ШЫМКЕНТТЕ "ШӘМШI ӘЛЕМI" КЕШЕНI АШЫЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ "ШӘМШI ӘЛЕМI" КЕШЕНI АШЫЛДЫ
18-тамызда "Ән падишасы" атанған Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толды. Оңтүстiк жұртшылығы өздерiнiң жерлестерi, бiртуар сазгердiң мерейтойын лайықты iс-шаралармен атап өттi.
Жалпы, Шәмшiге, Шәмшi әндерiне оңтүстiк халқының ықылас-пейiлi алабөтен. Әсiресе, кейiнгi жылдары Шәмшi есiмiн иеленген нысандардың, көшелердiң қатары көбейiп келе жатқаны қуантады. Шәмшi ауылы, Шәмшi көшесi, Шәмшi мектебi, Шәмшi ескерткiшi… Биыл Шымкенттегi Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның заманауи талаптарға сай келетiн жаңа ғимаратының лентасын Елбасының өзi кескен болатын. Мiне, 80 жылдық мерейтой күнi Шымкенттiң ортасында Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен "Шәмшi әлемi" деп аталатын кешен ашылды. Ол "Көл" аялдамасы аумағынан орын алып отыр. Осыдан екi-үш жыл бұрын тап осы ара қаланың ең лас жерi, құжынаған жабайы базарлардың ордасы едi десек, бiреу сенсе, бiреу сенбес сiрә.
"Шәмшi әлемiндегi" алыстан көз тартатын нысанның бiрi – Шәмшi ескерткiшi. Теңiз толқынының үстiнде тұрған вальс королiнiң бейнесiн мүсiншi Әбдiкәрiм Ахметов сомдаған. Оның ашылу салтанатында облыс әкiмi Асқар Мырзахметов, ақындар Қадыр Мырза-Әлi, Мұхтар Шаханов және сазгердiң ұлы Мұхтар Қалдаяқов сөз сөйледi. Бұдан кейiн кешеннiң Оңтүстiктен түлеп ұшқан сазгерлер мен әншiлердiң есiмдерi қашалған "Жұлдыздар аллеясының" тұсауы кесiлдi. 48 өнерпаздан тұратын тiзiмнiң басын терiскейден шыққан күйшi-композитор Сүгiр бастап тұр. Бұдан кейiн белгiлi сазгерлер С.Бәйтереков, М.Рүстемов, Л.Аманов. М.Омаров, Қ.Сәтмұханбетова, Г.Әлiмбекова және әншiлер Н.Үсенбаева, Н.Өнербаев, А.Мейiрбеков, Г.Сиқымбаева, М.Арынбаев, Ж.Жексенұлы, А.Жорабаева, С.Майғазиев және тағы басқалардың есiмдерi жазылған. Облыс әкiмi салтанатты жиынға арнайы шақырылған аталған өнерпаздарға куәлiктер тапсырды. Ал, марқұм болғандарға мұндай куәлiктер олардың туысқандарына берiлдi. Облыс басшысы "Шәмшi әлемiнiң" құрылысына қатысқан азаматтарды да Алғыс хаттармен марапаттады.
Кешкiсiн "Шәмшi әлемi" кешенiнде алғаш рет "Арыс жағасында" деп аталатын ретро фестивальдың шымылдығы түрiлдi. Облыс, республикаға танымал өнер жұлдыздары екi сағаттан астам уақыт бойы Шымкент көгiн Шәмшi әндерiмен тербетiп, фестиваль соңы отшашулармен аяқталды.
Мерейтойдың екiншi күнi, яғни 16-тамызда Ұлы сазгердiң есiмiн иеленген филармонияда "Менiң Қазақстаным" облыстық ән байқауы ұйымдастырылды. Онда сынға түскен 23 үмiткердiң iшiнен түрiкстандық әншi Нұржан Жүсiпбеков бас жүлденi иелендi. Жеңiмпаз ендi Астанада өтетiн Ш.Қалдаяқов атындағы "Менiң Қазақстаным" республикалық ән байқауында бақ сынайтын болады. Мереке кешкiсiн "Шәмшi әлемi" кешенiнде өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертке ұласты.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы