ФУТБОЛ ОДАҒЫНЫҢ ОРАШОЛАҚ ӘРЕКЕТI

ФУТБОЛ ОДАҒЫНЫҢ ОРАШОЛАҚ ӘРЕКЕТI

ФУТБОЛ ОДАҒЫНЫҢ ОРАШОЛАҚ ӘРЕКЕТI
ашық дереккөзі
176

Осы күнге дейiн жыры бiтпеген ұлттық құрамамыздың 11 тамыз күнi өткiзетiн жолдастық кездесуiнiң түйiнi шешiлгендей. Бiрақ жанкүйер қауым мен футбол мамандарының қалыптасқан жағдайларға айтары көп. Не iстеп, не қойғандары түсiнiксiз Футбол одағының жұмыс iстеу мәнерiне таңданбасқа шара қалмай отыр осы күнi.

Ел құлағын бiр шулатып Эквадор командасымен жолдастық кездесу өткiзетiн болдық деп ақпарат таратқан футбол федерациясы баспасөздiң барлығына жар салған. Негiзi, шынымен де Эквадор футбол федерациясына бұл жайында хат-хабар жiберiп, келiссөз жүргiзген бiздiң жақ нақты жауап ала алмаған едi. Дегенмен, дәп осындай жағдай туындайтынын күтпеген. Ал ел iшiне бұл хабар тегiс жайылды. «Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекшi, ендi болмағанда Валенсияны көруге қамданған болатын жанкүйер шiркiн. Сонымен кеше анықталғандай, кешiрiм хат жазып, Қазақстанға дейiн ұшатын әуе жолына жеткiлiктi қаражаттың болмауынан Эквадор командасы жолдастық кездесуге келе алмайтынын хабарлаған. Суыт хабар басқа түскен жайдай тиiсiмен тез арада орнына қарсылас iздеуге көшкен қазақтар ары шалып, берi шалып соңғы таңдауды Оман командасына қалдырады. Еуропалық командамен күш сынасуға келiсе кеткен омандықтарда әуе билетi жағынан мәселе туындай қоймайтын шығар. Осы жағын ескерген болса керек, әйтпесе азиялықтармен доп теуiп, тәжiрибе жию мәртебе емес қой. Оман командасы әлемдiк рейтингте 81-сатыда тұрса, Азия құрлығында 8-шi.

Түсiнiспеушiлiк туындатқан бұл мәселенi жан-жақты қарау үшiн құжаттарды ФИФА-ға тапсырған Қазақстан Футбол одағы бәрiбiр бұл әрекеттерден абырой таппасы анық. Десе де жанкүйер алдында ақталуды көздегенi шығар дедiк.

Р.S. Жанкүйерлердiң ғаламтор желiсiнде жазып жатқан түсiнiктемелерiне қарасақ, бiздiң футбол басында отырғандар нағыз көрсоқырлар сияқты. Тiптi, бұл хабарға да сенбей жатқандар баршылық. Бiр-екi күн шыдасақ қарсыласымыз тағы өзгерiп, Қырғызстанмен ойнайтын шығармыз деп отыр.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары