ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ РЕСЕЙ

ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ РЕСЕЙ

ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ РЕСЕЙ
ашық дереккөзі

Биылғы ыстық жаз апшыны қуырып барады. Табиғаттың тосын мiнезi Ресей мемлекетiн де әбiгерге салып отыр. Мұнда соңғы 40 жылда болмаған қуаңшылық орын алды. Соның кесiрiнен елде астық алқаптарының бiраз бөлiгi күйiп кеткен. Бұл алдын ала болжанған астық түсiмiне де, инфляцияның ауыздықталуына да айтарлықтай залалын тигiзбек.

Қазiр Ресей халқы дәл осындай қуаңшылықтың 1972 жылы орын алғанын еске түсiрiп жатыр. Биылғы жаз мезгiлiнiң аптап болатынын күтпеген жұрт әрi-сәрi күй кешкен. Өйткенi, мұнда жоғары температура бiр айдан астам уақыт бойы сақталып тұр. Күннiң ыстығы қан қысымы көтерiлетiн науқастарға да оңай тимеуде. Ең бастысы, қуаңшылық елдiң мол үмiт артып отырған астығын да күйдiрiп барады. РФ Ауылшаруашылығы министрiнiң хабарлауынша, қазiргi кезде қуаңшылықтың салдарынан Ресейдiң 23 аймағында төтенше жағдай жарияланған. Атап айтқанда, Саратов, Орынбор, Самара, Воронеж, Челябi, Волгоград, Пенза, Нижегород, Ульянов, Тамбов, Киров, Қорған, Астрахань, Белгород, Рязань, т.б. облыстары қиын жағдайға тап болды. Ауылшаруашылығы министрi Елена Скрынниктiң мәлiметiнше, 48 млн. гектар алқапқа себiлген тұқымның 9,6 млн. гектары күйiп кеткен. Әрине, бұл жағдай бидай бағасының өсуiне әкелмей қоймайды. Ресей қадағалау агенттiгiнiң таратуынша, Ресейдiң еуропалық бөлiгiнде бiр аптаның iшiнде астық құны орташа есеппен 240 рубльге артып, 8-9 пайызға қымбаттаған. Ресей қоғамдық палатасы астықтың бұрынғыдай түсiм бермейтiнiн айтып, нан бағасының 20-30 пайызға өсiп кету қаупiнiң бар екенiн амалсыз мойындаса да, бiрiншi вице-премьер Виктор Зубков: "Әрине, жағдай өте қиын. Бiрақ төтенше жағдайға қарамастан нанның қат болуына жол жоқ", – дейдi халықты сабырға шақырып. Өйткенi, билiк астық қоймасындағы қорда жатқан 24 миллион тонна бидайға арқа сүйеп отыр. Оның үстiне сарапшылардың бағамдауынша, биыл Ресейде кем дегенде 65-70 миллион тонна астық орылады деп күтiлуде. Көршi елдi құрсауға алған қуаңшылық Қазақстанға да зардабын тигiзбесе игi…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ