Қайсар ӘЛIМ: МIРЖАҚЫПТЫҢ “МҰҢЫ” ӘЛI ДЕ КӨП

Қайсар ӘЛIМ: МIРЖАҚЫПТЫҢ “МҰҢЫ” ӘЛI ДЕ КӨП

Қайсар ӘЛIМ: МIРЖАҚЫПТЫҢ “МҰҢЫ” ӘЛI ДЕ КӨП
ашық дереккөзі
196

Әйгiлi Алаш көсемдерiнiң бiрi де, бiрегейi, өмiр бойы "Оян, қазақ" деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен, ұлттың ұлы перзентi Мiржақып Дулатовтың 125 жыл толу қарсаңында газетiмiздiң тiлшiсi, "Ел-шежiре" қоғамдық қорының төрағасы Дидахмет Әшiмханұлы белгiлi журналист, мiржақыптанушы қаламгер Қайсар Әлiммен сұхбаттасқан едi.

– Қайсеке, әңгiменi төтесiнен бастасақ. Ел болып етек-жеңiмiздi жинағалы Алаш арыстарын ұлықтауды қолға алдық. Қазақ зиялыларының ескерусiз қалған еңбектерiн қопарып, үш жүзге сауын айтып, алқалы тойларын өткiзiп жүрмiз. Осы үрдiс биыл да жалғасын тауып, Мiржақып Дулатовтың 125 жылдығы келiп жеттi. Бұл атаулы жыл бiзге не бередi? Кейiнгi кездерi менi "осыншама көп мерейтойлар халықты жалықтырып жiбермедi ме екен?" деген ой мазалап жүр…

– Елiне елеулi орны бар тұлғалардың тағлымды өмiр жолын насихаттау бүгiнгi күннiң талабы. Себебi, жас ұрпақ сол зиялыларымыздың өмiр-тарихынан, шығармашылығынан сусындағанда ғана өткеннен сабақ алып, ұлтжанды азамат болып қалыптаса алады. 2009 жылдың 4 наурызында ҚР Премьер-министрi 2009-2011 жылдар аралығында өтетiн атаулы мерейтойларды бекiттi. Сол құжат аясында қаншама үлкен шаралар өтiп жатыр. Биыл Ш.Уәлиханов пен Г.Н.Потаниннiң – 175, М.Дулатовтың – 125, Б.Момышұлының – 100 жылдығы тойлануда. Келер жылы Д.Нұрпейiсованың – 150, Қ.Аманжоловтың – 100 жылдығы аталып өтпек. Өткен жылы дүрiлдетiп тұрып, Б.Қожағұлұлының – 175, К.Әзiрбаевтiң – 125, Ғ.Құрманғалиев пен Ә.Тәжiбаевтiң – 100 жылдықтарын тойладық. Бұл әншейiн той емес. Зиялыларымыздың шығармашылығына ден қою деген сөз. Бұл – насихат. Осындай мерейтойлар арқылы жастарымыз зиялыларды анағұрлым тереңiрек тани түседi. Осы тұлғаларымыздың болмысына қайтадан үңiледi. Мұны тек той деп түсiнбеу керек. Керiсiнше халық зиялылардың өсиетнамасына сусап отыр. Бұған халық жалықпайды. Қайтадан рухтанып, рухани қуат алады. Мiржақып Дулатов жайлы әлi талай еңбектер жазылып, зерттеулер жүргiзiледi. Осы атаулы жыл сол келелi iстерге мұрындық болып жатса, несi айып? Мен соңғы кездерi халықтың құр әншейiн тойшыл дақпырттан алыстап, ойшыл бола бастағанын аңғарып жүрмiн.

– Әрине, желеулетiп тойларды өткерермiз. Бiрақ, соңынан: "ананы былай iстегенде ғой" деп, бармағымызды тiстеп, жау кеткеннен соң, балтамызды тасқа ұрып жататынымыз бар. Я, бiткен iске сыншы көп болады, я құр айғаймен түк бiтпейдi. Осындай олқылықты болдырмау үшiн не iстеу керек?

– Дұрыс айтасыз. Ондай олқылықты болдырмау үшiн той өтпей тұрып, iштегiнiң бәрiн бүкпей айтуымыз керек. Көңiлде жүрген бiр түйткiл бар едi. Соны айтайын. Бiздiкi әйтеуiр Үкiмет назарына iлiксе ғой деген үмiт. Гүлнәр Мiржақыпқызы Үкiметтiң М.Дулатовтың мерейтойын өткiзу үшiн бекiткен қаулысымен танысыпты. Апайымыз сол қаулыда көрсетiлген iс-шараларға көңiлi толмайтынын айтты. Қаулыда көрсетiлген iс-шараларды орындау үшiн бiрқатар министрлiктер, сол тұлғаның туған облысы, тiптi кейде өзге басқару аймақтары, сондай-ақ, iрi қалалардың әкiмдiктерi мiндеттелiптi. Өзге тұлғаларымыздың мерейтойларына жауапты мекемелер түгелге дерлiк көрсетiлiптi. Ал, Мiржақып атамыздың тойына ҚР Мәдениет және ақпарат (қазiргi Мәдениет министрлiгi) мен Бiлiм және ғылым министрлiгi ғана жауапты делiнген.

– Бұл тiрлiгiнде талай тауқыметтi тағдырды басынан кешкен Мiржақып Дулатовтың 125 жылдығы өзiнiң туған жерiнде аталмайды деген сөз емес пе?

– Бұл сөздi Мiржақыптың қызы Гүлнәр апай да айтып отыр. Ол кiсi: "Мiржақып әкемдi дүниеге келтiрген Торғай өңiрi, Қостанай облысы бұл атаулы мерекеден сыртқары қалмақшы ма? Өзгелердiң тойын өткiзу үшiн облыстар, қалалар мен аудандар мiндеттеледi де, менiң әкеме келгенде нелiктен шектелiп қалады? Бұл басқаларға әкемнiң туған облысы жоқтай әсер етпей ме?" – дейдi. Апайды да толық түсiнуге болар. Мұндай шектеудiң жай-жапсарын бiз де бағамдай алмай отырмыз. Мiржақып Дулатовтың мәселесiн айтамыз деп, өзгелердi бөлiп-жарғымыз келмейдi. Десе де, Қостанай облысының әкiмiнiң намысын жану үшiн мынаны айтқым келедi. Мысалға Г.Н. Потаниннiң тойына жоғарыда келтiрiлген екi министрлiкпен қатар, Павлодар облысының әкiмi де мiндеттелiптi. Керекулiктерге қызғаныш жоқ. "Бұл жайды көре отырып, Қостанай облысы әкiмiнiң намысы неге қайралмайды екен?" деген орынды сұрақ туындайды. Әр облыстың әкiмiне Үкiмет қаулысының жетiп жатқаны бесенеден белгiлi емес пе?

– Десе де, бұл түбегейлi тойдың Қостанай облысында өтпейтiнiн бiлдiрмейдi ғой. Мәселенiң шешiмiн табу үшiн нендей шаруалар атқарып жатыр?

– Артық нығырлап қайтемiз. Мiндеттi екi министрлiктен түскен төте жарлық немесе нақты мiндеттеу Мiржақыптың туған жерiнде күшiне енiп, мерейтойды ойдағыдай өткiзуге мұрындық болар деп үмiттенемiз. Сондай сындарлы сәттерде облыстық деңгейдегi шенеунiктер де құр қарап отырмас. Әйтсе де, түртпесе қозғалмайтын кейбiреуi: "Бiзге мiндеттелмеген" деп томағасын сыпыртпай қойса қайтемiз деген күдiк те жоқ емес. Сол үшiн Гүлнәр апай Үкiметке өтiнiш-хат жолдамаққа бекiнiп отыр. Менiңше, Қостанай облысының әкiмiне де өтiнiш жасау керек сияқты.

– Ендi, нақты мәселелерге көшсек. Тағы да мәселенiң бәрi "iстеу керекке" келiп тiреледi ғой. Бұл орайда тiкелей Қостанай облысының әкiмiнiң басшылығымен нақты қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз? Мiржақыптанушы ретiнде қандай өтiнiштерiңiз бар? Бәлкiм, Мiржақыптың жерлестерiнiң "әттеген-айлары" бар шығар…

– М.Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына орай атқарылар шаруа жетерлiк. Мiржақыптың сүйегiн 1992 жылы Карелиядан Жанкелдин ауданына қарасты Бидайық елдiмекенiне әкелiп жерленгенiн бiлесiздер ғой. Осы атаулы мерекенiң аясында Мiржақыптың мүрдесi жерленген кесене мен М.Дулатовтың мұражайын күрделi жөндеуден өткiзу қажет сияқты. Өткен бiр жылдары жеңiл-желпi жаңартылған болды. Мұражайға қыста от жағылмайды екен. Бiр қалыпты температура сақталмаса, жинақталған құжаттар бүлiнiп кетедi. Мұражай аумағындағы шағын саябақ та күтiмсiздiктен қуарып бiтiптi. Ал, жерлестерiнiң де айтары көп. Бiр кездерi шаруашылығы шалқыған кеңшардың орталығында үш жүзден астам отбасы тұрыпты. Бүгiнде соның отыз шақтысы қалған. Жергiлiктi халықты ауызсу тапшылығы қинайды. Жарықтың өзi Дулатовтың 120 жылдығы қарсаңында қайыра жаныпты. Жол мәселесi де елдi титықтатып бiткен сыңайлы. Алақандай ауылдың тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету тiптi ойластырылмаған. Бас ауырып, балтыр сыздаса, 160 шақырымдағы аудан орталығына жету қиямет-қайым iс. Осындай зәру жағдаяттардың шешiмi даңқты перзенттерiнiң мерейтойына орай шешiлсе деген де армандары жоқ емес.

– Осындай мерейтой кезiнде, халықтың бiр жасап қалатыны бар. Себебi, түкпiрдегi ауылға билiктегiлердiң назары түседi. Өзiңiз айтқандай жол жөнделiп қалуы, ауыз су мәселесiнiң шешiмiн табуы мүмкiн. Жалпы жайшылықта назарға алынбаған шаруалардың аяқастынан атқарылуы "күрiштiң арқасында күрмек су iшедiнiң" керiн келтiрмей ме? Күрiшiңiз белгiлi, күрмек деп аудандық һәм ауылдық деңгейдегi әкiмдердi меңзегiмiз келiп отыр…

– Бұл мәселе сiз ойлағандай емес. Мұндай мәселенiң шешiм тапқаны кiмге болсын тиiмдi. Сiз айтып отырған әкiм-қараларыңыздың қолында не тұр? Бiрақ, ұлты үшiн ақтық қаны қалғанша ғұмырын арнаған Мiржақыптай тұлғаны өмiрге әкелген ауылдың хал-күйiнiң нашарлығы намысы бар жанды өкiнтуi керек деп ойлаймын. Сiзге бiр мысал келтiрейiн. Жақында ғана Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов Мұқағали Мақатаевтың аулына барып қайтты. Мұны ақиық ақынның келесi жылы аталып өтетiн 80 жылдық тойына күнi бұрын басталған әзiрлiк деп түсiну керек. Шайырдың мұражайын түбiрiмен жаңғыртып, ауылдың тұрмыстық-әлеуметтiк бейнесiн заман талабына сай өзгерту үшiн "Жол картасы" бағдарламасынан арнайы қаржы бөлгiзiптi. Мiне, ақынын iздеген iзеттi әкiмнiң iсi. Қостанай облысының атқамiнерлерi осы бастамадан сабақ алса деп ойлайсың…

– Осыдан бiраз жыл бұрын Торғайда болғаным бар. Бiр кездерi өз алдына облыс болған аймақтың жағдайы мәз емес екенiн көрiп қайттым. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов сынды көптеген тұлғаны қалыптастырған өңiрдiң жайының бұлай болуы көңiлге кiрбiң ұялатады екен…

– Әлеуметтiк нысандарды айтпай-ақ қоялық. Мәдени ошақтардың күйi қарын аштырады. Жанкелдин ауданының орталығында, яғни, Торғай кентiнде бес-алты мұражай бар. Солардың бiрегейi А.Байтұрсынов пен М.Дулатов әдеби-мемориалдық мұражайы. Бұл мекемеге де жаңарту жұмыстары жүргiзiлмегенiне көп уақыт өттi. Шатырдан тамшы тамып берекенi кетiредi екен. Жәдiгерлердi жарқырата жайып қоятын орын тапшы. Ғафу Қайырбеков: "Ашық аспан астындағы мұражайлар мекенi" деп жырлаған Торғайдағы Ш.Жәнiбек, Ә.Жанкелдин, Н.Ахметбеков, т.б. мұражайлар кешенiн осы саланың жанашырлары қамқорлыққа алуы керек. Ақыры ашылып сөйледiк қой. Көкейдегiнiң бәрiн айтып тасталық. Қазiр кейбiр қостанайлықтарға рухани құндылықтардың қажетi жоқ сияқты. Қостанай қаласына Б.Майлинге мұражай ашу жөнiнде Бейiмбеттiң мұрасын зерттеп жүрген Т.Бейiсқұлов, кейiнiрек, Халық жазушысы Ә.Нұршайықов облыс әкiмiне өтiнiш хаттар жазды. "Баяғы жартас, сол жартас" болып тұр. Амал не, осы өңiрдiң тума таланттары С.Көбеев, С.Қожамқұлов, I.Омаров, Қ.Бадыров, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков т.б. сынды азаматтардың әрқайсысына мұражай ашсақ көптiк етпес едi. Оны түсiне қояр әкiмдер қайда?

– Шынын айту керек. Дәл осылай ашып айтатын ағалармен сұхбаттасқанды ұнататын едiм. Бiр Мiржақыптың айналасы кеңiп, басқа да мәселелердi сөз етiп жiбердiк. Ендi әңгiме ауанына қайта оралсақ…

– Әрине, көңiлдегiнi жасырмай айту керек. Мәселенi көтергенде ғана шешiмiн табады. Мысалы, өзiңiз қараңызшы, облыста iрiлi-ұсақты қаншама театрлар бар. Солардың бiреуiнде М.Дулатовтың пьесасы сахналанбайды. Мiржақыптың "Балқиясы" қай пьесадан кем? Пьеса деген не, сол iрiлi-ұсақты театрлардың бiрiнiң атын Дулатов атымен атауға болады ғой. Жақсылықты да айту керек. Қазiр, Құдайға шүкiр, Алматы, Астанада, Қостанай қалаларында Мiржақып атындағы көше бар. Мұндай көшелердiң көбейгенi қуантады. Бiр өкiнiштiсi, Арқалықтағы Мiржақып көшесiнiң аты құлатылған №9 шағын ауданмен бiрге өштi. Оны ескерiп, басқа көшеге ат беру жайы ойластырылмады. Ал, Астанадағы ата атындағы көшенiң ұзындығы 4 шақырымға созылып жатыр. Бiрақ, иесiнiң рухын сездiрiп, болмысын айшықтап көрсетiп тұрған жоқ. Дулатовқа қатысты не бiр белгi, не бiр дерек жоқ. Кiм екенiн бөгде кiсi бал ашып бiле ме? Көше басына толық мәлiметiн жазып қойса, сол аңдатпадан мол сыр ұғылар едi.

– Қайсеке, бiзде бiр арман бар. Осы Алаш зиялыларының көзге көрiнер ескерткiштерi саусақпен санарлық. Тәуелсiздiк идеясын ту еткен Мiржақыптардың мүсiнi тәуелсiздiктiң алтын бесiгiне айналып отырған Астанада орнату мәселесi неге жиi көтерiлмейдi?

– Әр iстiң батыр бастаушысы болады. Сен айтып отырған мәселенiң де батыр бастаушысы болмай тұр. Астана қаласының 10 жылдығына алматылықтар Жамбылдың, ақтөбелiктер Әлияның, жамбылдықтар Бауыржанның ескерткiштерiн тарту еттi. Қостанайлықтар болса, үш бұрышты брезент кермеден күнқағар жасап, концерттiк алаң кұрыпты. Осы бiр сындарлы кезеңде мерекемен астастырып ұлттың ұстазы Ахметтiң, я болмаса Мiржақыптың ескерткiштерiн сомдауға болмас па едi? Әкiмнiң қолын кiм қағар едi?!

– Мұндай тойлардың бiразы жалаң есеп берумен өтiп кетедi. Той алдында талай iстер қолға алынады. Кейiннен бәрi де ұмыт. Мiржақыптың 125 жылдығында басталған шаралар кейiннен аяқсыз қалып қоймай ма?

– 125 жылдық қарсаңында Мiржақыптың кiндiк қаны тамған Қызбел ауылында бiраз тәлiмдi iстер атқаруға болар едi. Алаш ардақтысына арнап, өзiнiң атындағы орта мектепте Мiржақып оқуларын өткiзсе, ол шара бiрте-бiрте шеңберiн кеңейтiп жоғары оқу орындарын қамтыса, мектеп мұражайының жәдiгерлерi қайта сұрыпталып, толықтырылса деген ой бар. Жасыратыны жоқ, өзiң айтпақшы мерейтойға байланысты үдемелi iс-әрекет iстеледi де, iле-шала бәрi бiте салады. Жүйелi iс қана берекелi болмақ. Мiржақып ауылын жарылқамақ болғандар аз емес. Өкiнiштiсi, олардың ұмтылысының соңы ұмытшақтыққа ұласып кетiп едi. Биыл не боларын уақыт көрсетедi. М.Дулатов туралы естелiктер жинағын шығаруды, оның көптомдығын қайта әзiрлеудi қолға алатын уақыт келдi. "Мiржақыптану" ғылыми-зерттеу орталығын ашу керек. Астанадан "Оян, қазақ!" атты мектепаралық кiтапхана жұмысын бастаса, жас ұрпақтың тәрбиесiн ширатуға өзiндiк ықпалы болатын едi. Тағы бiр үлкен шара бар. "Мiржақып жүрген iзбенен" экспедициялық жорығы ұйымдастырылса, қаншама беймәлiм деректердi табар едiк. Тек елiмiзде ғана емес, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Уфа, Ташкент, Қазан, Минск, Мәскеу т.б. шаһарларда Алаш арысына қатысты тұнған сыр жеткiлiктi. Демеушiлер табылып жатса, осы бiр абыройлы iске жұмыла кiрiсер едiк. Осындайда М. Дулатов атындағы қор ашылса, иықтағы бiраз жүк сырғыр едi деген ой алқымдайтыны бар.

– Үмiтсiз шайтан ғана дейдi ғой. Мәселенiң мәнiсi түзелу үшiн қанша сынға алсақ та, билiктегiлерден күдер үзбейтiнiмiз анық. Атамыздың 125 жылдығы ойдағыдай өту үшiн өз көмегiн аямайтын азаматтар да бар шығар. Немесе кiмдер көмек көрсетедi деп үмiттенесiз?!

– Әрине, шараның межелi жерiне жетуiне билiктегiлердiң ықпалы зор. Оны пәлендей деп айта салу қиын. Бiрақ, ел болған соң, “елiм” дейтiн ерлер болады ғой. Қостанай облысы Қамысты ауданының әкiмi Бақберген Өтеулин Мiржақыптың атасы туған жерге ескерткiш орнатып, азаматтық көрсеттi. Сол атасының, яғни Мадияр Жауғаштыұлының есiмiн Түркiстанға қашап жаздырған да сол азамат. Арқалық қаласында тұратын тағы бiр ұрпағы Бәйгерей Балғаұлы жыл сайын М.Дулатовты еске түсiру жөнiнен спорттық турнирлер өткiзiп келедi. Ал, Құрманғазы Жандiлдиннiң де көмегi өзiнше. Бұл азаматтар биылғы жылы да мецанаттық қырынан жарқырап көрiнер деген сенiмдемiз.

– Өзiңiз айтып отырған Мiржақыптың жетiншi атасы Мадияр Жауғаштыұлы туралы "Егемен Қазақстанда" жарияланған мақалаңызбен танысып шықтым. Мiржақыптың негiзге тартып туғандығын аңғардым.

– Бұл ендi басқа тақырыптың аясында айтылар сөз. Түркiстандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне жерленген баба есiмi Әзiрет-Сұлтан мұражайындағы тақтаға қашалып жазылды. Ендi Мiржақып мерейтойы тұсында 1723 жылы "Ақтабан шұбырындыда" халқын жаудан аман алып шығып, әуелi Ұлытауға, кейiнен Торғай өңiрiне қоныс аударған, Сарықопа, Қызбел бойын тұрақты мекен еткен (1726 жылы Ордабасыда үш жүздiң бас қосқан жиынына қатысқан ол, 1735 жылы қартайып өз ажалынан қайтыс болады) бабамызға арнап сол қасиеттi өлкеде ас берiлсе деген тiлегiмiз және бар.

– Қайсеке, шиырлап отырып, бiраз мәселенiң шет-жағасын шығардық-ау, деймiн. Осы сұхбаттың нүктесiн әдемi оймен қойсаңыз…

– Деректi фильмдер түсiрудiң шеберi X.Омаровтың қоржынында Мiржақыпқа қатысты бiраз дүние бар. Оның бәрiн қалың жұртшылық толық бiле бермейдi. Теледидарларда арагiдiк жылт еткенi болмаса, назарға ұдайы ұсынылмайды. Мiржақыпқа қатысты еңбектерде кейде деректi көпе-көрiнеу бұрмалап, оқырманды шатастыру фактiлерi де кездесiп қалады. Мысалы, 2005 жылы "Жалын" баспасынан шыққан "Жүз тұңғыш" атты қос кiтаптың екiншiсiнде Мiржақыпты Қазбек ауылында туған деп жазған. Дұрысы – Қызбел ауылы. Оның мәйiтi 1992 жылдың қазан айында әкелiнiп, қайта жерлендi деп көрсетiлген. Дұрысы – қыркүйек айы. Осылайша ұңғи түссек, басқа да жарияланымдардан ағаттық iзi байқалады. Аз айтсақ та, көп айтсақ та, дiттегенiмiз осы. Мiржақып Дулатовтың 125 жылдық мерейтойын ұрпаққа үлгi-өнеге боларлықтай етiп, өткiзсек, Алаш арысы алдындағы парыз бен қарызымыз сәл де болса өтелер едi! Менiң айтпағым – осы!

Сұхбатты жазып алған – Қанат ӘБIЛҚАЙЫР

Серіктес жаңалықтары