АЛҚАЛЫ САММИТ АСТАНАДА ӨТПЕКШI

АЛҚАЛЫ САММИТ АСТАНАДА ӨТПЕКШI

АЛҚАЛЫ САММИТ АСТАНАДА ӨТПЕКШI
ашық дереккөзі

Қазақ мемлекетiнiң ЕҚЫҰ төрағалығы тiзгiнiн өз қолына алғалы берi әлемдегi әрi саяси сахнадағы беделi де күн санап артып келедi. Оны жыл басынан берi елiмiзде өткiзiлiп жатқан маңызды шаралардың нәтижесi арқылы бағамдау қиын емес. Төрткүл дүние көзiн тiгiп отырған Қазақстан өткен аптада тағы бiр ауқымды басқосудың орын алуына сүбелi үлес қосты.

Алматы қаласына ЕҚЫҰ елдерi Сыртқы iстер министрлерi жиналып, екi күндiк жұмыс барысында ғаламдық мәселелердiң шешу жолдарын қарастырды. Олар дәл қазiр әлем жұртының үрейiн қашырып отырған Қырғызстан мен Ауғанстанның басындағы ахуалды талқыға салып көрдi. Мұның барысында бiрнеше құжаттарға қол қойылып, бұдан былай қазақстандық дипломаттар аталған ұйымға мүше кей елдерге визасыз баратын мәртебе алған. Тiптi, Кипр үкiметiнiң өкiлдерi елiне келетiн барлық азаматтар үшiн визалық тәртiптi жеңiлдетуге бiрауыздан дайын екендiгiн жеткiздi. Мақсат — қарым-қатынасты нығайтып, инвестиция тартуға жол ашу. Сол сияқты мәртебелi ұйымға мүше мемлекеттер Қырғызстанға ЕҚЫҰ елдерiнiң полициясын апаруды қолдайтындығын бiлдiрдi. Негiзiнен олар Ош және Жалал-Абад облыстарында тыныштық орнатуға көмектеседi. Бүгiнде олардың қай жерге тұрақтап, қандай мiндет атқаратыны айқындалып қойған. Себебi, Қырғыз Республикасының Президентi Роза Отунбаеваның айтуынша, елдiң оңтүстiгiндегi жағдай әлi де тұрақсыз. Сондықтан да билiк өкiлдерi Оштағы тұрғындардың арасында, яғни қырғыз бен өзбек ұлтының қарым-қатынасы жақсарғанша сақтық шараларын күшейте беретiнiн мәлiмдеп отыр. Ұлыбритания Сыртқы iстер министрiнiң Еуропа iстерi бойынша орынбасары Дэвид Лидингтон: "ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанның оңтүстiгiне 50-ден астам полиция қызметкерiн жiберу бiрқатар мәселенi шешуге септiгiн тигiзедi. Болашақта олардың саны 102-ге дейiн көбеюi мүмкiн. Бұл Қырғызстан үшiн аса маңызды. Өйткенi, бұл ел бүлiктен келген шығыннан бұрын, басқа елдердiң сенiмiне қайта кiру мәселесiн реттеуi керек" дегендi қадап айтты. Алқалы басқосуда Астана қаласында өтетiн ЕҚЫҰ-ға мүше елдерiнiң саммитiне дайындық мәселесi де сөз болды. Бiр айта кетерлiгi, дәл осындай саммит осыдан 10 жыл бұрын Стамбулда өткен. “Сондықтан Қазақстан осы ұйым тарихында соны үрдiс қалыптастырып жатыр”, – дейдi қатысушылар. Мәселен, Португалия сыртқы iстер министрi Луиш Амад: "Бiз Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитiн өткiзу туралы бастамасын толығымен қолдаймыз. Және саммит Қазақстан төрағалық еткен уақытта өтедi деп үмiттенемiз" деп ағынан жарылды. Басқосудың екiншi күнi "Ақбұлақ" демалыс аймағында жалғасты. Әсем Алатаудың баурайында өткен 56 мемлекеттiң сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми кездесуiне Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың өзi қатысты. Ол өз сөзiнде: "Тарих үшiн тым қысқа уақыт iшiнде дүниежүзi мүлдем өзгеше сипат алды. Геосаяси ахуал жаңарып, халықаралық қатынастардың мәнi өзгердi, трансұлттық қауiп-қатерлердiң жаңа түрлерi пайда болды. Бұл ретте бiздiң ұйымымыздың заман талабына сай болуы аса маңызды. Осыған байланысты бiз артықшылықтарымызды айқындап, жаңа қауiп-қатерлерге төтеп беретiн қарымта жауаптарымызды белгiлеуiмiз керек" дегендi айтты. Мұнымен қоса дағдарыстан кейiнгi дамудың жаһандық күн тәртiбiнде — әлемдiк құрылымның қаржы-экономикалық жаңа үлгiсiн түзу мәселесi тұр. Бұл ретте Елбасы дүниежүзiлiк қаржы нарығын реттеп, бақылап отыратын жаһандық жүйе құру және баршаға ортақ әлемдiк валюта енгiзу туралы ұсыныстарын қаперге салды. Қазақстанның беделдi ұйымға төрағалығының жарты жылы артта қалды. Бұл уақытта талай шаруа тындырылды. Әсiресе, Қазақстан Қырғызстанда туындаған дүрбелеңдi басуда, қырғыз халқына гуманитарлық көмек көрсетуде бар күш-жiгерiн аяған жоқ. Бұдан былай да Бiшкектегi ЕҚЫҰ-ның орталығы нығайтылып, жұмысы жандандырылады. Одан қала бердi, Қырғызстанға гуманитарлық көмектер көрсету жалғасын тауып, парламент сайлауының өтуiне қолайлы жағдай туғызылатын болады. Бүгiнде Қазақстан Жалал-абад және Ош қалаларында өртелген, қиратылған нысандарды қалпына келтiру үшiн бағдарлама дайындалуда. Қазақстан жағынан жұмыс тобын Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Шөкеев, ал Қырғызстан тарапынан Қырғызстанның бiрiншi вице-премьерi Муралиев басқарады. Қырғыз елiнiң саяси-әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн әуелгi кезекте экономикалық қолдау, көмек көрсету қажет екенiн сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қанат Саудабаев пысықтады. Сондай-ақ, Қанат Саудабаев ЕуроОдақтың сыртқы iстер және саяси қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi жоғары лауазымды өкiлi Кэтрин Эштонмен және Францияның сыртқы iстер министрi Бернар Кушнермен екiжақты кездесу өткiзiп, ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми кездесуiне келген мәртебелi меймандарға Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығын қолдағандары үшiн ризашылығын бiлдiрдi. Бейресми кездесудiң соңына қарай журналистермен өткiзген баспасөз мәслихатында барлық мемлекеттiң бас дипломаттары саммиттiң Қазақстанда өтуiн қолдағанын қуана жеткiздi. Бұл бiздiң ел дипломатиясының үлкен жеңiсi, — деп бағалады Сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қанат Саудабаев. Сонымен, ЕҚЫҰ-ның ХХI ғасырдағы алғашқы саммитi жыл аяғына дейiн Астана қаласында өтетiн болып шешiлдi. Ендi саммиттiң өтетiн күнiн белгiлеу ғана қалып тұр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ