАҒАН КЕШ

ШӘМШIНIҢ ЖАҢА ӘНIН ТЫҢДАҒАН КЕШ
ашық дереккөзі
164

"Қол созып, құшақ жайған" әнi ұмытылып барады

"Түркiстан" газетiнiң осы жылғы 12 тамыз, бейсенбi күнгi №32 санында жарияланған жазушы Еркiн Арлинiң "Қош! Аман бол, Консерватория" атты Шәмшi Қалдаяқов туралы роман-эссесiнен үзiндi әңгiмесiнде: "… Барар жер, басар тау қалмаған. Сабырхан ауылда ауырып жатыр. Еркiнбайлар Оңтүстiкте "Лениншiл жастың" тiлшiсi боп, бала-шағасымен көшiп кеткен. Балталар демалыста Аягөзде жүр. Айтса да Бұхарбайым бар ғой… Келiн, Шахан келiн "Юбилейный" гастрономында арақ-шарап бөлiмiнiң төрайымы ғой… Қой, Шәке! – деймiн өзiме-өзiм. Ұят болар бала-шағаға барып… не де болса консерваторияға соңғы рет соғайын. Бiреулер кездесер, көзкөргендер шығып қалар алдымнан…" деген жолдарға көзiм түстi.

Есiме сонау студенттiк кездер орала кеттi. Жаңа, 1959 жылды қарсы алуға студенттердiң бiр тобы Ергембайдың пәтерiне жиналдық. Ол кезде осындай басқосу дәстүр болатын. Айдархан, Әптiкерiм, Қали т.б. жiгiттер және 3-4 қыздар бар. Бәрiмiз бiрiншi курстың студенттерiмiз. Бұхарбайды күтiп отырмыз. Ол келiскен уақыттан кешiгiп жатыр. Кешiксе де кешiрiм жасап, қуана қарсы алдық. Бұхарбай ол кезде шет тiлдерi институтында оқитын. Қасындағы орта бойлы, жұқа өңдi, құлағы қалқиған жiгiт екен. Сырт киiмдерiн шешiп, жайғасқаннан кейiн, "бұл кiсi Шәмшi ағаларың" деп таныстырды Бұхарбай. Шәкең сол кезде отыздардағы орда бұзатын кезi екен-ау. Шәмшiнiң "Ақмаңдайлым", "Қайықта" әндерiне қанықпыз. Шәмшiнi көремiз деген ойымызда да жоқ. Кiлең 17-18-дегi жүрегi алып-ұшып тұрған жастармыз. Қуана қол соғып, төрiмiзге отырғыздық. Студенттердiң дастарқаны белгiлi ғой, бiрақ өзiмiзше бай дастарқан. Кешiмiз гүлденiп шыға келдi. Шәкеңнiң өзiмiз бiлетiн әндерiн айтып жатырмыз. Бiр кезде, Бұхарбай өзiмен ала келген мандолымен Шәкеңнiң жаңа "Қол созып, құшақ жайған қандай адам" деген әнiн бiрiншi рет бiзге орындап бердi. Бағанағы кешiккен себептерi, осы әндi үйренiп, айтуға дайындалып жүргенде уақыттың өтiп кеткенiн байқамай қалыпты. Бұл әннiң мәтiнiн де Шәкеңнiң өзi жазыпты. Ән бiрiншi рет орындалды. Бiздер бұл әнге "өте жақсы" деген баға бердiк. Әндi түсiнетiн музыка зерттеушiлерi сияқты жан-жақтан мақтап жатырмыз. Шәкең көп сөйлемейдi, жымиып күледi де қояды. Ендi Шәкеңнiң өзiне жапатармағай жабыстық. "Аға, өзiңiздiң сүйiктi, жақсы көретiн бiр әнiңiздi айтып берiңiз", деймiз. Көп күттiрмей Шәкең мандолды қолына алып, шертiп отырды.

Естайдың "Қорланы". Шәкең әндi орындамастан бұрын "Қорланның" шығу тарихына тоқтай келiп, "бұл ән әндердiң әнi – менiң ең қасиет тұтатын әнiм. Бұл әндi орындау оңай емес. Әлiмнiң келгенiше айтайын, бiрақ қайырмасына дауысым жетпейдi. Сендер айып етпеңдер", – деп өзiнiң жайлы қоңыр даусымен әндi орындап бердi. Ду қол шапалақ. Жастардың риясыз көңiлi Шәкеңнiң көңiлiн де көтермелеп, жiгерлендiрiп жiбергендей. Шәкең өте көңiлдi отырды.

Бұхарбай сөз арасында Шәкең консерваторияға қайтадан қабылдануға келгендiгiн бiздерге сыбырлап айтып үлгердi.

Мiне, 41 жылдан кейiн Шәкеңнiң 80 жылдығы қарсаңында Шәкеңмен бiрiншi кездескенiмдi еске түсiрiп отырмын. Мүмкiн кейбiр сәттерiн ұмытқан да шығармын. Бiрақ, Шәкеңнiң жаңа туған әнiн ең алғаш есту бақыты бiзге бұйырғанына мақтанамын.

Өскенбай Құлатайұлы

Серіктес жаңалықтары