ӨНДIРIС ӨСIМI 11 ПАЙЫЗ

ӨНДIРIС ӨСIМI 11 ПАЙЫЗ

ӨНДIРIС ӨСIМI 11 ПАЙЫЗ
ашық дереккөзі
378

Отандық алғашқы 5 локомотив жасалды

Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа мәжiлiсiнде министрлiктiң биылғы 6 ай iшiндегi атқарылған жұмыстарына есеп берiлдi. Қайтадан жасақталған жаңа құрамның бұл алғашқы отырысы. Алқалы жиында мәлiм болғандай, өнеркәсiп өндiрiсi өсiмi 11 пайызға жеткен.

Министрлiк басшысы Әсет Исекешов соңғы жартыжылдықты қорытындылап, келешек еншiсiндегi жаңа жобаларды да ұмыт қалдырған жоқ. Министрдiң айтуынша, елiмiздегi 11 мың кәсiпорынның 6 мыңы министрлiкке қатысты салаларда жұмыс iстейдi екен және де осы кәсiпорындарға 600 мыңға жуық қызметкер жұмысқа тартылған. Егер де отбасындағы жан басын орташа есепке 3 адамнан келедi десек, бұл сала 2 миллионға жуық адамның өмiрiне ықпал етiп отырған көрiнедi.

Жаңа индустриялық бағдарламаны жүзеге асыруда аталмыш министрлiктiң маңызы зор. Жақында Астанада ұйымдастырылған телекөпiр барысында республика өңiрлерiнде iске қосылған 72 кәсiпорынның ашылу салтанатына куә болдық. Әсет Исекешовтың жартыжылдық қорытындысына сәйкес, биылғы жылға межеленген 144 кәсiпорынның басым бөлiгi пайдалануға берiлген. Нәтижесiнде аймақтарда 12 мың адам жұмыспен қамтылып, өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi 5,5 пайызға артты. Аз ғана уақыттың iшiнде осындай нәтиже берген кәсiпорындардың болашақта ел экономикасына қосар үлесi мол. Өткен жылғы көрсеткiшпен салыстырар болсақ, өндiрiс өсiмi 11 пайызды құрап отыр. Әсiресе, тау-кен өнекәсiбiнiң физикалық көлемiнiң индексi 106,3 пайыз, ал өңдеушi өнеркәсiп 118,3 пайыз алға жылжуды көрсеткен. Соның iшiнде, металлургия, ферроқорытпа 36,7, радиатор шығару 4,5 есеге ұлғайды. Бұрын-соңды болмаған жаңа өндiрiс орындары ашылып, отандық алғашқы 5 локомотив жасалды. Дәл осындай фармацевтика саласы да ақсап тұрған болатын. Министр есебiне жүгiнсек, дәрiлер шығару 36,2 пайыз, ал түрлi препарат өндiрiсi 85 пайыздық өсiмге қол жеткiзген.

Өнеркәсiп саласы жалпы iшкi өнiмнiң 30 пайызын құрайтыны белгiлi, ал өңдеушi өнеркәсiп 15 пайызды құраса, ЖIӨ-нiң 50 пайызы мұнай мен газ үлесiнде.

Индустрияландыру картасы негiзiнде тағы да 72 кәсiпорынның ашылуы жоспарланып отыр. Сондай-ақ энергия үнемдеу, энергия тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi жуық арада бiр ретке келтiрiлмек. Ал индустриялық саясат, арнай экономикалық аймақ және атом энергиясын пайдалану туралы 5 заң жобасы әзiрленуде.

Министрлiк атауына жеке тоқталған Әсет Исекешов "жаңа технологиялар" сөзiнiң қолданылу аясын тарата айтты. Осы тiркес ТМД елдерi үкiметiнде тұңғыш рет қолданылып отырса керек. Тiркес мағынасына үңiлер болсақ, министрлiктiң мойнына артқан жүгi ауыр-ақ. Жалпы, "жаңа технологиялар" тiркесi Канада, Корея мемлекеттерiнде министрлiк атауларына тағылған. Бiрақ тұтас министрлiкке әлi де ұсыныла қоймапты.

Жартыжылдық қорытындының қуанышты нәтижелерiн Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова да жеткiздi. Министрдiң айтуынша, ЖIӨ көлемi 8 пайыз деңгейiнде.

– Өсiмге былтырғы жылғы экономикалық көрсеткiштердiң төменгi деңгейде болғаны да себеп болып отыр. Өткен жылдың бiрiншi тоқсанында жалпы iшкi өнiм 2,4 пайызға, ал қысқа мерзiмдi экономикалық индикатор 4,1 пайызға төмендеген болатын, – деп атап өттi Ж.Айтжанова.

Бiрiншi жартыжылдықтың қорытындысына арналған мәжiлiсте Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бюджет қаржысының орындалуын жiтi бақылауды тапсырды.

– Жалпы жартыжылдық бойынша нәтижелер жаман емес. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмалары орындалып келедi. Алайда, өмiр жалғасуда. Бiз қол жеткiзген нәтижелердi төмендетпеуiмiз керек. Алда келесi алты айдың мақсат-мiндеттерi тұр, – дедi ол. Алқалы жиын соңында Үкiмет басы бюджеттiң игерiлуiн нақтылап қарауын және бюджеттiк ресурстардың орындалмауы әдiлетсiздiк екенiн айтты.

А.БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары