«ТЕМIРЛАН» АУЫЛЫНА СУ БЕРУ ТОҚЫРАП ТҰР. НЕГЕ?

«ТЕМIРЛАН» АУЫЛЫНА СУ БЕРУ ТОҚЫРАП ТҰР. НЕГЕ?

«ТЕМIРЛАН» АУЫЛЫНА СУ БЕРУ ТОҚЫРАП ТҰР. НЕГЕ?
ашық дереккөзі
268

"Шымкент – халық ең көп тұратын өңiр. Менiң ойымша, былай деп атау керек – "Шымкент – шырайлы шаһар". Үш "ш"-дан тұратын. "Ш"-ны жақсы көресiздер ғой! Сондықтан, солай деп атағым келедi". Биыл наурызда Оңтүстiк Қазақстан облысында iс сапарда болған Елбасының осылай дегенi бар.

Расында да шымкенттiктердiң әр сөйлемiне "ш" әрпiн қыстырмаса жүре алмайтыны жұрттың бәрiне белгiлi. Сол "ш" әрпiн жақсы көретiн өңiрдiң шенеунiктерi шалағайылықтан, мойнына алған мiндетiн шала-шарпы атқарып жүре беретiн қасиеттен де кенде емес.

Былтыр қарашада Елбасымен өткен телекөпiрде оңтүстiк жұртшылығы мемлекет басшысымен тiкелей эфирде Ордабасы ауданының орталығы «Темiрлан» ауылында жүздескен болатын. Президенттiң жұртшылыққа деген ыстық сәлемiнен кейiн аудандық ардагерлер кеңесi төрағасының орынбасары Гайдар Дәнешұлы Елбасыға:

– «Темiрланның» тұрғындары бiраз жылдан берi ауыз судың тапшылығын көрiп келедi. Осы мәселе қашан шешiлер екен?, – деген сауал қойған едi. Бұл сауалға тiкелей эфир арқылы облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– «Темiрлан» ауылы мен оның төңiрегiндегi бес елдi мекендегi ауызсу мәселесiн шешу үшiн биыл 1 миллиард 134 миллион теңге қаржы бөлiнген. Жұмыс қазiр атқарылып жатыр. Жылдың аяғында ауызсу халыққа берiлетiн болады, – деп жауап бердi.

Орынды сұраққа өте орынды жауап. Өйткенi, бiрiншiден, расында да «Темiрлан» аудан орталығы болғанымен кейiнгi жылдары тұрғындар сапалы ауыз суға жарымай, пiспе құдыққа күндерi қарап қалған едi. Екiншiден, «Темiрлан» мен оның төңiрегiндегi бес ауылдың ауыз су мәселесiн шешу үшiн "Қажымұқан-Қараспан" тораптық су жүйесi құрылысының жүрiп жатқанына 2-3 жылдың жүзi өткен. Құрылыс жұмыстары бүгiн-ертең аяқталып, iске қосылуға дайын тұрған.

Желтоқсан айының басында Ордабасы ауданына арнайы барған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов "Қажымұқан-Қараспан" топтық су жүйесiн аудан қарияларымен бiрге iске қосып, елдiң алғысын алып қайтқанын бiлемiз. Елбасыға облыс басшысының "Сiздiң тапсырмаңыз орындалды" деп баяндағаны да, бәлкiм, осы кез шығар. Осыменен тiрлiк бiттi. «Темiрландағы» ауыз су тақырыбы осыменен жабылған. Арада сегiз ай сырғып өте шықты.

…Бақсақ, былтыр желтоқсанда iске қосылған су торабының қызығын Темiрландықтар әлi күнге толықтай көрiп отырған жоқ екен. Таяуда облыс әкiмi арнайы инспекторларды жiберткiзiп, тексерткiзiп, оның қорытындысын мәжiлiсте талқыға салды. Артынша өз мiндеттерiне салғырт қарағаны үшiн Ордабасы ауданы әкiмiнiң орынбасары Әлиасқар Бердiмұрат, Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң бастығы Салықбай Сафуан қызметiнен босатылып, аудан әкiмi Шоқан Кенжеевке қатаң сөгiс, оның орынбасары Бақыт Құрманбековке қызметiне сәйкес еместiгi туралы ескерту берiлдi. Облыстағы осы салаға жауапты басшылар да жазасыз қалған жоқ. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серiкбай Ибадуллаев қатаң сөгiс және облыс әкiмiнiң орынбасарлары Берiк Оспанов сөгiс, Ерлан Айтаханов ескерту алды.

"Қажымұқан-Қараспан" тораптық су жүйесiнiң құрылысы бiткенiмен, «Темiрлан» тұрғындарына ауыз су неге толық берiлмедi? Бар мәселе Ордабасы аудандық әкiмдiгiнде жатыр екен. "Шымкентқұрылыс" ЖШС өзiне тиесiлi мiндеттi орындаған болып шықты. Тiптi мердiгер жұмысты мерзiмiнен бұрын аяқтаған көрiнедi. Су торабында 8 ұңғы қазылып, 114 шақырымды құрайтын құбырларды тарту жұмыстары толығымен тәмамдалған. Оған қазiр сын айтып отырған ешкiм жоқ. Ендiгi қалғаны көшеге келген суды тұрғындар өз үйiне кiргiзiп алуы қажет. Осы уақытқа дейiн «Темiрландағы» 4400-дей абоненттiң 2500-i орталық құбырға қосылып, есептегiштерiн орнатқан көрiнедi. Бiрақ "суды үйге кiргiздiк, есептегiшiн орнаттық, ендi суға жаримыз" деген халықтың үмiтi ақталмаған. Темiрландықтардың айтуынша, жаңа құбырға су тек 1 мамырда ғана келген. Бiрақ ертеңiне қайта тоқтап, тек тамшылап қана аққан. Бұдан кейiн сол баяғы тiршiлiк – суды арбамен, шелекпен тасу, сол баяғы қалпымен жүре берген. Мәртебелi шенеунiктердiң "су жүйесiнiң құрылысы аяқталды, ендi ауыз суға қарық боласыңдар" дегенi қайда? Ауыл халқы осы жөнiнде шағым айтып, аудан әкiмдiгiнiң табалдырығын талай мәрте тоздырса керек. Ал, ондағылар құрғақ уәдеге сендiрiп бақса керек. Тiптi, аудан әкiмi Шоқан Кенжеев арыз айтып барған ауыл билерiне "Екi күннен кейiн су барады, су бермесем, әкiм болмай кетейiн" деген де көрiнедi.

«Темiрландағы» ауыз судың не себептi толық көлемде берiлмегенi қазiр белгiлi болып отыр. Бiрiншiден, өткен жылдың желтоқсанында «Қажымұқан-Қараспан» тораптық су жүйесiн мемлекеттiк қабылдаудан өткiзу мәселесi мемлекеттiк комиссияның қарауынан өтiп, оның шешiмi 25 желтоқсанда шығады. Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмi аталған нысанды өзiнiң балансына арада төрт жарым ай өткен соң, биылғы жылдың 30 сәуiрiнде қабылдаған. Яғни, Елбасының назарында тұрған нысанға қатысты құжат рәсiмдеуге келгенде аудан әкiмдiгi төрт жарым ай бойы ұйықтап келген. Екiншiден, нысанды қабылдап алғаннан кейiн аудан басшылары тiрлiктi тағы да созбалаңға салды. Өйткенi, осы кезде ғана есептеу жұмыстарын жүргiзген басшылар тұрғындарға берiлетiн су бағасының 80 теңгеге дейiн шарықтап кеткенiне бастарын шайқасыпты. Қымбат суды жұрттың бәрi бiрдей тұтына алмайды. Олай етпесе сумен жабдықтаушы мекеме өз шығынын өзi жаба алмайды. Не iстеу керек? Ауыз сумен қамтамасыз етуге шамалары жетпейтiнiн бiлген соң, аудан әкiмдiгi "Қажымұқан-Қараспан" тораптық су жүйесiн республикалық меншiкке, яғни "Оңтүстiксушар" мекемесiнiң балансына беру туралы ұсыныс жасайды. Себебi, республикалық балансқа өтсе, ауыз судың төлемақысына 80 пайыздық субсидия берiледi. Бiрақ мекеменi республикалық меншiкке беру жұмыстарына қатысты құжат рәсiмдеу, тiркеу жұмыстарына келгенде жергiлiктi шенеунiктердiң кежегесi тағы да кейiн тарта берiптi. Сонда ауданның бiрiншi басшысы Шоқан Кенжеевтiң ең зәру мәселе ауыз суға, халықтың талап-тiлегiне, Елбасының, облыс әкiмiнiң тапсырмасына соншалықты жауапсыз қарағанын қалай түсiнуге болады? Осы уақытқа дейiн бүкiл ауылдың бiр жерiне жетiп, бiр жерiне жетпей, жеткенiнiң өзi шылдырап тұрған ауыз суды құрылыс жұмыстарын жүргiзген "Шымкентқұрылыстың" өзi атқарып келген. Егер халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрген болса әкiмнiң тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн уақытша шараларды қолға алуына толық мүмкiндiгi бар емес пе едi?

Қысқасы, ары тарт та берi тарт тiрлiктен кейiн, «Темiрландағы» ауыз суға қатысты шу шығып жатқан кезде "Қажымұқан-Қараспан" тораптық су жүйесiн республикалық меншiкке беру туралы бұйрық дүниеге келдi. Қазiр аталған нысанды "Оңтүстiксушар" МҚК-ны меншiгiне қабылдап алып жатыр. Аталған мекеменiң директоры Сембай Сейсеновтың айтуынша, қабылдау жұмыстары жүрiп жатқан нысанның не базасы, не қызметкерлер отыратын ғимараты, не техникасы жоқ. "Қалай болғанда да биыл субсидиядан қағылып отырмыз. Оны келер жылдың бюджетiне енгiзуге үлгере алсақ та жаман болмас едi" дейдi ол.

Бiр таңқаларлығы, «Темiрландағы» ауыз суға қатысты шу шыққаннан кейiн екi-үш ай бойы аудан, облыс әкiмдiктерiндегi атқамiнерлердiң тартпасында жатқан "Қажымұқан-Қараспан" тораптық су жүйесiн республикалық меншiкке беруге қатысты құжаттардың лезде дайын болып шыға келуi қайран қалдырады. Темiрландықтардың айтуынша, осы шудан кейiн есiк алдындағы жарты жылдан астам уақыттан берi тамшылап тұрған колонкалардан су бiр пәсте атқылап қоя берiптi. Ол ол ма, осыдан кейiн аудан әкiмi Шоқан Кенжеевтiң Шымкентте шұғыл баспасөз мәслихатын өткiзiп, журналистерге «Темiрланда» су арқырап ағып тұр, сенбесiңiздер барып көрiңiздер» деуiн қалай түсiндiру керек.

Ел үкiметi қатаң қадағалап отырған "Таза ауыз су бағдарламасын" шала-шарпы ғана орындау, өзiне сенiм артқан мыңдаған адамның үмiтiн ақтамау лауазымына ғана емес, адамдығына да ауыр сын екенiн сезбеген сияқты ма, қалай?!

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары