ЕЛIМIЗДЕГI ЕКIНШI ИСЛАМ БАНКI

ЕЛIМIЗДЕГI ЕКIНШI ИСЛАМ БАНКI

ЕЛIМIЗДЕГI ЕКIНШI ИСЛАМ БАНКI
ашық дереккөзі
381

Елiмiзде тағы бiр ислам банкi ашылмақшы. Бiр жылдың iшiнде бой көтередi деп жоспарланған банк Құран шарттарына сәйкес жұмыс iстейдi. Шариғат заңдарына бет бұрған қаржылық жүйедегi бұл әдiс бүгiнде бүкiл әлемдi бағындырып келедi. Малайзиялық AmanahRaya мемлекеттiк қаржылық тобы "Қазақстанның Даму банкi" АҚ-мен бiрлесiп аталмыш банктiң ашылуын жылдамдатып отыр.

Соңғы жылдары ислам өркениетiне тән экономикалық және қаржылық топтар әлем елдерiнде өрiс алып келедi. Өзге дiндi медет тұтқан Батыс Еуропа мемлекеттерi де исламдық қаржы жүйесiне кетәрi емес, тiптi Ресейдiң өзiнде де әуелде сәтсiздiкке ұрынып, кейiннен жұртшылықты мойындатып үлгердi. Ал Қазақстанда жуырда ашылған Әл-Хилал банкi жұмысын бастағалы жыл толып қалды. Тәуекел мен табысты бiрге бөлiсетiн ислам банкингi жүйесi елiмiзде қанат жаюы орынды-ақ. Шағын және орта бизнестi қаржыландыратын банк екi ел арасындағы ұқсастықты: Малайзия мен Қазақстан халқының 60 пайызы мұсылман екенiн байқаса керек. Бiрақ ислами қаржы жүйесiнiң ел экономикасына сiңiсiп кетуi бiраз уақытқа созылғаны баршамызға белгiлi. "FATTAH FINANCE" АҚ елiмiзде екiншi ислам банкiнiң тұсауы кесiлуiне өз үлесiн қосып отыр. Бұл шариғат нормаларына сәйкес қаржылық қызмет көрсететiн Қазақстандағы бiрiншi компания. AmanahRaya банкi жұмысына орай Астанада келiссөздер жүргiзiлiп, осы аптада нақты келiсiмшартқа қол қойылды дейдi вице-премьер Әсет Исекешов. Сондай-ақ, бұл келiсiмдер барысында энергетика, туризм, өнеркәсiп, Ислам банкингi салаларында бiрлескен жобалардың жүзеге асырылатынын мәлiмдедi.

— AmanahRaya (Малайзия) мемлекеттiк қаржылық корпорация мен қазақстандық компания және Қазақстанның Даму банкi арасындағы ынтымақтастық, елiмiзде екiншi Ислам Банкiн құру бастамасын iске асырмақ. Сондай-ақ, бұл Қазақстан мен Малайзия арасындағы бiрлескен жобалардың модераторы болуға мүмкiндiк бермек. Бұл банктiң қызметi шағын және орта бизнестi қолдауға бағытталуы тиiс, — дедi Ә.Исекешов.

Осы ретте вице-премьер Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiмен бiрлескен басқа да iрi жобалардың көп ұзамай жүзеге асатынын айта кеттi. Елбасының Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне сапарында Ислам банкiн Қазақстанда ашу туралы уағдаласқан болатын. Алдағы уақытта ТМД елдерi аумағында жұмыс жасайтын Ислам банкiнiң штаб-пәтерi де Алматыда орналасады. Оның айтуынша, исламдық қаржыландыру тетiктерiн басты орынға қойған абзал, себебi Араб Әмiрлiктерiнде iрi құрылыс кешендерiнiң барлығы дерлiк исламдық қаржыландыру жүйесi негiзiнде қаланған. Ел экономикасына исламдық қаржы жүйесiнiң араласуын Елбасы да қолдап отыр. Бұдан былай мұсылман мемлекеттерiмен екi арадағы қаржылық топтардың өзара байланысы дами бермек. Ал Абу-Дабилық Әл-Хилал мен Малайзиялық AmanahRaya алғашқы қаржы институттары болғанымен, соңғысы емесi анық.

Сондай-ақ, бұл басқосуда AmanahRaya басшысы Дато Ахмад Родзи Павантех, "Kaznex Invest" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Арынов және "Fattah Finance" АҚ директорлар кеңесi елiмiздегi "халал хаба" халал тауар мен қызмет түрлерiнiң логистикалық орталығын ашу туралы келiсiмдi бекiттi. Бұл жобаның басты мақсаты — халал өнiмдер экспорты және импортының ауқымын ұлғайтып, Орта Азия мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы мен таралу аймағын кеңейту. Әңгiме өзегiне орай, AmanahRaya тобының 1921 жылы құрылғанын және 100 пайыз Малайзия үкiметiнiң меншiгiнде екенiн айта кеткен жөн.

Ислам банкiнiң жұмыс ерекшелiгi туралы бұған дейiн газет-журнал беттерiнде егжей-тегжейлi сараланып, халыққа етене таныс болып та қалды. "Ислам банкi" десе үрке қарайтын қоғамның бүгiнде оңды жүйенiң қалыптаса бастағанына көзi жетiп отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары