АЗИАДА ТУРИСТЕРДI АСЫҒА КYТУДЕ

АЗИАДА ТУРИСТЕРДI АСЫҒА КYТУДЕ

АЗИАДА ТУРИСТЕРДI АСЫҒА КYТУДЕ
ашық дереккөзі
189

Алдағы қыс маусымында қысқы ойын түрлерiн тамашалауға мыңдаған туристер елiмiзге ағылатыны күмәнсiз. Себебi Азиада алауы Алматыда және Астанада жағылады. Олай болса туристер легiн қабылдауға қос қаланың мүмкiндiгi бар ма? Дүйсенбi күнi Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы АҚ мен Қазақстан туристiк Қауымдастығы өзара түсiнiстiк жөнiндегi меморандумға қол қойды.

Дүйсенбiде өткен баспасөз конференциясында екi тарап өзара түсiнiстiк меморандумына қол қойды. Оған сәйкес шетелдiк туристердi елiмiзге тарту үшiн жасалатын жұмыстар екi тарапқа теңдей артылады. "Қазақстан туристер қауымдастығы" елiмiздегi туристiк операторлар мен туристерге кеңес берудi, сондай-ақ тұрғындар арасында туристiк мәдениеттi және ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргiзедi. “– Қазақстан Республикасына шетелдiк туристер ағымы күтiлуде. Қонақ үй кәсiпорындарының толық реттелуi туристiк потенциалдың жоғарылығын байқатса керек. Бiздiң қолға алған мiндеттерiмiздiң арқасында туризмнiң дамуына жол ашылады”, – дедi "Қазақстан туристер қауымдастығы" директоры Рашида Шәйкенова.

Туризм саласы мамандарының айтуынша, Қазақстан шетелдiк меймандар үшiн туристiк жайлы жер болуы мүмкiн. Өйткенi соңғы жылдары 4,5 миллион турист елiмiзге бас сұққан. “Бiз қысқы ойындар кезiнде 10 мың шетелдiк мейман келедi деп болжаудамыз” – дедi Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясының президентi Анатөлi Құлназаров. Елiмiзге осыншама шетелдiк турист келетiн болса, пайдаға белшеден батып қалмаймыз ба деген ой келедi. Бұл сұрақтың жауабын Р.Шайкенова ханым бiраз жеңiлдеттi. "Бiздiң болжамымыз бойынша әлемнiң кез келген мемлекетiне барған бiр турист орташа есеппен 2 мың АҚШ долларын жұмсайды. Сондықтан бұл жорамалдың ықтималдығы басым" – дедi ол.

Азиада ойындары елiмiздiң экономикалық әл-ауқатына оң ықпалын тигiзерi сөзсiз. Бiрақ ол қандай жолдармен жүзеге асады деген сұрақ туындайды. Осы орайда Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытов ұлттық өнер, ұлттық құндылық, ұлттық спорт түрлерiн тамашалауға мүмкiндiктер болатынын айтты. Сондай-ақ, алдағы күндерi ұлттық өнердiң ерекшелiгiн паш ететiн Азиада символдарымен жасалған сувенир дүкендерiнiң ашылатынын айтты.

Шетелдiк қонақтарды күтiп алу мен шығарып салу 9 жетекшi қазақстандық туристiк операторларға жүктелген. 32 мемлекеттен келетiн жанкүйерлер мен спортшылардың басым бөлiгi Азия елдерiнен келетiнi аян. Ал азиялықтар кез келген елдi тек төл өнерi, өзгеге ұқсамайтын дара қасиеттерi үшiн құрметтеп үйренген. Сондықтан да қысқы Азиада күндерiнде қазақтың шынайы қасиеттерiн таныта бiлуiмiз баршамызға абырой. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға сапары барысында ойын өтетiн орындарды аралап, ұйымдастыру жұмыстарын ұлттық реңкке келтiрудi тапсырған едi. Айтқандай, өзара түсiнiстiк меморандумына "Нұр Отан" халықтық партиясы да қол қойған болатын. Әлбетте, Азиада жүгiн жұмыла көтерген абзал.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары