МӘСКЕУДЕН ЖЕТКЕН САҒЫНЫШ

МӘСКЕУДЕН ЖЕТКЕН САҒЫНЫШ

МӘСКЕУДЕН ЖЕТКЕН САҒЫНЫШ
ашық дереккөзі
269

Мәскеудегi жергiлiктi қазақтардың жанашырына айналған – Жарқын Өтешова туған жерiне жиi келiп тұрады. Отанның оттан да ыстық екенiн ерекше қадiрлейтiн ақын қызды қазақ елi әркез құшағын жая қарсы алып жатады. Оның туған жерге деген сағынышы мен махаббаты өлеңге қанат бiтiрiп, құстай самғап ұшуына себепшi болады.

Жарқын Қоңырбайқызы – Мәскеудегi Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердiң дамуын қолдаудың "Астана" қорының президентi. Бұған дейiн талай қызметтiң жүгiн арқалаған ол ақындық өнерiмен де белгiлi. Жастайынан көркем әдебиетке, ән-жырға, өлеңге жаны құмар Жарқын мектеп қабырғасында жүрiп-ақ балауса өлеңдерiмен таныла бастаған. Отанға, туған елге деген сүйiспеншiлiк тақырыбына арналған сыршыл сезiмге толы өлеңдерi лирикамен астасып жатады. Оның қаламынан туған өлеңдер республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланып, оқырманның көзайымына айналып үлгердi. "Сағынышым жырыма қанат берген", "Жүрегiмнiң жүгi көп" атты өлеңдер жинағы соның айқын дәлелi болса керек.

Ал, жақында Жазушылар одағында ақынның "Мәскеу: Өмiр-өзен" атты өлеңдер жинағының тұсауы кесiлдi. Алыстан жүрегi алып ұшып келген ақынның шығармашылық кешiн тамашалағандар көп болды. Жиырма жылдан аса уақыт елден жырақ жүрген Жарқынның жырларына ғұмыр тiлеген ниеттi жандар мен жырдың нәрiне сусындаған көзiқарақты оқырмандар сөз алып, ақынға шығармашылық шабыт сыйлады. Он бес миллион халқы бар Мәскеу қаласында тарыдай шашылған отыз мыңға жуық қазақтың тiлiн, дiлiн, салт-дәстүрiн сақтау жолындағы еңбегi Жарқын Өтешова шығармашылығының негiзгi арқауы.

Автордың отаншылдық, рухшылдық, достық, елдiк қасиеттерге құрылған жүрекжарды жырлары жырсүйер қауымды табиғилығымен, өмiрге деген құштарлығымен баурап алатыны сөзсiз.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары