АСТАНА МЕН БЕЙЖIҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛГIСI

АСТАНА МЕН БЕЙЖIҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛГIСI

АСТАНА МЕН БЕЙЖIҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛГIСI
ашық дереккөзі
333

Елiмiзге Қытай Коммунистiк партиясының Орталық комитетi Насихаттау бөлiмiнiң жетекшiсi Лю Юньшань iс-сапармен келiп, бiрқатар нысандарға атбасын бұрды. Мәртебелi қонақ ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовпен кездесiп, келелi мәселелердi талқылады.

Әуелi мәртебелi мейманмен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев кездесiп, өзара келiссөздерге қол қойды. Олар Астана мен Бейжiң (Пекин) арасындағы екiжақты ықпалдастықты арттыруға байланысты сауда-экономикалық және шекара ынтымақтастығы жөнiнде пiкiрлерiн ортаға салып, халықаралық саяси сахнадағы айтулы оқиғаларға маңыз бердi. Бүгiнгi күнi аумалы-төкпелi кезеңдi бастан кешiп отырған Қырғызстан мемлекетiндегi ахуал да назардан тыс қалған жоқ. Бұл тұрғыда осы iстiң басы-қасында жүрген ЕҚЫҰ-ның iс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев: "Қырғыз елiне көмек көрсетуде жан-жақты күштердi бiрiктiру Қырғызстандағы және бүкiл аймақтағы тұрақтылықты, экономикалық өрлеудi және қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие болмақ", – дедi. Сондай-ақ, екi тарап ынтымағы жарасқан Астана мен Бейжiң арасындағы мәдени, саяси, экономикалық қатынастардың дами түсетiнiне, партия және парламентаралық ынтымақтастықтың артатындығына ерекше сенiм бiлдiрдi.

Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев Президент Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Астанада кездесу барысындағы келiссөздерiн қуаттайтындығын айтып, Қазақстан-Қытай стратегиялық әрiптестiгiнiң маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ, әрiптесiн елiмiзде жүзеге асып жатқан 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен таныстырып, шикiзаттық емес экономикалық секторлардағы ынтымақтасу бағдарламасын уақтылы iске асыруға шақырды.

Бұдан соң ҚКП ОК хатшысы Лю Юньшань 7-шi қысқы Азиялық ойындары өтетiн Алматы мен Астана қаласы спорт түрлерiнен өтетiн сайысты табысты өткiзетiндiгiне шүбә келтiрмедi. "Нұр Отан" ХДП Алматы филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовпен болған кездесуде қытайлық қонақ: "Қазақстан туралы айтқанда, әуелi еске Алматы түседi" деп бастады өз әңгiмесiн. Мәртебелi мейман Алматы қаласының қарқынды дамуы туристердi тамсандырып отырғанын және қытайлық демалушылардың басым көпшiлiгi әсем қаланы көруi үшiн насихат жұмыстарын жүргiзiп жүргенiн тiлге тиек еттi. "Қытай мен Қазақстан жақсы көршiлер, жақсы әрiптес әрi дос. Бiз сауда-экономикалық, гуманитарлық, бiлiм беру, мәдениет, ғылыми-техникалық қатынастарды дамыта аламыз", – деп атап өттi Лю Юньшань.

Ал, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов өз кезегiнде, Қытай өзiнiң қуатты экономикасы мен табысты дамуының арқасында Қазақстан үшiн үлгi болып отырғанына назар аударды. "Бiз екi ел арасындағы байланыстарға әр кез қуаныштымыз, олардың одан әрi дамып, нығая түсуiне де мүдделiмiз. Сiздердiң мемлекеттерiңiздiң даму тәжiрибесi бiз үшiн өте маңызды, сондықтан да бiз, жергiлiктi билiк өкiлдерi, бiздiң басшылығымыздың шешiмдерiн қолдай отырып, достық қарым-қатынастар мен байланыстардың одан әрi дамуы үшiн барлық жағдайды жасаймыз", – деп атап өттi Алматы әкiмi.

Құрметтi қонақ қазақстандық тарапқа алдағы 7-шi қысқы Азия ойындарын ұйымдастыруға табыс тiлеп, Қытай үкiметiнiң Қазақстанды әркез қолдап отыратындығын iлтипатпен бiлдiрдi.

"Түркiстан-ақпарат"

Серіктес жаңалықтары