ШАМА-ШАРҚЫМЫЗ ОСЫ МА?
ШАМА-ШАРҚЫМЫЗ ОСЫ МА?
Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрама командасы Тунис жерiнде өткен "Гран-при" жарысында жалғыз ғана қола медальмен оралғаны мәлiм. Бұл жағдайды бапкерлер мен мамандар жай ғана сәтсiздiк деп бағалағанымен де көңiлде күдiк басым. Алда келе жатқан жазғы Азия ойындары мен Әлем бiрiншiлiгiнде дәл осындай оқиға қайталанып жүрмей ме? Жалпы қазiргi күндегi дзюдомыздың халi қандай деген мәселелер жанкүйер қауымды бейжай қалдыра алмайды.
ТӨМЕН НӘТИЖЕЛЕР ШЕРУI
Ұлттық команданың негiзi өткен жылы желтоқсанда болған iшкi бiрiншiлiктiң қорытындысы бойынша жасақталды. Дәл сол кезеңде спорттық бабында болғандар мен үздiк өнер көрсеткендер ғана команда сапына iлiндi. Мiне, биылғы жылдың басынан берi таулы аймақтар мен Қарағандыда оқу-жаттығу жұмыстарын өткерген Ербол Қырғызбаев баптаған жiгiттер шеберлiктерiн одан әрi шыңдаған болды. Осы берiлген уақыт пен федерация жасаған мүмкiндiктi олар оңтайлы пайдалануы тиiс едi. Техника мен тактика мәселелерiн де толықтай қамтулары қажет-тiн. Бiрақ бұл жиындардан соң түрлi жарыстарға қатыса бастаған палуандарымыз сенiмдi ақтаған жоқ. Қаңтардың соңынан бергi өткен халықаралық жарыстардан тек қана қара көрсетiп, қатысушы болып қайтып жүрдiк. Әлемдiк аренада жарқ етiп көрiнген чемпионымыз Максим Раков та бiрнеше рет сәтсiздiкке ұшырап жатты. Мысалы, Кореяда өткен "Мастерс" турнирiнде ол жартылай финалдан әрi аса алмады. Сол Сувон төрiнде ойқастаған өзге де мықтыларымыз опық жегенiн көз көрдi.
Онан кейiнгi Франциядағы "Гранд Слэм" (маңыздылығы жағынан әлем кубогының iрiктеу сындарынан да жоғары) байқауында бақ сынаған Максим Раков пен Ринат Ибрагимов күткен нәтиженiң жартысын ғана орындады деуге болады. Оның өзi — Ибрагимовтың қола медальi. Германиядағы "Гран-приде" 90 келi салмақтағы Тимур Болат дәл осындай көрсеткiштi қанағат тұтты.
Ал жақында аяқталған Тунистегi турнир бiздiң команда үшiн аса сәтсiз деп бағаланды. Жүлдеге қол созар деген спортшыларымыз алғашқы айналымнан кейiн-ақ былғары кiлеммен қоштасып, жарысты ерте аяқтап жатты. Халықаралық бәсекелерде ысылып, төселдi деген Раков, Ибрагимов, Ықыбаев сынды спортшыларымыз сын сағатта босаңдық танытқан сияқты. Жалғыз ғана қоланы медеу қылған бапкерлер штаты болашақта мұндайды қайталамауға тырысамыз деп ақталуда. Сонымен бiздiң ұлттық құраманың бүгiнгi кезге дейiн жеткен жетiстiктерiнiң денi осы.
МӘСЕЛЕНIҢ МӘН-ЖАЙЫНА ҮҢIЛСЕК
Осы бәсекелер мен өткiзiлiп жатқан түрлi жиындардан қорытынды шығарып, есеп берген бапкерлердiң айтары не деймiз ғой? Әрине аңғара берсе түйткiл, айта берсе жамалмай жатқан жыртық көп. Бiрақ, битке өкпелеп тонымызды өртеу жөн бе?
Осыдан бiрер жыл бұрын ұлттық құраманың жоғарғы жетiстiктерге жете алмау себебiн бапкерлер команданың жастардан құралғанына бұра салатын. Болашаққа, келешекке жұмыс жасап, ертеңгi күнi сол жастардың жемiсiн көретiн болғанбыз. Жалпы бұл қағида, қалыптасқан стереотип, дайын шаблон кез-келген спорт саласындағы бапкердiң айтатын ең өтiмдi уәжi. Басқа себептерге қарағанда дәл осы мәселеге келгенде сын айтушылардың аузына құм құйылады. Ертеңгi спортымыз үшiн жасалынып жатқан игi қадам болса, ертең сол жұмыстың, сол артылған үмiттiң орындалуын көрiп жатсақ арман бар ма?
Осыдан бiрер жыл бұрын назарда жүрге жастарымыз бүгiнгi күнi шау тартып айтарлықтай, ештеңе бiтiрмеген спорттық ғұмырларын аяқтап жатқан жоқ па? Ендi Ербол Қырғызбаев секiлдi бас бапкерлердiң аузынан тағы да осындай ақталуды естимiз ғой. Сонда бiз биiк нәтиже көрсетпейтiн жастарды қашанға тәрбиелей бермекпiз? Сөйте тұра Рашид Құлбаев, Сабыржан Әбiлдәұлы, Александр Косачев секiлдi жас таланттарды тасада қалдырып отырғанымыз өтiрiк емес.
Федерацияның қолға алған тағы бiр әдiсiн айта кетейiк. Бапкерлерге көмек болатын арнайы бөлiмше құрылып, жаңа талаптарға сай жұмыс жасауды қолға алыпты. Әлемдiк рейтингтiң басында жүрген әр салмақтың спортшылары жеке зерттелiп, оларда бiздiң спортшылардан артық-кем тұстары жарияланады. Осы зерттеулердiң нәтижелерiне қарай бапкерлер мен жаттықтырушылар өз шәкiрттерiне дұрыс бағытта сабақ өте алатын секiлдi.
ҚОЛ ҚУСЫРУДЫҢ ОРНЫ ЖОҚ
Өткендi саралай, сараптай келе бiз ел дзюдосын дамытуға жасап жатқан қадамдарымыз бен ертеңгi табысты өнер көрсетуiмiзге бей-жай қарамауымыз керек. Үстiмiздегi жылы жерлестерiмiз Мәскеудегi "Гран-при" жарысында ел намысын қорғап қайтпақшы. Ал одан кейiн Азия ойындары мен Әлем бiрiншiлiгi де тақап тұр. Осы таңға дейiнгi нәтижемiздi сәтсiздiк деп қарап, барлығына көз жұмсақ, онда алдағы бәсекелерде бiздiң қоржынымыз медальдармен сыңғырлай алмайды. Гуанчжоудағы Азия ойындары қазақ спортшыларының жарқырай көрiнер тұсы. Ал, күзде Жапонияда болатын Әлем бiрiншiлiгiнде Олимпиадаға берер жолдамаларды қалтаға көбiрек басқанымыз жөн. Егер дәл соңғы кездердегi жағдайымызбен бәске түсер болсақ онда бiз жоспарлап отырған Лондонның бес жолдамасы арманға айналып кетуi мүмкiн. Сондықтан, қазiрден бастап бiр жүйеге түсiп, Қазақтың көк байрағын аспандатуды ойламасақ, ертең барлығы кеш болуы ғажап емес.
Елжас ӘУРЕН