ЖАС МАТЕМАТИКТЕРДIҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢIСI

ЖАС МАТЕМАТИКТЕРДIҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢIСI

ЖАС МАТЕМАТИКТЕРДIҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢIСI
ашық дереккөзі
195

Астана қаласында әлемнiң есепке жүйрiк оқушылары жиналып, 51-шi бүкiләлемдiк математика олимпиадасында бақтарын сынады. Бұл – бiздiң елiмiзде алғаш рет өткiзiлген iрi халықаралық жарыс. Бiлiм сайысына жүзден аса мемлекеттен 1200 оқушы қатысты. Елiмiздiң математиктерi бұл бәйгеге 1993 жылдан берi бiлiмiн жаратып жүр. Осы уақыт iшiнде олар 60 шақты медалдi қанжығасына байлап, олжалы оралып келдi.

Олимпиада табиғаты сұлу Бурабайдағы тынығу орталықтарында өттi. Оқушылар үшiн бұл басқосу өз бiлiмiн сынауға, әрi ой-өрiсiн дамытуға берiлген тамаша мүмкiндiк. Себебi, математиктердiң деңгейiн паш ететiн мұндай олимпиадаға қатысу екiнiң бiрiнiң басына бұйырмайтын бақ. Оған әлемнiң "жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар" деген жас өрендерi ғана жолдама алады.

Бiлiм және ғылым министрлiгi орта бiлiм департаментiнiң директоры Нұрғали Аршабековтың айтуынша, барлық есептiк тапсырмалар қытай, жапон және испан тiлдерiнен аударылған. Берiлген тапсырмалардың айтарлықтай қиындығын қатысушы оқушылардың өздерi де мойындап отыр. Бiрақ есепке жүйрiк математиктер үшiн шешiмiн таппайтын тапсырма жоқ. Олар күрделi амалдармен бетпе-бет келсе де, бұл белестен кедергiсiз сүрiнбей өтетiнiне, әлi талай биiктi бағындыратынына толыққанды сенiммен қарайды.

Екi күнге созылған математиктердiң бiлiм сайысының жабылу рәсiмiне қатысқан Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов шетелден келген қонақтарға iлтипат көрсетiп, жеңiмпаздарға жүрекжарды құттықтауын бiлдiрдi. Қазақстан бұл жолы жалпы командалық есепте 5-шi орынды иелендi. 51-шi Халықаралық математикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша, 1-шi орынды — Қытай, 2-шi орынды — Ресей, 3-шi орынды — АҚШ, 4-шi орынды Оңтүстiк Корея командалары еншiледi. Қазақстан жүлдегерлерiнiң қоржынына 3 алтын және 2 күмiс медаль түссе, одан бөлек оқ бойы озық шыққан математикке мақтау қағазы табыс етiлдi.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов әлемнiң дарынды математиктерiн Қазақстанда қабылдау үлкен мәртебе екенiн айтып өттi. "Бұрындары кез келген жас математиктiң арманы Мәскеуде және Новосiбiрде өтетiн жалпыодақтық олимпиадаға қатысумен шектелетiн. Ал қазiр басқа мемлекетер де халықаралық олимпиадаларға қатыса алады. Бұл — бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң жетiстiгi", — дедi Үкiмет басшысы.

Мұнымен қоса салтанатты шара барысында Премьер-министр 51-шi Халықаралық математикалық олимпиаданың ең жоғары балына қол жеткiзген абсолюттi чемпионның аты жазылған хатқалтаны ашып, оның есiмiн жариялады. Чемпион атағын қытайлық оқушы Нье Зыпей (Nie Zipei) иелендi. Сондай-ақ, шара барысында басқа да олимпиада жеңiмпаздары өз деңгейiне қарай арнайы сыйлықтармен, мақтау қағазымен марапатталды.

Ал, 51-шi Халықаралық математикалық олимпиаданың қазақстандық жүлдегерлерiнiң iшiнде алтын жүлдеге Талдықорған қаласындағы №20 мектеп-лицейiнiң оқушылары Қанат Сатылханов пен Нұрсұлтан Қажымұратов, Алматы қаласындағы №134 мектеп-лицейiнiң оқушысы Денис Овчинников ие болса, күмiс медальға Астана қаласындағы Қазақ-түрiк лицейiнiң оқушысы Рауан Рахмет және Алматы қаласындағы РАФМОМИ оқушысы Медет Жанболатов қол жеткiздi. Ал мақтау қағазына РАФМОМИ оқушысы Азамат Дүйсенбаев лайық деп табылды.

Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуынша, елiмiзде осындай жоғары деңгейдегi олимпиаданың өткiзiлуi Достастық мемлекеттер арасындағы алғашқы үрдiс. "Елбасымыз қоғамымыздың интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға, бiлiм берудi дамытуға әрдайым зор көңiл бөлуде. Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда 1998 жылдан бастап дарынды жастармен жұмыс iстейтiн мемлекеттiк жүйе жұмыс iстеп келедi. Елiмiзде дарынды балалар мен жастар үшiн, олардың мүмкiндiктерiн iске асыруға қажеттi жағдайлар жасалып отыр", — дедi министр сөзiн қуаттап.

51-шi Халықаралық олимпиадаға ат арытып келген шетелдiк қонақтар мен қатысушыларға қазақ елiнiң қонақжайлылығы ұнаған секiлдi. Әсiресе, әр елден жиналған математиктер алған әсерлерiн бөлiсiп, мәз болысты. Олар Астана қаласының сұлу жерлерiн аралап, елiмiздiң солтүстiгiндегi демалыс аймақтарында тынығып, қазақ жерiнiң көрiктi жерлерiн тамашалады. Сондай-ақ, Елорданың "Қазанат" атшабарында олимпиадаға қатысушылардың назарына ат спорты қойылымдары ұсынылып, "Номад" тобының ат құлағында ойнайтын өнерпаздары аударыспақ, садақ ату, қыз қуу сынды ұлттық ойын түрлерiн паш еттi.

Серіктес жаңалықтары