ЕЛ ШЕКАРАСЫ – ҚАСИЕТТI ШЕП

ЕЛ ШЕКАРАСЫ – ҚАСИЕТТI ШЕП

ЕЛ ШЕКАРАСЫ – ҚАСИЕТТI ШЕП
ашық дереккөзі
262

Мемлекеттiк шекарамыздың берiктiгiне сүбелi үлес қосып жүрген әскери қызметшiлердiң жауапты қызметi ерекше. Оңтүстiк өңiрде Мемлекеттiк шекара бұзушылардың қатары жиi кездесетiндiктен ҚР ҰҚК Шекара қызметi "Оңтүстiк" өңiрлiк басқармасына қарасты Сарыағаш шекара отрядында екi шекара заставасы құрылған болатын. "Достық" шекара заставасындағы әрiптестерiмiздiң қырағылығы Отанымыздың қасиеттi шебi берiк екенiн танытады.

Аталмыш застава ағымдағы жылдың сәуiр айында құрылған. Осындағы Достық ауылына жақын орналасқаннан кейiн болу керек, застава осы ауылдың атымен аталады. Айта кету керек, бiз сөз етiп отырған застава орналаспай тұрып бұл аумақты "Қайрат" шекара заставасының шекарашылары күзеткен болатын. Сол кезде шекара сызығына бейне бақылау құрылғылары орнатылған едi. Бүгiнде бұл бейне бақылаулар достықтық шекарашыларға үлкен көмек болып тұр. Шекара сызығына жақындаған жанды жаңағы құрылғы бiрден көрсетедi. Мұндай жағдай орын алған уақытта шекарашылар мұндағы әскери қызметшiлерге дереу хабар бередi. Застава бастығы аға-лейтенант А.Болатханов заставаның қазығы қағылғалы өзiне жүктелген салмақты абыройлы атқарып келедi. Застава құрылысы толықтай аяқталмағандықтан мұндағы әскери қызметшiлер далалық шатырды уақытша баспана еткен. Электр сымдары тартылмаған. Сондықтан, дизельдiк құрылғы пайдаланылуда. Оның өзi 3-4 сағат ғана қосылады. Ауыз су өз уақытында жеткiзiлсе де белгiлi бiр мөлшерде ғана берiлетiн көрiнедi. Әйтсе де, мұндағы шекарашылар кезiккен қиындыққа мойымай, өзге өңiрдегi әрiптестерi секiлдi мемлекеттiк шекарадан заңсыз өтуге әрекет еткендерге тосқауыл болуда. Сонымен қатар, мемлекеттiк шекараны сапалы күзету үшiн достықтық шекарашылар қызметтiк-жауынгерлiк даярлықтарын босаңсытқан емес. Өз кезегiнде кәсiби шеберлiктерiн шыңдап, далалық оқу-жаттығу алаңында әскери тактикалық жаттығуларын жиi өткiзiп тұрады. Застава бастығының орынбасары лейтенант Т.Жұмашевтың айтуынша, жеке құрамның арасында мерзiмдi қызметтiң әскери қызметшiлерi де бар екен. Олардың басым бөлiгi жоғары бiлiмдi. Шекара қызметiнiң қыр-сырына қаныққан қатардағы жауынгерлер кәнiгi шекарашы болып қалыптасқан. Жақында ғана келiсiмшарт қызметiнiң старшинасы Б.Бөрiбаевтың жетекшiлiгiмен қатардағы жауынгерлер Н.Оспанов пен Ж.Мұқаев елiмiзден Өзбекстанға шекара аспақ болған қазақстандық бес бiрдей азаматты ұстапты. Бұл қатардағы жауынгерлердiң қызмет барысындағы бiрiншi рет шекара бұзушыларды құрықтауы болса керек. Негiзiнен бұл өңiрдегi елдi мекендер Мемлекеттiк шекараға аса жақын орналасқандықтан мұндай заңсыздықтар жиi кездесiп тұратыны байқалады.

Застава бастығы аға-лейтенант А.Болатханов: "Заставаның құрылысы алдағы жаз айларының iшiнде аяқталады деп күтiлуде. Соған дейiн жеке құрам далалық шатырда тұратын болады. Қуанарлығы сол, ауа райы да бiзге қарасқандай жұмсақтық танытып тұр. Бұған қоса, жеке құрамның күнделiктi қызметi мен тұрмысына барлық жағдай жасалған. Бiздiң ұжымға жүктелген мiндет — шекараны сызатсыз күзету арқылы ел шебiнiң шекарасын бұзушылар мен контрабандалық тауар өткiзушiлердiң қадамына тосқауыл қою", – деген болатын. Айтса айтқандай-ақ, көп ұзамай аталмыш заставаның әскери қызметшiлерi өздерiне қарасты аумақты көзiнiң қарашығындай күзетудiң нәтижесiнде бiрнеше заңсыздықтың алдын алыпты. Тiптi, бүгiнгi күнге дейiн 30-дан аса Мемлекеттiк шекара бұзушы мен 8 тоннаға жуық пияз, екi тоннадай спирт, жиырма екi қап халық тұтынатын кантрабандалық тауар алып өтпек болған отандастарымызды құрықтап үлгердi.

Қазығы қағылған күннен бастап далалық әскери шатырда қызметiн жалғастырған "Достық" шекара заставасының ұжымы аз уақыттың iшiнде кез-келген қиындықты жеңуге дайын екендiктерiн көрсеттi. Сондықтан ұйымшыл ұжымның алар асуы алда екенiне сенiмiмiз мол.

Жанат Жабырбеков, аға-лейтенант, шекарашы

Серіктес жаңалықтары