БЕС БАЛАСЫМЕН ПӘТЕР ЖАЛДАП...

БЕС БАЛАСЫМЕН ПӘТЕР ЖАЛДАП...

БЕС БАЛАСЫМЕН ПӘТЕР ЖАЛДАП...
ашық дереккөзі
337

Көпбалалы анаға көмек керек

Редакция табалдырығын имене аттаған ана – Гүлнәр Сәбденбаева бiзден көмек сұрап келiптi. Кәмелеттiк жасқа толмаған, шиеттей 5 баламен қалған көп балалы ананың күнi бүгiнге дейiн бармаған жерi, баспаған тауы қалмапты. Соңғы үмiттi бұқаралық ақпарат құралдарынан күтетiнiн жеткiзген ананың бұйымтайымен бiз де жақынырақ танысқан едiк.

Алматы қаласына күнкөрiс қамымен келген Гүлнәр Сәбденбаева пәтер жалдап тұрады. Қара базарда бiреудiң сатушысы боп жалданып, нәпақасын айырып жүрген оның бар тапқан-таянғаны iшiп-жемнен аспайтын көрiнедi. "Бес баланың киiм-кешегi мен тамағынан бөлек, пәтердiң ай сайынғы ақшасын табу да оңай емес. Қожайыным күнiне 1000 теңге төлейдi. Соны үнемдеп жеткiзуге тырысамын. Басқа жұмысқа орналасайын десем, жоғары бiлiмiм жоқ. Оның үстiне қалада тiркеуге тұру да қиын. Кейде балаларымның болашағын ойласам, жанымды қоярға жер таппай кетемiн, – деп көзiне жас алды жабырқау ана. – Анам байғұс ауру болса да, қолынан келгенше көмегiн берiп, балаларыма қарасып жатыр. Күнi бүгiнге дейiн екi баламды анам бақты. Қайтсiн ендi, анамның көңiлi менде болса, менiң көңiлiм балаларымда ғой. Бiрақ қашанғы анама жүктеп қоямын. Былтыр екi балам Сарыағаш ауданында ағамның қолында оқып едi. Әбден титықтап кеттi. Қанша дегенмен, бала бiреудiң қас-қабағына қарап, жалтақтап өскеннен гөрi анасымен болғанды қалайды ғой. Амал жоқ, бәрiн қасыма алуға тура келдi. Ал, оларды жалғыз бағып-қағу, тәрбиелеу азап болып барады", – деп сөзiн дiрiлдей жеткiздi.

Қазiр Гүлнәр Сәбденбаеваның тұңғышы – Сүндет 15 жаста (10-сынып), Нұрдәулет – 14 жаста (8-сынып), Диана – 12-де (6-сынып), Ерлан – 11-де (5-сынып), ал сүт кенжесi Бүркiт – 9-жаста (2-сынып). Бесеуi де мектеп жасында. Ал, елiмiздегi оқушылар үшiн кеше жаңа оқу жылы келiп жетсе де, көпбалалы ана Гүлнәр Сәбденбаеваның 5 баласына бiлiм күнi қуаныш нұрын себе алмады. Көңiлi қапалы жалғызбасты анаға 5 баланы оқытып, киiндiрiп, тамақтандырудың өзi кәдiмгiдей ауыр салмақ. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн қара базарда жүретiн ол, балаларын маңайдағы мектепке берейiн десе, тәрбиесi мен оқу үлгерiмiне алаңдайды. Жасөспiрiмдердiң арасында қылмыс түрлерi өршiп тұрған мына заманда баланы көзден таса қылу – уайым мен қорқынышты үдете түсетiнiн де естен шығармайды.

"Көңiлiм жай табуы үшiн балаларымды мектеп-интернатқа бергiм келедi. Әйтеуiр, ол жерде тамағы тоқ, киiмi бүтiн ғой. Ең алдымен тәрбиешiлердiң қадағалауында болып, толыққанды бiлiм алады. Бiрақ та балаларымды мектеп-интернатқа орналастыру мұң болып тұр. Қолым қалт етсе, интернат iздеймiн. Қайда барсам да, тауым шағылып қайтамын. Бәрiне жолдама, не тiркеу қағазы керек. Ал, мұны бiзге кiм бередi?", – дейдi қорғансыздың күйiн кешкен көпбалалы ана.

Iштегi қатып қалған шерiн тарқатқан ана Гүлнәр Сәбденбаева көздерi жәутең қаққан бес баласының ертеңгi күнiн ойлайды. "Әр баланың өз несiбесi бар" демекшi, құрсағын жарып шыққан бес перзентiнiң бiлiм алып, өмiрден өз үлесiн алуын арман етедi. Жалғызбасты ананың бiр тiлегiнiң орындалуына титтей де болса, өз септiгiмiздi тигiзсек екен деймiз. Қасиеттi Рамазан айында көмекке мұқтаж жандарға қолұшын берсек, перiштедей жазықсыз балалардың көңiлiне қуаныш нұрын сепсек, нағыз сауапты iстi атқарған болар едiк.

P.S. Балаларын мектеп-интернатқа орналастырамын деп сабылған Гүлнәр Сәбденбаеваны саудагер қожайыны жұмыстан шығарып та тастапты. Жұмыс орнында тұрақты болмаған ананы одан әрi ұстауды жөн көрмесе керек. "Заманың түлкi болса, тазы боп шал" деген сұмпайы уақыттың салқыны шығар. Бәрiнен де жанға бататыны, бес баласын жетектеген жалғызбасты ана қайда барып бас сауғалайды? Шиеттей балалар бiлiм ошағының табалдырығын аттамай, көшеде қала ма? Қоғамға қаршадай балалардың қажет болмағаны ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары