"Жол картасы" жобасын АҚШ та қолға алмақ

"Жол картасы" жобасын АҚШ та қолға алмақ

"Жол картасы" жобасын АҚШ та қолға алмақ
ашық дереккөзі
518

Қазақ елiнiң "Жол картасы" бағдарламасы игiлiгiн көре бастағанын аңғару қиын емес. Жыл сайын жалғасын тауып келетiн маңызды жобаның аясында тозығы жеткен, шұрқ тесiк жолдар жамалса, жұмыссыздар екi қолға бiр күрек тапты. Ең қызығы, бiздiң елiмiзде басталған "Жол картасы" бағдарламасының өздерiне ауадай қажеттiгiн сезген АҚШ президентi Барак Обама да үлгi алған сыңайлы.

Дәл осыған ұқсас жоспарды АҚШ та қабылдауға кiрiсiп кеттi. Жаңа реформа арқылы жұмыссыздық мәселесiн жойғысы келетiн Барак Обама арнайы жобаны дайындау үшiн партияларға тапсырма бердi. Бүгiнде АҚШ-тың Висконси штаты – экономикалық дағдарыстың салқынын тартқан аймақтар қатарына iлiккен. Мұндағы тұрғындар өршiп тұрған жұмыссыздық дертiнiң зардабын қатты тартып келедi. Осы тұрғыда Ақ үй қожайыны жол картасы бағдарламасы iспеттес жаңа жобаны жүзеге асыруға пейiл танытты. "Бiз алдағы алты жылдың iшiнде 240 шақырым күретамыр жолды жөндеуден өткiзiп, елдiң екi жағалауын қосатындай ұзындығы 6400 шақырымға созылатын темiр жол саламыз. Сондай-ақ, ұшу-қону алаңдарын күрделi жұмыстан өткiзiп, әуе қозғалысын бақылауға тың жүйе енгiзгелi отырмыз. Бұл жолаушылардың уақытын анағұрлым үнемдеуге мүмкiндiк бередi" дедi АҚШ президентi Барак Обама.

Обаманың айтуынша, жобаның құны 50 миллиард долларға бағаланып отыр. Нәтижесiнде жаңа жұмыс орындарын ашу мен инфрақұрылымдарды дамыту басты жоспарға iлiкпекшi. Алайда, АҚШ-та бюджет тапшылығы әжептәуiр сезiлiп жатса да, жобаға ақшаны аяп қалмауға бел буған Барак Обама тың жоба ел экономикасының қарыштап дамуына септiгiн тигiзетiнiне сенiмдi.

"– Американың инфрақұрылымын дамытуға және модернизациялауға бағытталған құжат әлемдегi ең озық бағдарламалардың бiрi болуы тиiс. Менiңше, бiз бұл мүмкiндiктi ұтымды пайдаланамыз. Инвестиция барлық салаға құйылады. Сондықтан, болашақта тауардың барлық түрi өз мемлекетiмiзде шығарылып, елдiң iшкi сұранысын толықтай қанағаттандыруға күш саламыз. Басты мақсатым – америкалықтардың арманын орындау, халықтың әл-ауқатын көтеру, болашақ ұрпаққа кемел келешек сыйлау" деп сөзiн түйген АҚШ президентi жаңа жоба арқылы бiраз мәселенiң шешiлетiндiгiне шәк келтiрмедi.

Демократтар дайындаған жоба Конгреске жiберiлдi. Бiр айта кетерлiгi, бағдарлама тап бүгiн құпталып, қабылданғанмен, Конгресс сайлауы өткеннен кейiн ғана жүзеге аса бастайды.

Жәнiбек ӘШIМ

Серіктес жаңалықтары