ЖАМБЫЛ ЖЕРIНДЕГI ЖАНТҮРШIГЕРЛIК АПАТ

ЖАМБЫЛ ЖЕРIНДЕГI ЖАНТҮРШIГЕРЛIК АПАТ

ЖАМБЫЛ ЖЕРIНДЕГI ЖАНТҮРШIГЕРЛIК АПАТ
ашық дереккөзі
258

Жиырма бiр бейкүнә жанның өмiрi қиылды

Суық хабар… Суық болғанда да, жан түршiгерлiк оқиға. Бұл оқиғаға бей-жай қарау, мүмкiн емес. Естiген сәтте ақ, жүрек қолқаңды суырып алғандай әсер етедi. "Жиырма бiр адамның өмiрi қиылды" дегендi есту, сiрә, адам баласы үшiн оңай емес шығар…

Өн бойыңды түршiктiрген оқиға сенбi күнi орын алды. "Алматы-Ташкент" тас жолының 339-шақырымында жолаушылар автобусы мен жүк көлiгi соқтығысып, 21 адам қаза болды. Автобуста барлығы қырық тоғыз адам жолаушылап келе жатқан. Қырық тоғыздың жиырма бiрi әп-сәтте, таң рауандап атып келе жатқан шақта көз жұмды. Қайғылы оқиға Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Аспара елдi мекенiнiң маңында болған екен. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жiбек Жолы ауылынан Алматыға жол тартқан автобус қарсы келе жатқан жүк көлiгiне соғылған. Қақтығыстан өрт шығып, екi машина да түгелiмен жанып кетiптi. Кейбiр деректерге сүйенсек, жүк көлiгiнiң жүргiзушiсi рульде ұйықтап кеткен деген жорамалдар да бар.

Жамбыл облыстық iшкi iстер департаментi өкiлдерiнiң айтуына қарағанда, 23 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетiлiп, 6 адам ауруханаға жатқызылыпты. Оның iшiнде төртеуi – Өзбекстан азаматы.

Бес жасар сәбидiң мәйiтiн апат орнында жұмыс iстеп жатқан құтқарушылар соңғы күндерi тауып алыпты. Сәбидiң денесiн әбден күйiк шалған. Мәйiттердi анықтау үшiн марқұмдардың денелерi сот-медициналық сараптамаға жiберiлдi, екi көлiкке де трассологиялық сараптама жүргiзiлуде.

Әртүрлi дене жарақатын алғандар Мерке аудандық ауруханасына жатқызылған едi. Құтқарушылар апат болған күнi мұнда 23 адамды жеткiзген болатын.

Ал, мәйiттердi анықтау процесi Астанадағы сот медицина орталығында жүргiзiлетiн болады. Тараздық мамандар мүрделердiң сүйектерiн Астанадағы зертханаға жiберген едi. Сот медицинасы орталығының мамандары мүрделердi екi аптаның iшiнде анықтайтын болады.

Ары-берi сабылған автобустар үнемi түн қараңғысында жолға шығып жатады. Бiрi – Шымкенттен, ендi бiрi – Тараздан, ендi бiрi – Алматыдан ағылып жатқан көлiктер қарама қарсы бағытта күн сайын елдi мекендердiң арасында сабылып жатады. Түн қараңғысында сапарға шығу да оңай емес. Бiрақ, "Жол мұраты – жету" демей ме, тәуекел десiп, түн қойнауымен көлiк жүргiзiп жүрген жүргiзушiлердiң де бұл қалыпты қызметiне айналған болатын. Әсiресе, жаз мезгiлi ауыл тұрғындарының Алматыға жиi қатынайтыны белгiлi.

21 адамның мүрдесi қазiр Астанада анықталып жатыр. Ал, жиырма бiр отбасы қазiр ауылдарында өз адамдарын жоғалтып, азалы күй кешiп жатқан болар. Айдың-күннiң аманында азаматын жоғалту да оңай емес. Қан-төгiссiз, көлiк апатынан жылына қаншама адам көз жұмуда. Жуырда ғана Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты, Үшарал елдi мекенiндегi ағайындарымыз бiр күнде бес бiрдей боздағынан айрылып, аңырап қалып едi. Бес бiрдей азаматтың қапысыз ажал құшуына да төрт доңғалақ себепкер болыпты. Ол қайғылы оқиға туралы БАҚ-тарда ешқандай хабар айтылмауының өзi тағы бiр апатқа жол берген шығар…

Күн сайын, тiптi, сағат сайын суық хабар еститiн болдық. Бұл үйреншiктi әдетке айналып бара ма, әйтеуiр, суық хабарды естуге етiмiз де үйренiп бара жатқандай. Бұдан да шығатын жол болу керек емес пе? Сонау бiр жылдары қапыда бiр азаматынан айрылып қалса, екi жақ бiр-бiрiне құн салығын салып, азаматын жоқтап жатпаушы ма едi. Ал, бiз күн сайын қаншама боздақтарымыздан қапыда айрылып жатырмыз. Өрiмдей жастардың, бүлдiршiндердiң, атпал азаматтардың сұрауы кiмде, сонда?! Жоғалта беремiз бе, айрыла беремiз бе, осылай?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары