АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫНА ТАРТУ

АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫНА ТАРТУ

АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫНА ТАРТУ
ашық дереккөзі
205

Елбасы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды

Өткен дүйсенбiде Елбасы Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаев аймақтағы "Ақтөберентген" акционерлiк қоғамына ат басын тiреп, кәсiпорынның жұмысымен егжей-тегжейлi танысып, ақтөбелiк жастардың "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi" атты марафон-эстафетасын қорытындылау слетiне қатысты. Ал Ақтөбедегi орталық мәдениет және демалыс саябағы ҚР Тұңғыш Президентiнiң есiмiмен аталды.

Ақтөбе облысы елiмiздiң индустриялық-инновациялық дамуына өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан аймақ. Мұндағы "Ақтөберентген" АҚ-да биыл маусым айында ТМД елдерiндегi алғашқы компьютерлiк томограф құрастырылды. Акционерлiк қоғам жылжымалы және тасымалданатын ретгендиагностикалық және флюорографиялық аппараттарды, стационарлық және дефектология үшiн өнеркәсiптiк қосылыстар аппаратын өндiредi. Кәсiпорын шығарған аппарат алыс, жақын шет елдiң 23 мемлекетiнде қолданылады. Сонымен қатар өнеркәсiпте үдемелi индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан компьютерлiк томографтар құрастырылады. "Ақтөберентген" АҚ-да болған Елбасы аталмыш томографтардың құрастырылуымен танысты. Жалпы бұл жоба аясында 900 шаршы метр аумақты алатын жаңа өндiрiстiк корпус салынып, бүгiнгi заман талабына сай жоғары, сапалы технологиялық медициналық техника жасалмақшы. Мұнда жасалатын 28 компьютерлiк томографтар шетелдiк салыстырмалы техника бағасынан 30 пайызға арзан. Елбасы "Ақтөберентген" базасында үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында жасалып жатқан жобалармен танысты. Жалпы бағдарлама бойынша өңiрде 1 триллион теңгеден астам 84 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, ал ағымдағы жылы 143,9 миллиард теңге соманы құрайтын 49 инвестициялық жоба iске асып, 7,9 мың жұмыс орны құрылмақшы. Әзiрге жалпы құны 54,7 миллиард теңгенiң 18 жаңа нысаны пайдалануға берiлсе, соның 13-i Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Елбасы сапар барысында "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Жоғары партия мектебiнiң жаңадан бой көтерген аймақтық оқу орталығында болып, партиялық мектептiң тыңдаушылары – Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен, Ақтөбе филиалының қызметкерлерiмен кездестi. Кездесу барысында Н.Назарбаев партия белсендiлерiн партиялық оқыту орталығының ашылуымен құттықтап, батыс аймақтарындағы партия қызметiнiң алдағы жұмыс бағыттарын анықтап бердi.

"Жас Отан" жастар қанатының ақтөбелiк белсендiлерiнiң бастамасы болған "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi" атты патриоттық акциясы Елбасы тарапынан үлкен қолдауға ие болып, республикалық көлемдегi акция-эстафетасына айналды. Аталмыш марафон-эстафетаның негiзгi мақсаты – елдi мекендердi абаттандыру, әлеуметтiк нысандарды салу және жөндеу. Осы мақсатты жүзеге асыруда Ақтөбе жастары 380 елдi мекендегi 300 саябақтар мен скверлер, аллеяларды, сондай-ақ 3300 көшенi тазартса, 230 ашық спорт кешендерiн, 800 әлеуметтiк нысандарды жаңғыртып, абаттандырды, 1650-ге жуық ешбiр қараусыз, қадағалаусыз жатқан қоқыстарды жойып, 20 мың тонна көлемiнде қоқыс шығарды. Бұған қоса, 300 мыңнан астам жасыл желек отырғызылып, 1500-ден аса түрлi мәдени-спорттық, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сапарында осындай шараларды жүзеге асырып, елдiң тазалығына өз үлесiн қосқан ақтөбелiк жастарды да бiр серпiлттi. Облыс әкiмдiгi алдында 12 мың адам жиналған алаңда Елбасы "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi" марафон-эстафетасын қорытындылау слетiне қатысып, облыс жастарына игi бастамалары мен патриоттық сезiмдi оятатын шаралары үшiн алғысын бiлдiрiп, жастарға ВАЗ-2107 маркалы 60 автокөлiктiң кiлтiн, 1000 ноутбук пен Астана қаласына 2000 жолдаманың сертификатын ұсынды. Өз кезегiнде Ақтөбе жастары мұндай шараны келер жылы жалғастыру жөнiнде бастама көтердi.

"Мен жұмыс сапарының қорытындыларына ризамын. Ақтөбе облысында жылдың 8 айында өнiм шығару 30 пайызға өскен, бұл елдегi жақсы көрсеткiш. Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жақсы орындалуда. Ақтөбелiк жастардың "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi" патриоттық акциясы – Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына жақсы тарту және ақтөбелiктердiң тәжiрибесiн бүкiл елде тарату керек" – деп Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарын қорытындылады.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары