NABUCCO-ҒА 4 МИЛЛИАРД ЕУРО

NABUCCO-ҒА 4 МИЛЛИАРД ЕУРО

NABUCCO-ҒА 4 МИЛЛИАРД ЕУРО
ашық дереккөзі
169

Әлемдiк аренада бiрнеше рет талқыланып, сарапшылар назарын өзiне аударып отырған Nabucco газ құбырының құрылысы әлi де аяқталар емес. Осы аптада халықаралық iрi банктер аталмыш құбырдың құрылысына 4 млрд. еуро сомасында несие беруге келiстi.

Nabucco Gas Pipeline International консорциумы Еуропа нвестициялық банкiнен 2 млрд еуро алса, еуропалық банк 1,2 млрд. еуро ұсынып отыр. Ал Бүкiләлемдiк банк 800 млн. еуро берудi көздейдi. Консорциумға қатысушылар жобаның жалпы бюджетiнiң жартысын, яғни 8 млрд. еуроны өздiгiнен ұсынуды жоспарлауда. Қалған сома халықаралық қаржылық институттардан түседi.

Nabucco-ға құйылар инвестиция жөнiндегi нақты әрi соңғы шешiм 2010 жылдың аяғында қабылданбақшы. Газ құбырының құрылысы 2011 жылға жоспарланса, 2014-2015 жылдарға құбыр арқылы газ тасымалданады. Бұл жөнiнде Nabucco Gas Pipeline International халықаралық жобалық компаниясының жетекшiсi Райнхард Митчек мәлiмдедi.

Nabucco ресейлiк "Оңтүстiк ағын" газқұбырының басты бәсекелесi. Жоба бойынша газ Ресейдi айналып, Каспий аймағы бойынша тасымалдануы тиiс. Консорциумға немiстiң RWE, болгарлық Bulgargaz, австриялық OMV, венгерлiк MOL,румындық Transgaz және түрiктiң Botas компаниялары кiредi. Газ құбырының жалпы тасымалдау көлемi 31 миллиард кубметрдi құрайды. Nabucco-ның алғашқы бөлiгiнде Еуропаға 17 миллиард кубметр газ тасымалдау көзделiп отыр. Әзiрге газқұбырының ресурстық базасы анықталған жоқ. Дегенмен жоба басшылары газды Әзiрбайжан, Түркменстан, Ираннан алуды көздеп отыр. Бiрақ аталмыш мемлекттермен әлi де келiсiмге қол қойылмапты.

Әйгерiм ДОСЫМОВА

Серіктес жаңалықтары