ҚОРҚЫНЫШ – ҚҰПИЯ ҚЫЗМЕТТЕРДIҢ ЗҰЛЫМ ҚАРУЫ
ҚОРҚЫНЫШ – ҚҰПИЯ ҚЫЗМЕТТЕРДIҢ ЗҰЛЫМ ҚАРУЫ
Ресейдiң көптеген аймақтары мен iрi қалаларында орын алатын лаңкестiк әрекеттер мен қуатты бомба жарылыстарынан жүздеген бейсауат адамдардың қаза тауып жатқаны баршаға белгiлi. Алайда, осындай қанды әрекеттердiң шынайы себептерi мен нелiктен орын алатыны жөнiндегi қоғамның бiлетiнi тым мардымсыз. Өткен наурыз айындағы Мәскеу метросындағы жарылыстардан талай адам көз жұмды. Ал жуырда Дағыстанда аталмыш лаңкестiк әрекеттердi ұйымдастырды делiнетiн Магомедали Вагабовтың өлтiрiлгенi сол-ақ едi, iзiнше аймақта лаңкестiк әрекеттер бұрынғыдан да өрши түскенi аңғарылған. Жанкештiлiк әрекеттердiң iшкi астары туралы Ресейдiң ресми билiгi тапсырыспен жаздырған талдаулары мен құпия жазбалар оқтын-оқтын жарияланса да, қатерлi құбылыстың iшкi сырын толық ашып бере алмайтыны айқын. Қанды лаңкестiк әрекеттердiң ұзақ жылдардан берi тоқтаусыз жалғасып келе жатқанына не себеп? Беслан мектебiндегi трагедияға қалай жол берiлдi? Жас ғұмырларын көпе-көрнеу ажалға қиятын жанкештiлер саны неге азаймайды? Кавказ халықтарының уыздай бойжеткендерi мен жас келiншектерi шаһид белбеуiн жиi тағатыны қалай?
Белгiлi журналист Елена Логинова өткен жылы атышулы «Мафия – ФСБ» кiтабының авторы, жалған айыптаумен Ресейде 10 жыл түрмеде отырған Владимир Мальсаговпен сұхбаттасып, екеуара әңгiме Интернет арқылы бүкiл әлемге таралған болатын. Жоғарыдағы және одан да өзге талай сауалдарға осы сұхбат бiршама жауап беретiн сияқты. Сондықтан осы сұхбатты қысқартып тәржiмалап, «Түркiстан» газетi оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық.
– Владимир, "Мафия – ФСБ" кiтабын жариялауыңызға түрткi болған басты себеп не? Ондағы әшкерелеушi, деректi ақпараттар, менiңше, қоғамды дүр сiлкiндiрiп қана қоймай, сiздiң өмiрiңiзге де зор қауiп туғызатынына күмән жоқ. Ащы шындықтан тайсақтамауыңыз бен түпкi мақсатыңыздың шынайы сырын бiлгiм келедi.
– Бұл еңбектi жазуыма не себеп болғаны жөнiнде "Мафия – ФСБ" кiтабының алғысөзiнде айтылған. Онда: "Iбiлiстiң сынағындай кергiге салынған, Кремль және құпия қызметтердiң кеудемсоқ мүдделерi үшiн үйлерi тып-типыл етiлген, аштыққа ұшыраған, геноцидтiк соғыста жаппай қырғын тапқан Чешен республикасының халқы үшiн жаным күйзелiп, ауыр азап шегемiн. Кремль Чешенстанды жеке пайда табудың бiрден-бiр көзi, iргелес аймақтарда жүргiзiлетiн сан алуан содырлық операцияларға дайындық плацдармы, ал бозымдай чешен жастарын өмiр бойы Ресейден тыс жерлерде жүзеге асырылатын астыртын әрекеттерге қажеттi жауыз жасақшылар, баскесерлер ретiнде санай бере ме?" – деп жазылған. Егер, мен тағдырдың жазуымен қазiр тоқтаусыз үздiксiз жалғасып келе жатқан сұмдық жайттардың шынайы iшкi сырын бiлмесем, ФСБ-ның қылмыстық топтарына көңiл аудармас та едiм.
Бүгiнде кинолар түсiрiлiп, әндер шығарылып жүрген Ресейдегi жабайы капитализмнiң алғашқы кезеңiндегi апайтөс жiгiттер секiлдi жас бұзақылардың бригадасы ғана болар деп жүре берер ме едiм. Ресей құпия қызметтерiнiң iс-әрекеттерi жеткiлiктi мөлшерде ашық әрi жария болмайынша, ең бастысы, парламентке есеп берiп тұрмайынша және осыған сәйкес халықаралық ережелерге сай заң қабылданбайынша қаратүнек кезең үзiлiссiз жалғаса бередi. Мен – шетелдiк бизнесмен мырзалар, бизнестерiңiздiң тағдырын Ресеймен байланыстырудан аулақ болыңыздар дер едiм! Егер сiздерге өз өмiрлерiңiз бен ақшаларыңыз қымбат болса, Ресейде кез келген әрекет адамдық ережеден тыс, сiздер үшiн ешбiр ақылға сыймайтын әрi жат түсiнiктер бойынша жүргiзiлетiнiн ұғуға тиiссiздер. Әйткенмен, бұл елдегi жұмыс күшiнiң арзандығына әрi шикiзаттардың су тегiн екендiгiне қызығып, Ресейге қаражат құйсаңыздар, я болмаса өндiрiс орнын ашуға ұмтылсаңыздар сiздер жыртық астау құшақтап қаласыздар. Немесе талақтай жабысқақ құпия қызметтердiң тойымсыз аранын адал ақшаларыңызбен толтыруға мәжбүр күй кешiп, солардың айтқанына көнiп, айдағанына жүресiздер. Олар белгiлеген ережелер мен талаптардың шеңберiнен шықпай күн кешесiздер. Олай етпесеңiздер қарақұрым өрттен қорғаушылар, сансыз салық тексерушiлерi мен СЭС-тiң өкiлдерiн қаптатып немесе басқадай мыңдаған айламен банктегi есепшоттарыңызды тарс жауып тынады. Тiптi, "Рэдисон-Славянской" мейманханасының иесi Пол Тэльбот және басқа да кәсiпкерлер сияқты тападай тал түсте атып тастай салады.
Базбiреудi ажал күтiп тұр, ендi бiреулер пайдаға белшесiнен батуы да ықтимал, бiрақ қандықол жендеттерге қолдау көрсету адамшылыққа жата ма? Мен қалыптасқан жағдайға орай өзiм куә болған жайттарды бұрмалаусыз жазуға бекiндiм. Қирандыға айналған Чешенстандағы туған халқымның қайғы-қасiретiн, сансыз өлiмдi көру жан төзгiсiз едi. Орын алған iстердiң шынайы кейпiн, оны ұйымдастырушыларды және не үшiн, кiмдердiң мүдделерi үшiн орындалып жатқанын көре-бiле тұрып үнсiз қала алмаймын. Жазу үстiнде қолыма қаламсап емес, жарылатын граната, тiптi, бомба ұстап отырғандаймын.
Бұл шындық өте қорқынышты әрi аса қауiптi. Мұның салдары шындық сүйетiн адамдардың санасындағы ядролық жарылыспен шендес. Батылдық пен пайымдаудан қол үзбеген адамдар түптiң түбiнде өмiр сүрiп жатқан елiмiз қандай, оны кiмдер билеп отыр, билiкке және байлыққа өндiршектей ұмтылған олар үшiн бiз кiмбiз деген сұраққа келiп тiрелетiнi күмәнсiз. Бұдан былай да мылқау күйде қаламыз ба? Қасиеттi жерiмiз соғыс өртiне шарпылып, қалаларымыз жермен-жексен қиратылып, адамдар ажал құша беруге тиiс пе? Сiзге қалай екенiн қайдам, ал мен шындықты айтуға мiндеттiмiн! Олардың көңiлiне жақпайтын кiсiлер тападай тал түсте көшеде, Мәскеудiң қымбат мейманханасында немесе Ресейдiң кез келген қаласында, тiптi, көбiне Еуропа мен әлемнiң барлық жерiнде өлтiрiле беруi тиiс пе? Оған қоса осының баршасы жабулы қазандай құпия болып, өлтiруге тапсырыс бергендердiң аты-жөнiн ешкiм, ешқашан айтпай қала бере ме? Үрейлi-ақ! Әрине, өте қорқынышты, ал үрей тудыру олардың негiзгi мақсаты мен басты қаруы. Көптеген адам мұны жақсы бiледi және үндемейдi. Құпия қызметтердiң әуселесiне тәнтi үндемейтiндер де, көпiрте мақтайтындар да жетерлiк. Мақтаушылар, негiзiнен, өздерiн белгiлi топтардың, қылмыскерлердiң қатарына жатқызатындар. Ал, мен қорқа-қорқа болғанмын, ал көмектесе алатынымды бiле тұра тоқтату үшiн әрекет жасамауды су жүректiк және арамзалық деп санаймын.
– Иә… бұлай деп айту үшiн көп нәрсенi бiлу керек. Ресей құпия қызметтерi сiздiң "Мафия – ФСБ" кiтабыңыздың жарық көруiне қалайша жол бердi? Интернет кеңiстiгiнде орыс тiлiндегi нұсқасы жарияланды, ал болгар тiлiндегiсi Еуропаның кiтап сөрелерiнде тiзiлiп тұр. Ендi таяуда ағылшын тiлiнде де жарық көрмекшi. Владимир, Сiз танымал тұлғасыз және ешкiмнен жасырынып та жүрген жоқсыз. Литвиненко, тағы басқа бiраз адам көз жұмды, ал Сiзге тиiспегендерi қалай? Кiтапта сiз тура нұсқап көрсеткен әрi еш бұлталақсыз жазған адамдар ешқандай аяушылықты бiлмейдi ғой…
– Олар менi Ресейде өлтiрiп үлгере алмаған соң, ендi қолдарынан не келедi? Мен құпия түрде Ресейден бассауғалап шықтым, ал өзге жерде жергiлiктi қызметтер қорғап жүр. Кiтаптың қолжазбасымен алғаш танысқан Анна Политковская едi. Чистые прудыдағы, менiңше, Архангельск тұйығы болса керек, "Новая газетаның" редакциясына достарым өз көлiктерiмен жасырын әкелдi. Тула қаласындағы түрмеден жаңа шыққан бетiм. Туладағы ФСБ-ның қызметкерлерi құжаттарымды түгелдей құртқан соң, ол кезде менде ешқандай да құжат жоқ едi. Ресейде мен қарапайым сақшы миллиционердiң де көзiне түспеуге тырысып, ылғи жасырынып жүрдiм. Қолжазбаны мұқият оқығаннан кейiн Аня: "– Сiз осының бәрiн растайсыз ба? Және шын аты-жөнiңiзбен маған сұхбат бересiз бе?" – деп тiке сұрады. "Мен чешенмiн, бiрақ өзiн-өзi өлтiрушi емеспiн! Әрине, кезi келгенде ондай сұхбат беремiн, ал қазiр ондай сұхбатқа дейiн де өмiр сүруiм неғайбыл", – деп жауап бергенмiн. Оған бұл жауабым ұнамаған болса керек:
"– Чешендер – сiздер қандай халықсыздар? Өзара бетпе-бет әңгiмеде өте маңызды, сұмдық жайттарды айтасыздар, ал газет мақаласына аты-жөндерiңдi қоюды қаламайсыздар. Бұлайша ешкiммен күресу де мүмкiн емес, ешкiмге көмектесе де алмайсың!" – дедi ашу қысып. Бiз үш рет кездестiк, әңгiмелестiк. Ол өзiне қажеттi әлденелердi сұрастырып, түртiп алып жүрдi, ал мен шетелге астыртын түрде өтуге көмектесуiн сұрадым. Өйткенi, менде шетелге шығатын да, тiптi Ресейде тұруға да ешқандай құжатым жоқ едi. Iстiң мәнiсi қызықтырған Анна Политковская өз бетiмен материалдар жинауға кiрiскенiн бiлемiн. Ж.Аттали, өзге де әлемдiк деңгейдегi вип-менеджерлер жұмыс iстеген Хожа-Ахмед Нухаевтың меншiгiндегi фирмалар жөнiнде толық мәлiмет алу үшiн Лондонға да барды. Ресейдегi ФСБ-мен байланысты, коммерция пердесiн жамылған мұндай құрылымдар үшiн бұл өте қауiптi әрi қажетсiз едi. Мен оның осы үшiн өлтiрiлгенiне күмәнданбаймын, тiптi, оны өлтiруге бұйрық қайдан, кiм арқылы түскенiн суреттеп бере аламын.
Лена, мен бұл туралы баспасөзде ең алғаш рет айтқалы отырмын. Алуа зонасында (ИТУ63/1) Х-А.Нухаевпен бiрге Имран Вагапов 1985-86 жылдары бiрге отырды. Олар жақын достас қарым-қатынаста болған. Лагерь тiлiмен айтқанда, "үзiм нанды бөлiп жедi", түрмедегiлер айтатындай "бiр отбасының мүшелерi". Бұған дейiн еш жерде жұмыс iстемеген, мүлдем сауатсыз, Х-А.Нухаев сыйлаған титтей "Оазис" кафесiнiң ғана иесi болып жүрген Имран Вагапов қазiр Ресейдегi ең бай Оңтүстiк федералдық округiнде Федералдық инспектор болып iстеп жүр. Дмитрий Козактың орынбасары деңгейiне жеттi. Ал оны мұншалық биiк лауазымды орынға, әрине, Хожа-Ахмед Нухаев тағайындағанына еш күмән жоқ. Мұндай лауазымның қандай билiкке қол жеткiзетiнi, Имран Вагапов қандай мәселелердi шеше алатыны және қандай пайда табатыны туралы айтудың өзi артық. Өйткенi, осы аймақтағы барлық облыстар мен барлық республикалардың президенттерi өз қызметтерiне кiрiсерден бұрын Имран Вагаповке ант бередi. Сондай-ақ, Ростов облысы, Ставрополь мен Краснодар аймағы, Осетия, Ингушетия, Чешенстан және Дағыстандағы милицияның басшы орындарындағы адамдарды тағайындау оның келiсiмiнсiз жүзеге асырылмайды. Ресейдiң оңтүстiгiндегi барлық қызмет соның құзырында, ал бұл жерде қандай көлемде пара берiлетiнiн айтпай-ақ қояйын. Имран Вагаповтың туған жерi – Шалажи. Бұл – Ачхой-Мартан ауданында. Ал Анна Политковскаяның өлiмiне байланысты айыпталып жүрген Лом-Али Гийтукаев пен Бураевтың туған жерi де осы Шалажи. Олар көршi тұрады. Әрине, Бураевтың Ачхой-Мартан ауданының басшысы болып бекiтiлуi И.Вагаповтың келiсiмiнсiз жүзеге асуы мүмкiн емес.
– Владимир, сөздерiңiзге қарағанда, өзiңiз айтқан ауыр қылмыстарға қатысы бар деп отырған кiсiлерiңiздiң бәрi де аса беделдi адамдар. Сiз олар жайында бұл жерде емес, мәселен, прокурорға неге айтпайсыз? Олар жайында пiкiр бiлдiру маған өте қиын, тiптi, кейде жинаған ақпарлар шындыққа сәйкесе бермейтiнiн де жақсы бiлемiн. Өз тәжiрибемнен, өзiм аса құрметтеп жүрген кiсiге қатысты жайттардан ащы сабақ алғанмын…
– Лена, Ресейдегi ең аңғал дейтiн адамның өзi де басы ашық бiр жайтты жақсы бiлетiнiне күмән жоқ: Президент те, премьер-министр де, прокурор, ФСБ-ның төрағасы, Iшкi iстер министрi де, Зұлымдық империясының барлық түрмелерiмен қоса әдiлет министрi де бiр адам – В.В.Путин! Өзiнiң марионеткалар театрының шексiз билiгiн уысына жинақтаған Каррабас Баррабас сынды ол. Оның айтқанына көнiп, айдауына жүре қоймаған М.Ходорковский мен П.Лебедев, өзiңiз аса құрметтейтiн кiсi сынды сын айтқан талай адам мыңдаған саяси тұтқындар сияқты қазiргi ГУЛАГ-тардың қара нанын талғажау етуде. Кейбiреулерi А.Литвиненко, А.Политковская, Г.Старовойтова, Ю.Щекочихин, Ющенков, Маркелов секiлдi асқан зұлымдықпен өлтiрiлдi. Сонда қалай, В.В.Путиннiң үстiнен В.В.Путиннiң өзiне шағымданам ба? Әлде өлтiрiлгендер үшiн наз айтып қана қоям ба?
– Баспасөздерде ылғи Ахмед Закаевтың есiмi көзге түседi. Бiр кездерi ол актер болған екен, жалпы интеллигент кiсi ғой. Алайда, соңғы кездерi Ресей мен Батыстың баспасөзiнде осы саяси тұлға туралы түрлi пайымдаулар жарық көруде. Сырттан қарағанда аса жағымды және мәдениеттi адам сияқты. Ал Ахмед Закаевтың қызметi туралы сiздiң пiкiрiңiз қандай?
– Закаев туралы көптен бiлетiнмiн, бiрақ Лариса Володимерова әуелде маған еш сенбей қойды. Өйткенi, ол Закаевпен өте тығыз қарым-қатынаста болатын. Кейiнiрек, әсiресе Вальтер Литвиненконың хатына байланысты оқиғадан соң және Ахмед екеуi телефонмен сөйлескеннен кейiн менiң айтқандарым рас екенiне көзi жеттi. Закаевтың таза емес екендiгiне тағы бiр мынандай дәлел бар: екiншi орыс-чешен соғысы басталғанда чешен жерiнде Ресейдiң барлық соғыс қуаты iске қосылды. Пайдалануға рұқсат етiлген де, рұқсат етiлмеген қару түрлерi жаппай қолданыла бастаған. Әлемде соғыс қаруларын шамадан тыс пайдалануды айыптаушылар молайып, Ресейдi Еуропа Кеңесiнен шығарып тастау туралы мәселе көтерiлдi. Закаев президент Аслан Масхадовты да, Чешенстандағы ешкiмдi де хабардар етпестен, Кремльдiң тiкелей бұйрығымен Мәскеуге ұшып, Внуково әуежайында Чешенстандағы Ресей әскерлерiнiң қолбасшысы Казанцевпен кездестi. Олар ұрыс қимылдарын тоқтатуды талқылады-мыс. Бұл Еуропаның Ресей жөнiндегi ұстанымдарын жұмсартып, олар Ресейдi Еуропа қауымдастығынан қуып шықпады. Ал дауыс беру аяқталған соң-ақ соғыс өртi жаңа күшпен лаулап, кейiнiрек А.Масхадов та өлтiрiлдi. Осы кiтаптың жарық көруiне көпе-көрнеу талай тосқауыл жасағаны да оның саяси және адамдық тұрғыдан былғаныш екенiне қапысыз дәлел болса керек. Құпия қызметтердiң бұйрығымен Х-А.Нухаевты ақтау үшiн жасамағаны жоқ. Александр Литвиненконың әкесi Вальтер Литвиненко кiтаптың қолжазбасын құпия түрде оқып шыққан соң, жылы лебiз жазды. Кiтапқа қосымша ретiнде өзiнiң ұлы Александр жеке өзiне ғана айтқан, кейiн Александрдың "доссымақтарының" өтiнiшi бойынша кең таратылмаған жайттарды хатпен жазып жiберетiнiн хабарлады. Ресей түрмелерi мен қапастарындағы тұтқындардың нақты өмiрi туралы шындықтар мен өзi куә болған жайттарды: ГУЛАГ-тардың әкiмшiлiк қызметкерлерi тарапынан жасалған азаптау, кiсi өлтiру, адам зорлау, адамдық қасиетiн қорлаулар жөнiндегi ойларын жазуға уәде еткен. Александр Литвиненконың әкесi дәрiгер-психиатр бола жүрiп, ұзақ жылдар бойы Зұлымдық империясының қапастарында мұның бәрiне куә болған және сынағаны үшiн жұмыстан шығарылған кiсi. Вальтер Литвиненконың "Мафия – ФСБ" кiтабына арнап жазған тараулары Лондондағы Ахмед Закаев арқылы жiберiлдi. Аңғал Вальтер оны Александрдың қандыкөйлек бауыры деп санап, шексiз сенетiн. Ахмед Закаев хат келген жоқ деп уақытты соза бердi, ал Вальтердiң өзi хаттың жiберiлгенiн растағанда және марқұмның қарындасы Татьяна Литвиненко талай рет қоңырау шалғанда Александрға ас беретiн уақыт та болған едi. Марқұмның туған-туыстары, тiптi, батырдың ерлiгiне сырттай тәнтi адамдар Лондонға ағыла бастағанда Ахмед хатты салып жiберудi бөтен бiреулерге тапсырып едiм, ендi өз қолыммен саламын деп телефон шалды. Iске салғырт қараған әлдекiмдердi айыптады аямай. Бұл уақытты соза түсу үшiн әдейi жасалған әрекет едi. Станиславскийдiң әдiсiмен актер бәрiн де дәл есептеген көрiнедi. Ұлының ажал құшқан күнiнде қайғы-шерге батқан әкеге кiм артық-ауыс сұрақ қоймақшы? Вальтер аттанып кеткеннен кейiн Ахмед хат поштада жоғалып кеткен шығар деуге көштi. Осылай болуы заңды да едi. Өйткенi, ол өзiнiң қожайыны Хожа-Ахмед Нухаевты тыңдамауы немесе оны ұятқа қалдыруы мүмкiн емес қой…
… – Жақсы менiң ойымша, тым батыл айтсаңыз да, шыныңызды айтып отырсыз. Сөз бостандығы! Путин мырза "мочить в сортире" дегендi де ауызға алған. Ештеңе жоқ, қазiр бұл базбiреулер үшiн қанатты сөзге айналған сияқты. Сiздiң кiтабыңыз расында баяу жарылатын бомба болуы мүмкiн. Көп ұзамай-ақ бәрi де жұртқа мәлiм болады. Бұл басы ашық жайт! Интернет – өзiн бақылауға алғысы келгендердiң бақылауынан шығып кеткен гиперкеңiстiк. Сiздiңше, соңғы жиырма жыл барлық ақпараттың көбiктенiп шыққан кезеңi болған жоқ па? Ендi, былайша айтсақ, оны тазалау жүрiп жатқан жоқ па? Сiз чешен халқының тарихи оқиғаларға қозғау салған құрбандық ретiндегi рөлiн сезiнесiз бе?
– Лена, Чешенстан, оның халқы және оған қатысты оқиғалар өзiндiк тарихи қозғаушы болғанын дұрыс айтып отырсыз. Чешендердiң тағдыры аса ауыр әрi таңғажайып: Зұлымдық империясының езгiсi мен бұғауындағы чешен халқы ғасырлар бойы құрбандық кебiн киюде. Бiрақ сол халық қарғыс атқан осынау елдiң қабiршiсiне де айналары сөзсiз.
– Неге қабiршi, бәлкiм бәрi де қалпына келер, тазарар?..
– Американың екiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатысуы мен КСРО-ға көмектескен екiншi майданды ашуына жапондықтардың Перл-Харбор түбiнде АҚШ флотына жасаған шабуылы түрткi болғанын бiлесiз. Бiрақ, осы операцияны Сталиннiң жеке бұйрығымен КСРО НКВД-сi жоспарлап, ойластырғанын көп адам бiле бермейдi. Ал жапондықтарды шабуылға итермелеген әйгiлi кеңес тыңшысы Рихард Зорге болатын. 1957 жылдың тамызында АҚШ-тың Конгресi тергеу жүргiзiп, айтылған фактiлер толық дәлелдендi. Әрине, КСРО-ға қарсы соғыс ашу туралы сөз болған жоқ, тек АҚШ және бүкiл әлем өздерiнiң басты жауы КСРО екендiгiне көздерi жетiп, оған мейлiнше күдiкпен қарай бастады. Ал АҚШ-тың территориясындағы барлық коммунистердiң болашақ тыңшы немесе лаңкестер екендiгiне шәк қалмады…
– Владимир, Сажа Умалатова Жанна Агузарованың туған шешесi дегендi бiр жерден оқыдым. Сажа Умалатова тумысынан чешен қызы, Ресейдiң бейбiтшiлiк және бiрлiк партиясының төрайымы, РФ Президентiнiң саясатын қолдау қоғамдық қозғалысының да жетекшiсi. Ол да сiз сияқты айдауда, Қазақстанда дүниеге келген. Сiз онымен таныссыз ба?
– Сажа Умалатова бiздiң үй тұрған "Красный молот" зауытының жанында тұрды, немере қарындасым Марет Хатуевамен бiр сыныпта оқыды. Мен Сажаның ағаларын бiлемiн, бiреуi менiмен бiр кезеңде қамауда болды, бiрақ басқа лагерьде отырды. Агузарова туралы өсек бос сөз! Мұндай қауесеттi қайдан ойлап табатындарыңызды Құдайым бiлсiн! Егер Интернеттен алсаңыздар, онда лас дүние әжетханадағыдан да көп емес пе? Оның үстiне құпия қызметтер де әдейiлеп түрлi өсек таратып қояды. Сiз аңғарсаңыз, мен Сажаға деген көзқарасымды бiр ауыз сөзбен жеткiзген болатынмын. Одан басқаға ол татымайды. Бiрақ, сөз осылай өрбiген соң таратып айтып көрейiн. Мен түрмеден Умалатоваға хат жолдап, бұдан былай ТВ-да көрiнбеуiн, өзiн өзi әлдеқашан масқаралап болғандықтан, ендi өз ұлтын масқараламауын сұрадым. Сажаның қара басы және өзiнiң хатшысы – жиен қызынан ғана тұратын "Мир и единство" партиясын Путиннiң әлдебiр жерiн жалау үшiн "Президент Путиндi қолдау қозғалысы" деп қайта атаған кезде жазған едiм. Путин оның қолдауынсыз ешқайда аяқ баса алмайтын секiлдi, құдды бiр! Ал бұл уақыт Путин жаңа орыс-чешен соғысын бастаған кез болатын. Оның барлық партиялары не үшiн құрылғаны және партиялық шаралар мен кеңселерiне қажеттi ақшалар қайдан келгенi сiзге түсiнiксiз бе? Оның партиялары Саддам Хусейн, Ким Чен Ир, тағы басқа да тоталитарлық жүйелердiң басшыларын қолдау үшiн әдейi құрылған қуыршақ ұйымдар ғой. Ал кез келген диктаторға Мәскеудегi шетелдiк елшiлiктердiң алдында митинг немесе басқа шаралар ұйымдастыру үшiн бiрнеше жүз мың долларды лақтыра салу түкке тұрмайды емес пе?! Ұсақ-түйек! Ирак экономикалық қоршауда қалған кезде Хусейн "Мұнайды азық-түлiкке айырбастау" бағдарламасы бойынша мұнайға квотаны оңды-солды үлестiргенi мәлiм. Ал Сажа әлгi квотаны өзiне жақын бiр адамның көмегiмен зор ақшаға әдемiлеп үйлестiрдi. Несiн айтасың, мұндай алаяқтық арқасында Дума фракциялары басшыларының бәрi қалталарын қампайтты. Владимир Вольфович Жириновский де, Зюганов та, тiптi, бұрынғы патриарх Алексий бастаған РПЦ-да шылқып байыды.
– Бiздiң бәрiмiз Кеңестер Одағынан шықтық және ол кездерi бұл елдiң көп санды халқы өзара тату-тәттi өмiр сүретiн ортақ мәмiле тапқан сияқты аңғарылатын. Алайда, Владимир, сiз өз көзқарастарыңыз үшiн дәп осы кезеңде қапас қамауда болдыңыз. "Мафия – ФСБ" кiтабында қылмыстық топтар мен билеушi жүйенiң өзара ауызжаласуы салқынқандылықпен жазылған. Сол кезде сiздiң кiшi отаныңыз – Чешенстанның басына күн туатынын алдын ала бiлуге болар ма едi?
– Совдепияның күйреген кезiндегi көп жайтты алдын ала бiлуге болатын. Өйткенi, Чешен республикасы мұнайдың, газдың, басқа да табиғи шикiзаттардың мол қоры бар, экономикалық тұрғыдан аса бай аймақ. Тiптi, таулардағы уран шахталары Л.Берияның тұсында зерттелiп, кейiн құпия жабылып тасталған. Оның үстiне бұл жер аса маңызды геосаяси аймақ. Ресейдегi монархия кезеңiнiң өзiнде-ақ Чешенстанға кiм ие болса, бүкiл Кавказды бақылап отыруға, Таяу Шығысқа ықпал етуге болатыны белгiлi-тұғын. Сондықтан да Чешен жерi үшiн сөзсiз тартыс өтетiнi түсiнiктi едi. Себебi, бұл жер көптеген тараптардың мүдделерi тоқайласқан ұрымтал тұс. Бiрақ, осының бәрi Кремльде отырған қаратүнек күштердiң жобалағанындай сойқанды жоспар бойынша жүргiзiлетiнiн ешкiм болжаған жоқ.
– Өңiрде, әсiресе Ресейде дiни негiздегi қақтығыстар орын алып жүргенi мәлiм. Түрлi ағымдар арасында туындаған пiкiр қайшылығы тереңдеп барады. Сiз вахабизмге қалай қарайсыз?
– Ең алдымен "вахабизм" ұғымына түсiнiк берiп алайықшы. Егер де XVIII ғасырда Мұхаммад ибн Абд аль Ваххаб ат-Тамими (1702-1792 ж.ж.) негiзiн салған және осы ғалымның атымен аталған iлiмдi айтар болсақ, осы iлiмнiң жолын қуушылар 1932 жылы тәуелсiз Сауд Арабиясы мемлекетiн қалыптастырғанын атап өткен дұрыс. Сауд Арабиясында шариғат заңдары қатаң сақталады. Қылмыс атаулы мүлдем болмайтын Катар, Бiрiккен Араб Әмiрлiгi сияқты мемлекеттерiндей елдерде вахабизм бүгiнде исламдағы негiзгi әрi басты дiни бағыт болып отыр. Бұл iлiмнiң негiзгi ұстанымы: "Өздерiңiзге пiр жасап, оған табыныңыздар!" және қасиеттi Құранның құдыретiмен Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) берiлген сенiмге өзгертулер енгiзiлмеуi тиiс. Бұл – мұсылмандар арасында кикiлжiң тудырмауға және құдайсыздықтан сақтануға қажет болды.
Таяу Шығыс жөнiндегi негiзгi маман, армия генералы Е.М.Примаковтың басшылығымен Ресей құпия қызметтерiнiң аналитикалық орталықтарында құрылған Күрдi Жұмысшылар партиясынан бастап, Палестина мен Ливандағы ХАМАС, Ресейдегi базаларын ФСБ қорғайтын және соның қолдауымен әрекет iстейтiн, сондай-ақ Ауғанстан, Пакистанда лаң салатын Аль-Каидаға дейiнгi барлық лаңкестiк ұйымдарға тартылған жастар жалған Ваххабтың идеяларымен саналары уланып, ислам жолын қуушыларға қарсы арандатушы әрекеттер жасаумен келедi және ФСБ-ның талаптарын соқыр сенiммен жүзеге асыруда. Жас күнiнде Евгений Максимович Лаврентий Берияның орынбасары, 1944 жылы чешен халқын Қазақстан, Қырғызстан және Сiбiрге жер аударуды жүргiзген, сонымен бiрге репрессияға ұшыраған халықтарды аяусыз жазалауды жүзеге асырған генерал Гвешианидiң қызына үйлендi. Үйленген соң тбилисилiк бозбала Примаковқа КСРО КГБ-iне кең жол ашылды. Қазiр ол олигархтардың "ортақ қазанына" бақылаушы және Кремльде солардың мүдделерiн қорғайды. Айтқанына көнбейтiндер мен ақшасын босқа шашқысы келмейтiндердiң күнiн қараңғы түнге айналдырады. Яғни, қаласа әлгiндейлердiң басына қара бұлт үйiрiлте алатын жан. Ресми түрде бұл қызмет "Сауда-өнеркәсiптiк палатасына төрағалық ету" деп аталады. Иә, Батыста құпия қызметтiң жоғары шендi офицерлерiне дәп осындай майлы орын тауып беруге ешқашан батылдары бармас едi, бiрақ Ресейде жоғары билiктiң құрылымдарындағы негiзгi түсiнiктер мен өзара қарым-қатынас түрмеден айна-қатесiз көшiрiп алынған, тiптi, үлкен бiр түрме дерсiң. Дәл осындай "примаковтық" вахабистiк орталықтар Дағыстанның Чабан-Махи, Кара-Махи, Чешенстанның басқа да жерлерiнде ұйымдастырылып, қанқұйлы әрекеттерiн жайбарақат жүзеге асырып жатты. Олардың басшылары ФСБ-нiң полковнигi Халиф-Адам Дениев пен оның бауыры, ФСБ майоры Шамиль жалған вахабистiк идеологияны жамылып, өлтiру немесе ақша талап ету мақсатында адамдарды ұрлаумен айналысты әрi Лубянканың бұйрығымен лаңкестiк әрекеттердi ұйымдастырды. Сосын Чешенстан мен чешендерге деген терiс көзқарас қалыптастыру үшiн бетперде киген адамдардың қолымен жасалған қанiпезерлiк әрекеттердi бүкiл әлемге паш етiп отырды. Халиф-Адам Дениевтiң баскесерлерi "Свобода" радиосының журналисi Бабицкийдi ұрлады. Бiрақ, менiңше, "қарсыласушыларының" атын жамылып, Чешенстан республикасындағы Атаги елдi мекенiндегi шетелдiктер тұрғызған Қызыл крестiң ауруханасында жұмыс iстеген шетелдiк дәрiгерлердi бұл топтың аяусыз атып тастағаны нағыз шектен шыққандық дер едiм. Бұл қылмыстан кейiн шетелдiк дәрiгерлер мен басқа да мамандар республиканы тастап кетуге мәжбүр болған-ды, ал Ресейдiң Сыртқы Iстер министрлiгi осы сылтауымен елге ешкiмдi кiргiзбегенi айтпаса да түсiнiктi. Арби Бараев пен "Горец" арнайы тобының командирi, жүздеген адам өлтiруге қатысқан және тонаушылық жасаған, кейiнiрек ақпараттың таралып кету қаупi туындаған соң Мәскеудiң ортасында өз адамдарының қолынан ажал құшқан подполковник Мовлади Байсаров та осындай жалған "вахабистердiң" қатарына жататын. Мен осы айтылған "лубянкалық вахабизмге" түбегейлi қарсымын. Денi дұрыс қандай адам бұндай қатыгездiктерге оң қабақ танытады?
Шикiзаттарға аса бай, алып мемлекеттi ресейлiк Кремльде сауатсыз басқарып отырғандардың ақымақтығына әманда таң қаламын: сандаған ғасырлардан берi Русь даласында қателiктер мен сәтсiздiктер туындаса, алдымен патшалық, онан соң партократиялық – жалған халықтық, турасын айтсақ, КГБ-лық-ФСБ-лық билiк кiнәлiнi сырттан iздеп, "халық жауын" белгiлеп алған соң, халықтың бар қайғы-қасiретiне соларды кiнәлi етiп шығаратын. Уақыт өткен сайын барлық iргелес елдер мен ұлттар Ресейдiң қас жаулары деп танылды: бiрiктiру емес, ұсақ княздiктердiң территориясында бытырап жатқан тайпалардың дамуын тоқтатты деп айыпталған моңғол-татарлардан бастап, поляктар, шведтер, түрiктерге дейiн айыпталды…
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Тәржiмалаған Жаңабек ШАҒАТАЙ