ҮЛКЕН ҚАЛАҒА ДЕГЕН ЫНТЫҚТЫҚ

ҮЛКЕН ҚАЛАҒА ДЕГЕН ЫНТЫҚТЫҚ

ҮЛКЕН ҚАЛАҒА ДЕГЕН ЫНТЫҚТЫҚ
ашық дереккөзі
221

Париж, Нью-Йорк, Мәскеу, Шанхай…

Алматыға Ресейден Мәскеуге деген ыстық ықыласын арқалап, бiр топ режиссер келiптi. Жәй келмей, "Мәскеу, сүйiктiм менiң!" (түпнұсқада — "Москва, я люблю тебя!") деген толықметражды фильмдi таныстыру мақсатымен ала келген екен. Шындығында, үлкен қалаға деген ынтықтықты кино арқылы насихаттауда ресейлiктер жаңалық ашып отырған жоқ. Бұған дейiн осыған ұқсас жоба "Париж, сүйiктiм менiң!", "Нью-Йорк, сүйiктiм менiң!" деп аталған болатын.

18 сюжеттен тұратын "Париж, сүйiктiм менiң!" киносы 2006 жылы Канн фестивалiнде көрсетiлдi. Мұндағы әр сюжет қаланың бiр ауданына арналған.

Ал 2009 "Нью-Йорк, сүйiктiм менiң!" фильмiн 12 режиссер бiрiгiп түсiрiп, былтыр жарыққа шығарды.

Екi фильм де көрермендердiң ықыласына бөленген соң, жоба идеясын өзге iрi қалалар да iлiп әкеттi.

Алдағы жылы "Шанхай, сүйiктiм менiң!" фильмi жарыққа шығады деседi.

Одан соң Иерусалим мен Рио қалалары туралы да осыған ұқсас кино түсiрiледi деген сыбыс бар…

Бұл жобаның басты ерекшелiгi – қазақтың құрақ көрпесi сияқты ұсақ қиынды сюжеттерден тұратын 15-тен астам фильм-новеллалар бiр-бiрiмен мазмұн жағынан қабыспаса да, ортақ тақырыпқа – Үлкен қала тұрғындарының қилы-қилы тағдырына арналады. Ең бастысы, қандай тақырып, қандай тағдыр болмасын, үлкен қаланың бiр ауданымен, тарихи мекенi немесе әйгiлi ескерткiшiмен байланысып, астасып жатуы керек. Мәскеу туралы айтқанда, бұл – Кремль, ГУМ, I Петр ескерткiшi, …

"Мәскеу, сүйiктiм менiң!" жобасына бас-аяғы 18 режиссер қатысқан. Әр режиссер өз сценарийiмен, өз түсiру тобымен, өз актерлерiмен жұмыс iстейдi. Бiрақ жалпы көпшiлiкке көрсету үшiн Егор Кончаловский бастаған топ 15 новелланы таңдап алған екен. Ал фильмнiң толық нұсқасы DVD форматта шығатын дискiлерде жазылып, сатылмақ.

Кончаловский тұсаукесер рәсiмiнде Алматыға деген ықыласын бiлдiре отырып, Қазақстанда қазақ режиссерларымен бiрiгiп, фильм түсiрiп жатқанын айтты. “Мұндай жобаны Алматыда немесе Астанада жалғастыру мүмкiн бе?” деген сауалға "Қазақстан, сүйiктiм менiң!" деген фильм түсiрген жоқ шығар дедi.

Фильмдi киносүйер қауым мен журналистерге Қазақстанда Beeline сауда белгiсiн таратушы КАР-Тел фирмасы ұсынды.

Бiрақ Ресейдiң өзiнде Мәскеу туралы киноға деген ықылас онша емес сияқты. Кино туралы сайттарда жарияланған рецензияларға қарағанда, қарапайым көрермендердiң пiкiрiнше, фильм соншалықты сәттi шықпаған. www.kinonews.ru сайтында жарияланған бiрнеше пiкiрге қонақ берсек: Настасия: "Мәскеу – жақсы қала ғой, ол туралы жақсы кино түсiруге болар едi… ал мынау түкке тұрғысыз нәрсе, Нью-Йорк пен Парижден соң қараудың өзi ұят" дейдi (28.05.2010).

Киношница: "…Менiң де көңiлiм түсiп кеттi… Осы киноны мен де қатты күтiп едiм, Париж бен Нью-Йоркке сәл де болса ұқсай ма деп едiм, оның орнына қарабайыр бiрдеңе түсiрген. Құдайым-ау, бiздiң кинематограф денi дұрыс кино түсiрмейтiн шығар, бұл ендi – диагноз". (01.05.2010).

Kino: “Мен осы киноны қатты күттiм, үлкен қаладағы әртүрлi оқиғалар, түрлi махаббат тағдырлары iзгiлiкпен, жақсылықпен аяқталуы керек едi, оның орнына тағы да киллерлер, бандиттер, пистолеттер туралы түсiрiптi де, бәрiн құртыпты. "Париж, сүйiктiм менiң" деген киноны қарамайсыздар ма… жаңадан шыққан талантты жас актерларды табуға болмады ма мына киноға…” (08.12.2009).

Дегенмен, жақсы пiкiрлер де бар… Ең бастысы, Мәскеу осы фильмде жаңа қырынан көрiнген. Фильмнiң қақ ортасында берiлген Егор Кончаловскийдiң "Мәскеулiктер" атты новелласындағы қара нәсiлдi мәскеулiктер, әзiрбайжандық мәскеулiктер, қытайлық мәскеулiктердiң бойындағы қалаға деген ынтықтық анық байқалады.

…Мәскеу – келiмсектер қаласы…

Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары