ДЕПУТАТ ҚЫЗМЕТIНIҢ ДЕҢГЕЙI — НАҚТЫ IСТЕ

ДЕПУТАТ ҚЫЗМЕТIНIҢ ДЕҢГЕЙI — НАҚТЫ IСТЕ

ДЕПУТАТ ҚЫЗМЕТIНIҢ ДЕҢГЕЙI — НАҚТЫ IСТЕ
ашық дереккөзі
192

Жаңақорған аудандық мәслихатының хатшысы, "Нұр Отан" ХДП – аудандық филиалының төрағасы Сәулебек Дүйсебеков өз жерiнiң шынайы патриоты. Осы ауданда атқарылып жатқан әрбiр оң iсте оның жүрегiнiң бөлшегi бар. Бiз жергiлiктi жерлерде атқарылар iстердi ұсақ-түйек деп қарауға әдеттенгенбiз. Ал мұндай iзгi шаралар мыңдаған қарапайым адамның өмiрiнде үлкен маңызға ие болатынын ұмытып кете беретiнiмiз өкiнiштi-ақ.

– Ел арасында әкiм мен оның аппаратының беделi зор да, мәслихаттардың беделi әлi күнге өз дәрежесiне көтерiле алмай келедi. Мұның себебi неде деп ойлайсыз?

– Елiмiз егемендiгiн алған алғашқы жылдары солай болғаны рас, ал қазiр қоғамдық дамуымызда Мәслихаттардың атқаратын қызметi мен рөлi жоғары деңгейге көтерiлiп келе жатыр. Елдегi тұрақтылықты, әлеуметтiк жағдайды, тұрмыстағы iлгерiлеушiлiктi, өндiрiс пен шаруашылықты дамытудағы игi қадамдарды бiр деңгейде жүргiзудi қадағалау, бақылау, жетекшiлiк жасау сияқты аса жауапты iсте белсендiлiк таныту Мәслихат депутаттарының құзырын кеңейтiп, жауапкершiлiгiн арттыра түсуде. Әкiм және оның аппараты да, Мәслихат та халықтың қамын ойлап, олардың өмiр сүру деңгейiн арттыруға қызмет етедi. Сондықтан ол екеуiнiң арасына жiк салып, бөлiп қарауға болмайды.

Елбасының, Үкiметiмiз бен жоғары орындардың белгiлеп берген тапсырмалары мен стратегиялық бағдарламаларын орындау – жергiлiктi әкiмшiлiк пен Мәслихаттың кезек күттiрмес мiндеттерi. Бүгiнгi талаптың негiзi осындай. Сондықтан ел сенiмiнен шығып, ортақ игiлiктердi iске асыру бағытында бiздiң аудандық Мәслихат төртiншi шақырылымынан берi, 2007 жылдан күнi бүгiнге дейiн, көптеген жұмыстар атқарып, бұл бағытта белсендiлiк танытып келедi.

Осыған дейiн өткен 28 сессияда барлығы 125 мәселе қаралды. Күн тәртiбiне қатысты жiктейтiн болсам: 6 рет аудан әкiмi, 4 рет аудан әкiмiнiң орынбасарлары, 6 рет Салық комитетi, бiлiм, денсаулық, кәсiпкерлiк бөлiмдерiнiң, мүгедектердiң әлеуметтiк жағдайларын жақсарту жөнiндегi бағдарламаларының орындалу барысы жайлы осы сала басшыларының есептерi тыңдалды. Ауданның бюджетiне, оны толықтырулар мен өзгертулерiне байланысты 11 рет, сайлау комиссиясының құрамдарын өзгерту және ұзақ мерзiмдi бағдарламаларды бекiтуге байланысты 7 рет мәселе қаралды. Төрт рет депутаттардың жоғары орындардың алдына қойған депутаттық сауалдарына тиiстi лауазым иелерi жауаптар қайтарды. Сондай-ақ, тұрмыс деңгейi төмен ата-аналардың интернатта жатып оқитын балаларын төлемақыдан босату, бiр жолғы салық төлемдерiнiң мөлшерiн белгiлеу, ономастикалық комиссиясының ұсыныстарын қарау сияқты өзге де ағымдағы мәселелер жоспарлы қаралып келедi.

– Депутаттардың жоғары орындардың алдына қойған депутаттық сауалдарына тиiстi лауазым иелерi жауаптар қайтарғаны туралы айтып қалдыңыз. Ендi соның нақты сұрақтары мен жүзеге асқан iстерi туралы айтып берсеңiзшi.

– Депутаттардың қояр сауалы көптi толғандырып жүрген, жедел шешудi қажет ететiн мәселелерге арналған. Депутат Д. Анарбековтың; "электр жарығының тұрақты болмауы, оның ауылдық жерлерге кестемен берiлуi неге байланысты?" деген сауалына сала басшылары Ж. Амалбеков пен Е. Құрысжанов жауап берiп, бұл кемшiлiктен нәтиже шығарылды. Депутат С. Дүйсебековтың сауалына орай Төменарық тұсынан Сырдария өзенiне қалқыма көпiр салынса, депутат Ғ. Үйсiнбаевтың сауалына байланысты Жаңақорған кентiндегi тау жақ беттегi мөлтек ауылдарға трансформатор қойылып, электр желiсi тартылды. Сондай-ақ, депутаттар талабына орай Жаңақорған-Қандөз жолы толық жөндеуден өттi. Аудан орталығындағы ауызсу проблемасына орай облыстағы тиiстi мекемелердiң алдына нақты мәселе қойылды. Нәтижесiнде 28 миллион теңге қаржы бөлiнiп, 13 шақырым қосымша құбыр тартылмақ.

Биылғы жылдың алты айында аудандық Мәслихаттың 15 депутаты өз округтерiндегi сайлаушылармен кездесу өткiзiп, атқарған жұмыстарының есептерiн бердi. Елбасының биылғы Жолдауының мәнi мен мазмұнын терең түсiндiрдi. Кездесулерде айтылған ой-пiкiрлер Мәслихатта жинақталып, күрделi дегендерi сессияның қарауына ұсынылып, басым көпшiлiктерi оң шешiмдерiн тауып, орындалды. Ауданның мүмкiндiгi келмейтiн күрделi проблемалар облыс басшылығына ұсынылып, олар да шешiмiн тауып келедi.

– Жалпы сөйлегеннен гөрi нақты айтқан дұрыс қой, сондықтан күрделi ұсыныстар мен пiкiрлер туралы және олардың орындалуы жөнiнде айту керек болар…

– Депутаттардың сайлаушылармен болған кездесулерiндегi айтылған ең негiзгi мәселелерi – мектептердiң күрделi жөндеуiне, мәдениет бөлiмiн қажеттi ұлттық киiммен, музыкалық күшейткiш аппаратурамен қамтамасыз ету, жолаушы автобусының қызметiн жақсарту, ауызсу, пошта қызметiне және жолдың жайына байланысты қойылған бiрқатар күрделi жұмыстар оң шешiмiн тауып отыр. №3 Сүттiқұдық сайлау округiнен сайланған депутатымыз Дәрiбай Айдарбековтың араласуымен осы ауылдағы клуб үйi күрделi жөндеуден өттi, кiтапхана құрылысына қаржы бөлiндi. Ауылға телефон нүктелерi орнатылып, сайлаушылар тiлегi толығымен қанағаттандырылды. №7 Келiнтөбе сайлау округiнен сайланған Тұрдалы Қалдыбаевтың араласуымен осындағы Мәдениет үйiнiң күрделi жөндеуiне қаржы бөлiндi, ауызсу мәселесi шешiмiн тапты. №9 Өзгент сайлау округiнен сайланған депутат Асылбек Айтжановтың араласуымен Өзгенттегi № 224 орта мектептiң күрделi жөндеуiне 48 миллион теңге мөлшерiнде қаржы бөлiндi, жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейiн бiтедi деп отырмыз.

№ 4 Ақүйiк сайлау округiнен сайланған депутат Құтыбаевтың араласуымен Бiрлiк ауылындағы Мәдениет үйiнiң күрделi жөндеуiне 25 миллион теңге бөлiнiп, толығымен игерiлдi. Сондай-ақ, Қыраш елдi мекенiне баратын жол асфальтталды. Жаңақорған кентiнен сайланған депутаттар Сәулебек Ысқақовтың араласумен сырқаттарға берiлетiн дәрi-дәрмектiң жағдайы және медициналық көмектiң сапасы жақсарса, Ғабит Үйсiнбаевтың араласуымен кенттегi ауызсу кұбырлары түгелiмен қайта жаңаланды. Кенттiң тау жақ бетiндегi жаңа үйлерге арнайы трансформатор орнатылды. Жаңақорған кентiнен сайланған депутаттардың араласуымен Ардагерлер үйi жасақталды, Қорасан-Ата көшесi күрделi жөндеуден өтiп, жарық орнатылды. Соңғы кезеңдерге дейiн шешiлмей келген аудандық Мәдениет үйiнiң жылуы, Төменарық тұсынан Сырдария өзенiне қалқыма көпiр салынды. Бала бақша үйiне күрделi жөндеу өткiзiлуде.

Сондай-ақ, Жиделi-Шиелi су торабына қосылатын елдi мекендердiң iшкi су жүйелерiн жөндеуге, жобалық сметалық құжат жасауға, қайта салуға қаржы бөлдiру мәселелелерi Сүттiқұдық, Төменарық, Қожамбердi, Еңбек, Екпiндi, Сунақата халқының тiлегiне сай шешiлiп, бүгiнде бұл ауылдарда ауызсу мәселесi шешiмiн тауып отыр.

– Аудандық Мәслихат депутаттарының жұмысына халық разы деп ойлайсыз ба?

– Аудандық мәслихаттың жұмысын үйлестiру жыл бойғы iс-шараны әр жарты жылдыққа, яғни 6 айға белгiлеп жүргiзiледi. Сессияда, тұрақты комиссияда қаралатын мәселелер депутаттардың келiсiмiмен, талқылауымен барып бекiтiледi. Сессияға материал дайындау алдында уақытша жұмысшы комиссиясы құрылып, күн тәртiбiн зерттейтiн мүшелерге Жадуал берiледi. Соның қорытындысымен ол күн iлгерi жинақталып, талқыланғаннан кейiн сессияға ұсынылады. Мұнда депутаттардың өз сайлаушылары алдындағы ұсыныс-пiкiрлерi ескерiлiп, күн тәртiбiндегi қаралатын мәселелерге байланысты шешiмге ендiрiледi. Жалпы 15 депутаттың бүгiнгi таңдағы жүргiзген жұмыстары көптi қанағаттандыратындай. Белсендiлiгi жоғары, орынды мәселе көтередi. Соның орындалуына жiтi бақылау жасап, қажет тұсында тиiстi орындардың алдына депутаттық сауал қойып, Мәслихат отырысына ұсынуды дағдыға айналдырған.

Бүгiнде сессия шешiмдерiнiң орындалуы мәслихат аппаратының тұрақты бақылауында.

Мәслихаттағы тексеру комиссиясының жұмысы жақсара түстi. Штат бiрлiгi көбейiп, 3 тексерушiге ұлғайды. Олар өз жұмыстарын iс-шараға сай жоспарлы жүргiзiп келедi. Өткен бiр жарым жылда 23 мекемеге тексеру жүргiзiлiп, 439 мың теңгеден астам қаржы кiнәлi адамдардан өндiрiлдi, сонымен қатар мақсатсыз жұмсалған 78 миллион теңге анықталып, бюджетке қайтарылды. Бюджет қаржысының орнымен жұмсалуына қатаң бақылау жасалып келедi. Тексеру комиссиясының қатысуымен аудан көлемiнде салынып жатқан жұмыстарға бақылау күшейтiлiп, екi елдi мекендегi тартылған су құбырларының сапасыз салынғанын анықтап, Мәслихат депутаттарының ұсынысы арқылы лауазым иелерiнiң үстерiнен қылмыстық iс қозғалып, сот арқылы жазаларын алды. Сондай-ақ, "Казатомпром" мекемесi жолды қайтадан қалпына келтiруге бөлген 240 млн. теңгенi сол кездегi аудан әкiмiнiң басқа мақсатқа жұмсауына халық қалаулылары табанды түрде қарсы шыққанын айту керек. Облыс әкiмiне дейiн шағымданып, қаражаттың өз мақсатына жұмсалуына қол жеткiзiлдi. Жергiлiктi бюджеттен бөлiнген қаражаттың өз мақсатына жұмсалуы да депутаттардың үнемi бақылауында. Соның арқасында тендердiң дұрыс өткiзiлмегенi анықталып, 3 мектеп директоры әкiмшiлiк шараға тартылды.

– Сiз "Нұр Отан" ХДП – аудандық филиалының төрағасы екенсiз, сондықтан осы партияның аудандағы ықпалы туралы айта кетсеңiз екен.

– "Нұр Отан" ХДП партиясының аудандық филиалы елiмiздiң Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың соңғы Жолдауының талаптарына сай белсендi жұмыстар атқарып келедi. Жолдаудың мәнi мен маңызы партия мүшелерiне, халыққа түгел жеткiзiлдi. Бұл бағытта әлденеше рет "дөңгелек стол" мәжiлiсi, семинар-кеңестер өткiзiлдi. Ауданда бұрын партияның 71 ұйымы болса, iрiлендiруге байланысты қазiр 36 партия ұйымы жұмыс iстейдi. Биылдың өзiнде партия қатарына 150-дей адам қабылданды. Партия мүшелерiнiң саны 2961 болып отыр. Мәслихат жанында "Нұр Отан" партиясы мүшелерiнiң фракция тобы жұмыс жасауда. 15 депутатымыздың 13-i "Нұр Отан" партиясының мүшесi, осы партиядан ұсынылған. Фракция мүшелерi жоспарлы отырысын өткiзiп, онда кезек күттiрмейтiн мәселелердi қозғап, қорытынды шығаруды дағдыға айналдырған. Бүгiнде аудан халқына қызмет көрсететiн орындардың барлығында да партияның бақылау бекеттерi ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға әр саланың адамдарынан өз жұмысын жетiк бiлетiндер тартылған.

Әрине, нарық жағдайында депутаттардың, әсiресе алыс ауылдағы елдiң кейбiр тiлек-талаптарының қаржыға байланысты уақтылы орындалмай қалуы кездеседi. Бiрақ, мүмкiндiгiнше орындауға тырысып бағамыз.

Бiздiң мiндетiмiз – сол ұсынысты жоғарыға негiздеп қоя бiлу. Қажет десе бюджетке ендiруге ат- салысу, сайлаушы тiлегiн аяқасты етпеу. Өйткенi, халық сенiмi депутат қызметiнiң деңгейiн танытып, оның парызының қалай өтелiп жатқанынының куәсi болады. Сайлаушылар сенiмiн ақтау бiздiң парызымыз деп бiлемiн.

Сұхбаттасқан Базарбай ИСАЕВ

Серіктес жаңалықтары