СYРБОЙДАҚТАР

СYРБОЙДАҚТАР

СYРБОЙДАҚТАР
ашық дереккөзі
183

Олардың саны артса, демографиялық ахуалымыз қалай оңалады?!.

Демограф ғалым Мақаш Тәтiмнiң соңғы деректерiне жүгiнсек, бүгiнгi таңда елiмiзде 130 мыңдай "сүрбойдақ" жiгiттер бар екен. Яғни, 30-дан 50 жасқа дейiн әлi күнге отбасын құрмаған, жар құшып, бала сүймеген осындай жалғыз басты еркектер санының күн санап арта түсуi, әрине, өте өкiнiштi жағдай. Өкiнiштi ғана жағдай емес-ау, бұл – қоғамның да қасiретi. Жастық шақта қадiрiне жетпеген көп нәрсемiздiң сазайын қартайғанда тартуға тура келетiндiгiн өмiрлiк тәжiрибе көрсетiп те жүр. Сондықтан да үйленудi ойға алмай, серiлiкпен алтын уақытты босқа өткiзiп жүрген сүрбойдақ жiгiттерiмiз өздерiнiң өсiп-өнуiне ғана емес, ұлтымыздың табиғи өсуiне де керi әсер етiп жүргендiктерiн неге ұғынбайды?

Ұлын уақытында ұядан ұшырғысы келетiн, немере, шөбере сүйгiсi келетiн қарт ата-атаның ақ арманын 40-тан асқан "сылқым" сүрбойдақтар неге аяқ асты етедi? Бәлкiм, бойдақ және баласыз осындай "сылқымдарға" жоғары салық салу керек шығар? Сонда ғана олар өзi үшiн ғана өмiр сүрудiң тоғышарлық екендiгiн жете түсiнер. Ата-ана, қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн жете сезiнер.

Ендеше әуелi "сылқым" сүрбойдақтарымыздың өздерiн бiр тыңдап көрелiк. Олардың өздерi не айтар екен. Сонымен…

Мақсат, базарда арба айдаушы:

– Жасым 42-де. Бiлiмiм орта. Кәсiптiк-техникалық училищенi бiтiрген соң он жылдай жүргiзушi болып iстедiм. Бiр боранды қыстағы көктайғақта жол апатына ұшырадым. Қасымда отырған үйленгелi жүрген қалыңдығым сол мезетте қайтыс болды. Өзiм алты жылға сотталып кете бардым. Отау құрғалы жүрген кездегi асыл ойларымның бәрiнiң осылай ойраны шықты. Түрмеден оралған соң жұмыс iздеп, ашпаған есiгiм қалмады. Жүргiзушiлiктен жүрегiм әбден шайлығып қалған. Басқа қандай жұмыс болса да iстей бергiм бар. Бiрақ түрмеде отырып шыққан адамның ешкiмге қажетi жоқтығын қатты сезiндiм. Қасыңдағы адамдарға да, тiптен қоғамға да қажетiң жоқ, қорқынышты, тұрпайы, сезiктi жандайсың. Бәрi де тыжырына, жиiркене, жақтырмай қарайтын сияқты.

Өмiрде жолымның болмауы, алғашқы махаббатымнан айрылуым, сүйiктi адамымның өлiмiне өзiмнiң себепкер болуым, өмiрiмнiң шуақты жастық кезеңдерiн тар қапас түрмеде өткiзуiм маған да оңай соққан жоқ. Тағдырдың осындай ауыр соққылары бiршама есеңгiретiп тастады. Кейде өмiрден түңiлiп кеткен сәттерiмде өзiме-өзiм қол салып жiберемiн бе деп те қорқатынмын. Бiрақ бәрiне төзiм мен шыдам керек екен. Төзiп те, шыдап та келемiн.

Осындай ауыр өмiр тауқыметiнен ес жия алмай жүргенде уақыттың да зуылдап өте шығатыны заңдылық. Несiн жасырайын, қазiр сүрбойдақтар қатарындамын. Сүйкiмдi қалыңдығымды о дүниеге өз қолыммен жөнелткелi берiде әбден семiп қалған сезiмiм әлi күнге өзге ешкiмге селт етпей-ақ қойды. Бiрақ зор үмiттi алдағы күндерден күтудемiн…

Самат, жұмыссыз:

– Қазiр 45 жастамын. Кезiнде оқып, бiлiм де алмадым. Бiр жерде тұрақтап жұмыс та iстеген емеспiн. Әрине, бәрiне өзiм кiнәлiмiн…

…Iшiмдiкке ерте әуестендiм. Бәрi сол жастық, албырт кезеңдегi көңiлдi отырыстардағы 100 грамнан басталды. "Кейiн қойып кетем ғой" деген арзан үмiтiмнiң күлi көкке ұшты. Таныс, құрбы қыздарым да сырт айналып, менен безе қашты. Iшiмдiкке салынған адамнан қайыр болмайтынын байқаған болар. Арақ-әзәзiлдiң әлегiнен әлi күнге дейiн отбасын да құра алмай жүрмiн. Өз басын ұстай алмай жүрген адам, отбасын басқара ала ма? Менiң жасымдағылардың ұйыған отбасы, бiрнеше ұл-қыздары бар. Соларды көргенде қызыға да, қызғана да қараймын.

Арман, әншi-сазгер:

– Мен осы отыз жетi жасыма дейiн махаббат дегеннiң нендей құдiрет екендiгiне мән берген емеспiн. Осы уақытқа дейiн бiрде-бiр қызды жақсы көрмеппiн. Мектеп қабырғасында, кейiннен өнер институтында жүргенiмде де достарымның бiр сұлуды ұнатып қалып, ғашықтықпен ауырып, жүйкелерi тозып, тiптi кейбiреулерiнiң соған бола: "Өлемiн!" деп жынданғандарын көрiп таң қалатынмын.

Рас, мен де талай бикештермен танысып, араластым, уақытша бiрге де тұрдым. Үйлену дегенiң мен үшiн еркiн, тыныш өмiрiңнен айрылу, өзiңдi өзiң жазықсыз түрмеге айдап тыққанмен бiрдей. Мойныңа қылбұрау салынып, қамыт iлiнедi. Жұмысың екi есе көбейiп, отбасыңның проблемаларын шешуге жанталасасың, әйелiңе, балаларыңа жағдай жасауың керек. Менiңше, осынша азапқа түсудiң қанша қажетi бар?! Одан да осы еркiн де "сылқым" өмiрiм өзiме ұнайды. Өзiм қалайтын қыз-келiншектермен көңiл жарастырып, "азаматтық неке" ретiнде бiрге тұра беремiз. Бiрiмiзге бiрiмiз тәуелдi емеспiз. Әзiрге балалы болып та бас қатырғым келмейдi. Көбiнесе гастрольдiк сапарда жүргендiктен, ол балаға кiм қарап, кiм тәрбиелейдi?!

Досан, ауылдағы механизатор:

– Арманым – көрiктi, бiлiмдi, ұйқыдан ерте тұратын пысық қызға үйлену едi. Өзiм орта мектептi бiтiре сала ауылдағы шаруашылық iске араласып кеттiм. Жұмысбасты болып, ойнап-күлуге уақыт бөле алмадым. Үйленуге ойым кеткен сұлуға сөз айта алмай жүргенде, әскерден келген көршi ауылдың жiгiтi алып қашып кеттi. Кейiннен Ақерке деген қызды ұнатып едiм, оған да тiл қата алмай, не бiрге жүре алмай айрылып қалдым. Қазiр қатарларым 4-5 баланың әкесi атанып, тiптi қайсыбiрi екiншi рет үйленiп жатса да, қызық дәурен жылдарды құр өткiзiп алыппын. Мен секiлдi сүрбойдаққа ауылды жерде сыңарын табу қиын. Кәрi қыздардың көбi қалада ғой. Олардың көбi оқу, карьера деп жүрiп уақытын өткiзiп алғандар ғой. Мен сияқты үстi-басы май-май тракторшыны менсiне ме?

Қорыта айтар болсақ, отбасы – қоғамның ең бастапқы бөлшегi. Қоғам байлығы – адам отбасында өсiп, тәрбиеленедi. Қазiргi кезеңде әлеуметтiк, әсiресе, отбасы мәселесiне көп көңiл бөлiнуi қажеттiгi айқын аңғарылып отыр. Осы орайда халқымыздың өсiмiнiң ұлғаюына, қоғамның рухани толысуында отбасының, оның отағасының үлесi зор екендiгi айқын. Сондықтан жiгiттер iшкiлiкке салынып немесе өмiрдiң жеңiл және өткiншi қызықтарына алданып, алтын уақытын босқа өткiзуi демографиялық өсуiмiзге кедергi екендiгiн ашына айтпасқа болмайды. Өйткенi, халық саны өсiмiнiң кешеуiлдеуi экономикамыздың қарыштап өркендеуiне де керi әсер етерi даусыз.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, заңгер, журналист

Серіктес жаңалықтары