ЖЕТIМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР...
ЖЕТIМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР...
Осыдан тоғыз жыл бұрын Орал қаласында "Шаңырақ" жасөспiрiмдер үйi бой көтерiп, оған "Жас дәурен" балалар кешенiнен түлеп ұшқан жүзден астам жеткiншек қоныстанды. Осы күнге дейiн кешен қабырғасынан 400 түлек өмiрге жолдама алыпты. Шыны керек, жалғыз "Шаңырақ" облыстағы жүздеген жетiмнiң баспаналы болуын шешуге қауқарсыз. Осы жәйтты ескерген облыс әкiмдiгi нақты шараларды қолға алды. Дәлiрек айтсақ, соңғы екi-үш жылдың iшiнде тұл жетiмдерге облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетовтiң қолдауымен Орал қаласындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлерден жаңа пәтерлер берiле бастады.
– Өткен жылы халықтың әлеуметтiк қорғансыз топтарына жататын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен балалар үйлерiнiң тәрбиеленушiлерiне 51 коммуналдық пәтер берiлдi. Биыл тағы 57 пәтердi мұңлықтардың игiлiгiне ұсынуды жоспарлап отырмыз. Алты адам қазiрдiң өзiнде 9-шағынауданда мемлекеттiк жалға беру бағдарламасы бойынша салынған үйлерге қоныстанып үлгердi. Тағы 10 пәтер "Шаңырақ" жасөспiрiмдер үйiн мекен етiп жатқан жас отбасыларға бөлiнсе, қалған 40 пәтер жалпы кезекте тұрған жетiм балалардың үлесiне тиедi, – дейдi қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автокөлiк жолдары бөлiмiнiң тұрғын үй және жекешелендiру секторының меңгерушiсi Махамбет Батырғалиев.
"Жетiм көрсең, жебей жүр" деген халық даналығын әркез назарда ұстаған облыс басшылығы балалар үйлерiнiң тәрбиеленушiлерiн баспанамен қамтамасыз етудi одан әрi жалғастыра бермек.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ