ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ АЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ АЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ  АЛҒА ҚОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
166

Өткен аптада Алматыда қызықты шеру өттi. Әуесқой спортшылар мен кәсiби ұшқыштар қатысқан авиашеруде ұшақтардың жоғарғы пилотаж өнерi тамашаланды. Бұл жиынға Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов қатысып, Бақбақты ауылының көгiндегi "Jeppesen Air Party" авиашеруiнiң маңыздылығын атап өттi. Бұл шеруде 20 әуе кемесi, соның iшiнде "Cessna", "Eupocopter", "AUTOGYR" және "Як" ұшақтары көкке көтерiлдi.

Мойындауымыз керек, мұндай шерулер немесе пилотаж өнерiн тамашалау бiрен-саран болмаса, көпшiлiк қауымға таныс та емес. Бiрақ соңғы кездерi кәсiби ұшқыштар мен әуесқойлар жиыны азаматтық авиацияда ғана емес, спорт түрi ретiнде кеңiнен танылып жүр. Сондай-ақ, АҚШ пен Еуропа елдерiнде ауылшаруашылығы саласында өте жиi қолданылады.

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев шағын авиация қызметiне қатысты жақында "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Заңға қол қойды. Осы Заң негiзiнде елiмiздiң шағын авиация қызметiне енген өзгерiстер мен жаңа мүмкiндiктер туралы Ә.Құсайынов атап өттi. Бұл заң жобасына сәйкес әкiмшiлiк, рұқсаттық және сертификаттық рәсiмдердi реттеудi жеңiлдетiп отыр. Сонымен қатар, шағын авиацияны дамыту алғышарттарының бiрi ретiнде әуе кемелерiнiң өндiрiсi мен техникалық қызмет көрсету инфрақұрылымдарын дамыту, әуе мамандарын дайындау болып табылады. Осы орайда "ЯК Алакон" АҚ Қазақстан-Ресей компаниясы және А.Яковлев атындағы конструкторлық бюроның қатысуымен жеңiл моторлы Як-58 ұшағын құрастыру өндiрiсiн ашу бойынша жобаларды iске асыра бастады. Бұл жалғыз жоба емес. Қарағанды облысында "Казавиаспектр" Қазақстан-Ресей компаниясы "Фермер" мамандандырылған ауылшаруашылық ұшақтарын құрастыру өндiрiсi туралы мәселе көтерiлуде. Десе де 2015 жылға дейiн шағын авиация саласы бойынша үлкен мiндет қойылған: ауылшаруашылығына арналған әуе кемелерiнiң нарықтағы санын 500-ге дейiн жеткiзу. Оның 400-i жеңiл әуе кемелерi болса, 100-i аса жеңiл ұшу аппараттары болмақ.

Алайда жеңiл әуе кемелерiнде кiм ұшады деген сұрақ туындауы орынды. Арнайы мамандар көптеп дайындала ма? Әлбетте, осыған дейiн елiмiзде әуесқой-ұшқыштар мен шағын авиация ұшқыштарын даярлайтын 7 оқу орны бар екен.

Шағын авиация туралы қабылданған жаңа Заң оң өзгерiстер әкеледi деген үмiттемiз. Шетелден жеңiл ұшақты әуемен жеткiзетiн ұшқыштардың айтуынша, ұшақты қондырып, жағармай құю үшiн төленетiн ақы әр елде әртүрлi. Мәселен, Польшада мұндай қызмет 5 еуроға шықса, Украинада 100 доллар болған.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары