МЕМЛЕКЕТТI ТIЛДI ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРУ

МЕМЛЕКЕТТI ТIЛДI ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРУ

МЕМЛЕКЕТТI ТIЛДI ҚОЛДАУҒА ШАҚЫРУ
ашық дереккөзі
199

Қадiрлi тiл жанашырлары!

Республикамыздағы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзiмдi басылым басшыларының, зиялы қауым өкiлдерiнiң ұйымдастыруымен 2010 жылдың 19 қыркүйегi күнi Студенттер сарайында, сағат 12-00-де, Алматы қалалық әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе иеленуiнiң 21 жылдығына орай "МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ҚОЛДАУ" акциясы өткiзiледi.

Өздерiңiзге мәлiм, қазақ тiлi Қазақстан Республикасы тәуелсiздiкке қол жеткiзбей тұрған шақта, яғни, 1989 жылдың 22 қыркүйегiнде Мемлекеттiк тiл мәртебесiн иелендi. Алайда өткен 21 жылда Мемлекеттiк тiл Қазақстан халқын бiрiктiретiн, олардың басын қосатын негiзгi факторға толық айнала алмады. Қанша рет мәселе көтерсек те әлi күнге дейiн “Мемлекеттiк тiл туралы” Заң қабылданған жоқ. Билiк жетiстiк ретiнде бағалаған Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасында да негiзгi мәселелер кейiнге ысырылып, бiздiң талап-тiлектерiмiз тағы да ескерусiз қалды. Ең бастысы, аталмыш бағдарламада да мемлекеттiк тiлдi өзге тiлдермен теңестiрiп қою ниетi байқалады. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл екендiгi мүлде аңғарылмайды. Егер бағдарламада қадап айтылғанындай орыс тiлiнiң функциясы сақталар болса, онда қазақ тiлiнiң мәртебесi ешқашан көтерiлмейдi. Сондай-ақ үш тұғырлы тiл саясатын жүзеге асыру барысында негiзгi мемлекеттiк тiлдi өрiстету бағытынан айнитындығымыз күмәнсiз.

Мiне, осы орайдағы бiздiң ұсыныстарымыз билiк тарапынан тағы да ескерусiз қалды. Егер мына бағдарлама iске асатын болса қазақ тiлiнiң өрiсi тарылып, аяғына тұсау салынады да орыс тiлiн дамыту қайтадан қолға алынады. Сондықтан бiз билiктi халықпен санасуға, бәрiнен бұрын “Мемлекеттiк тiл туралы” Заңды биылғы жылдан қалдырмай қабылдауға шақырамыз.

Бiз, қоғамдық қозғалыстар, демократиялық, оппозициялық, патриоттық партиялар мен жастар ұйымдары, сондай-ақ зиялы қауым өкiлдерi, осыған дейiн де билiктiң кейбiр солақай шешiмдерiне келiспейтiндiктерiмiздi бiлдiрiп, бiрнеше рет бiрлескен наразылық шараларын өткiздiк. Соның нәтижесiнде бастауын "американдық ұлттан" алатын, көп ұлттан бiр ұлт жасауға негiзделген "қазақстандық ұлт" идеясының салтанат құруына түбегейлi тойтарыс бердiк. Өзiнiң ұлтына, ана тiлiмiздiң бүгiнгi жағдайына немқұрайды қарамайтын әрбiр азамат бiзбен бiрге сол жерден табылады деп сенемiз.

Мемлекеттiк тiл мәртебесiн асқақтатуды ойлаған ұлт жанашырларының бәрiне есiк ашық!

Ұйымдастыру комитетi

Серіктес жаңалықтары