КЕУДЕМЕ КӨШIП БҰЛ КӨКТЕМ...

КЕУДЕМЕ КӨШIП БҰЛ КӨКТЕМ...

КЕУДЕМЕ КӨШIП БҰЛ КӨКТЕМ...
ашық дереккөзі
257

Қазақ поэзиясы қашанда өз биiгiнен төмендемеген. "Әдебиеттiң құны төмендеп кеттi, әдебиет құлдырап бара жатыр" деген әңгiмелер жиi айтылса да, қазақ поэзиясы әлсiреген емес, әлсiремейдi де. Оның бiр көрiнiсi – қазақ поэзиясында дарынды, талантты жастар шоғырының көбейiп келе жатқандығы. Осындай талапты жастарымыздың бiрқатарының өлеңдерiн оқырман назарына ұсына отырып, олардың келешектерiне сәт-сапар тiлегiмiз келедi.

Олжас ҚАСЫМ, ҚазҰУ студентi

МӨЛДIР ӨЛЕҢ

Өңдiге шықсын, өндiр өлеңдер,

Басып озбайды сеңгiрдi дөңдер.

Көндiгiп барып, көресiң бәрiн,

Мөлдiрдiң бәрiн мөлдiр демеңдер.

Сезiм болмаса, құрбыңа барма,

Бүршiк болмысын бүлдiрiп алма.

Бiз атап жүрген тұп-тұнық шықтар,

Түседi тамып түн жылағанда.

Тауыстым ұрттап, төнген төзiмдi.

Еске түсiрсем, сол бiр кезiңдi,

Мөлдiреп тұрған бота жанардан,

Таба алмай жүрмiн мөлдiр сезiмдi.

Көкке ұшады көңiлдiң әнi,

Сарқылып қалса, өмiр бұлағы.

Ластықтың құсы қанат жаяр ед,

Таусылып қалса мөлдiрдiң бәрi.

Түн баласымын көрмесiн елiм.

Тазарамын деп селдетiп едiм.

Тұнықтығымен жан мойындаған,

Мөлдiр өлеңмiн келбетi керiм.

Мөлдiр шық болып мөлдiреп тұрып,

Бiр күнi мен де жерге сiңемiн.

* * *

Өзендерiм-ай!

Өрекпулерiң жарасымды екен,

Өр толқыныңмен таласып өтем.

Бағытты бөгет бағындырады,

Бар тосқауылдар жағасында екен.

Сымпылдап күлiп,зулай ағасың,

Гүрiлдеп, тулап тынбай ағасың.

Көктен құлаған тамшы дауысын,

Қашан құмармен тыңдай аласың?

Арнаңнан асар шақтарың бар ма?

Жоқ, әлде, мәңгi тоқтауың бар ма?

Көсiлiп қалу керек екен ғой,

Бойыңда бiр сәт от-жалын барда.

Көрсетпе тауға төмендiгiңдi,

Мойындатарсың кемелдiгiңдi.

Өзiңе ұқсас ару да келдi,

Тәнi – тал шыбық, өзен – бұрымды.

Сұлу теректей сыланып алып,

Буырқанамын бұралып ағып.

Кезегiң бершi, өткiншi ғана,

Дүниеге жар сап, тұрамын ағып…

ОЛ ОНЫҢ – ТАҒДЫРЫ ШЫҒАР

Ақ қарды ерiдi деймiз,

Мүмкiн ол жылаған шығар.

Ақ нөсер төгiлдi деймiз,

Ол мүмкiн құлаған шығар.

Бұлақтар жөңкiлдi деймiз,

Сылқылдап күлгенi шығар.

Құмдарды сырғиды деймiз,

Ол оның жүргенi шығар.

Бұталар сыңсиды деймiз,

Ол әндi шырқаған шығар.

Қаңбақты жел қуды деймiз,

Жел оны жұмсаған шығар.

Керiлген кемпiрқосақтар,

Аспанның бiлегi шығар.

Самсаған сары жапырақтар,

Ағаштың жүрегi шығар.

Бұлттарды ауады дедiк,

Олардың жүзгенi шығар.

Ай бетiн дақ басқан дедiк,

Адамның iздерi шығар.

Түн келсе қараңғы деймiз,

Мезгiлдiң бар мұңы шығар.

Ақынның өлеңi деймiз,

Ол оның – тағдыры шығар?

Бауыржан ӘЛIҚОЖА,әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетi журналистика факультетiнiң студентi

АЙ МЕН СҰЛУ

Бiр аунап алып ақша бұлттарға,

Барады Ай жүзiп дөңгелек…

Өне бойында нақ шабыт барда,

Қалдырмақ па екен зер бөлек?!

Сен көшiрмесi – аспандағы Айдың,

Қарақат көзiң тұңғиық.

Еңсемдi езiп басқанда қайғым,

Емдейсiң өзiң нұр құйып.

Аядай ғана ардағым менiң,

Бұл бiздiң лаулар отты шақ.

Көзiме түстi қолдағы меңiң,

Ай бетiндегi дақ құсап.

Теңiз-сезiмнiң тереңiн арна,

Махаббатыңа сай деп ұқ.

Көктегi Айдың керегi бар ма,

Жанымда тұрсаң Ай болып!

Киiптi көйлек сабырдан өңiң,

Жүрегiң толы ар-иман.

Қолыңнан ұстап жалындап едiм,

Кернедi бойды дариға-ән…

Өзгеден, қалқам, шын қызғандым ба?!

Құшақтай алдым аңсаумен.

Қадiрi жоқ-ау жұлдыздардың да,

Жымиып күлсең жан сәулем.

Ерке "Есентайдың" жағасындамыз,

Кеудеге көшiп бұл көктем.

Әңгiмемiздiң арасында бiз,

Көзбен де айттық сырды еппен.

Көңiл-айдыннан шағала-мұң да,

Ұшты-ау бiр басқа өлкеге…

"Хамит ақынның жағалауында",

Жыр оқып бердiм еркеме.

Маңайға мынау өң берiптi ұл-қыз,

Секiлдi әлем – пәк өлең.

Желменен бiрге тербелiп тұрмыз,

Ай, сұлу, сосын және мен.

ПОЙЫЗДА

Вагондар, вагондар ма арлы-берлi,

Теңселедi түйенiң өркешiндей.

Аманхан Әлiмұлы

Солғын тәнiн жауратып, сыз бөктере,

Күрең тартқан жылайды-ау күз кектене.

Кер даланың дидары өтiп жатыр,

Көз алдымнан таспадай тiзбектеле.

Көк аспан да көгiстеу, күйреген көк,

Тұр айнала қоңырқай күйге елеңдеп.

Бiздi алып барады, өзен бейне, –

"Темiр тұлпар" жыландай ирелеңдеп.

Табиғаттың осынау тылсымы кең,

Меңдеп апты жамалын бiр сынық өң.

Ал, вагонның гүрсiлi мұңлы ән бе едi,

Жүрегiмнiң астасқан дүрсiлiмен.

Өлең болып ақынға ой үзбеген,

Кептерлер жарысады пойызбенен.

Алабауыр алаңда жылқы да жүр,

Болатындай ықтасын сай iздеген.

Жүйткiдi желбас құлын желдi керiп,

Қызыққа терезеден телмiрелiк:

Топ кептер ұзады да, ерке құла,

Тоқтады алдырмайтын белдi көрiп.

Тұп-тұнық елестетiп қаракөздi,

Құлыншақ құлдыраңдап дала кездi…

Құстармен әуелеген еске оралды,

Ұшырған қағаз ұшақ бала кезгi.

Шiркiн-ай, ұшпа желдей есiп берiп,

Қашаннан жүргенiмiз несiп терiп.

Теңселген пойыз тербеп дүниенi,

Келедi кеңiстiктi кешiп, керiп.

КҮЗ БЕН ҚЫЗ

Сыртқа шықсам сарғайған күздi көрем,

Жүдеу жүздi сонан соң қызды көрем.

Сағынышқа бөленген мұңлықтарға,

Дәрi бола қояр ма бiздiң өлең.

Сабағынан үзiлiп жапырақтар,

Көңiлсiздеу күй кештi атырап бар.

Мақпалдайын жапырақ емес анау,

Жатқандайын тапталып топырақта ар.

Жұлдыздай төбемiзге таяу аққан,

Кыр үстiн қызғылт түске бояды ақ таң.

Елестей ме ғашығы күнi-бойы,

Сезiмiн iздейдi қыз саябақтан.

"Күту деген тәйiрi сөз бе, тағы,"

Дегенiңмен, сүркей Күн боздатады.

Күрең өңiр сол күйге қосылып ап,

Қай-қайдағы жайларды қоздатады.

Сықпытындай сұр күздiң мұң қабыздап,

Жүректегi жарасы тұр ма сыздап?!

Аппақ жүзiн қарайтып жiберiптi-ау,

Қоңыр бақта уiлдеп түрлi аңыздақ.

Ендi ешкiмге сенбейдi ол, өмiрiнде,

Күздей мұңның табы бар көңiлiнде.

Iзгi арудың көз жасы сияқтанып,

Қыз-қайыңның моншағы төгiлуде…

Сыртқа шықсам сарғайған күздi көрем,

Жүдеу жүздi сонан соң қызды көрем.

Ұғынбаған сол жанның мұңлы сырын,

Маған салсаң дер едiм түздi керең.

ҚҰЛЫН МҮСIН

Жайраңдаған жайық-қыз құлын мүсiн,

Әудем жерден сезедi үнiңдi iшiм.

Ұғын, түсiн лүпiлiн жүрегiмнiң,

Мiнезбен де маңғаздау жұғымдысың.

Базбiреулер "қошақан", "сәби" десiн,

Өз орны бар арусың фәниде шын.

Ұғымың да, өзгеше қылығың да,

Тал бойыңнан табылар сан үйлесiм.

Жаутаңым-ай, жанары жәудiреген,

Саған менiң назарым ауды дер ем.

Жүзiңдегi жұтардай түпсiз көлдер,

"Ақын болсаң — деп тұр-ау — жаудыр өлең".

Ынтық қылып жiбектей күлкi, iсiңе,

Шоқ салып үлгердiң-ау мың кiсiге.

"Перi қызы болмаса, перiште – ол",

Дейдi ұлдар көз салған түр-түсiңе.

Үй үлкенi болғанмен тым еркесiң,

Сымбатыңа жарасып тұр өрдешiң.

Арман шыңға айналып бар болмысың,

Алғансың ба мекендеп жыр өлкесiн?!

Зәузатым-ай мөлтiлдек, жаутаңдаған,

Кезiмiз көп кездесер бау таңдаған.

Сенi көрсем дәрменсiз күй кешемiн,

Сезiнсем де өзiмдi қауқарлы адам.

Салды сезiм сарсаңға әрi менi,

Бұл не деген көңiлсiз сарын едi.

Қаузады мұң жапырақ-жүрегiмдi,

Дерттi жанның өзiңсiң дәрiгерi.

Емде менi, ерке қыз…

ҚУАТБЕКҰЛЫ Ерқанат, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң филология факультетiнiң екiншi курс студентi.

Маңайымның бағумен қас-қабағын

Ақиқаттан несiне жасқанамын,

Қандай ғұмыр кешсем де бұл пәниде

Қара жер ғой түбiнде жастанарым.

Алтын, күмiс, жақұттарды нетемiн,

Күнiм бiтсе бәрiн тастап кетемiн.

Жер жаһанды толық сатып алсаң да,

Өлгеннен соң көр ғой жалғыз мекенiң.

Һарамдықпен биiктетiп беделiн,

Тигiзбеген мұқтаждарға көмегiн.

Арын сатқан құлқын құлы ойлар ма?

Ақиреттiң сынағында не дерiн.

Назар салмай алдамшы өмiр, сындарға,

Дiннен безiп әскер болма жындарға.

Құрмет тұт үлкен-кiшi бәрiн де,

Кiшпейiлдiк жарасады құлдарға.

Перiштедей пәк боп келiп өмiрге,

Азғырушы iбiлiске жеңiлме.

Алла дiнiн нық ұстанып, бас иiп,

Нәсiп етсiн иманыңмен өлуге.

* * *

Игi iске арнап әрбiр күнiңдi,

Һарамнан сақта қызыл тiлiңдi.

Тәубеге келгiн Алланы ойлап,

Ұмытпа пенде құл екендiгiңдi.

Санаңнан тыс қып надан ұғымды,

Сақтай бiл бойда адамдығыңды.

Иманға ұйып, сәждеге жығыл,

Ұмытпа пенде құл екендiгiңдi.

Татымды сөйле ойға сiңiмдi,

Iздеуден тынба iлiм бiлiмдi.

Сараңдық қылмай өзгеге үйрет,

Ұмытпа пенде құл екендiгiңдi.

Мұқтаж жандарға төксең нұрыңды,

Биiктен тiгер Жаратқан туыңды.

Сауаптар жина қысқа ғұмырда,

Ұмытпа пенде құл екендiгiңдi.

Қуарған шақта өмiрдiң гүлi,

Таразы болар – ақирет күнi.

Жәрдемшi сонда иманың ғана,

Шамаңды бiлгiн Алланың құлы.

* * *

Көркiне таң боп құлпырған даламның,

Жаратылысына қайранмын ғаламның.

Кең жайлау төсiн бесiк қып өскен,

Туған жер, сенiң мен ерке балаңмын.

Ерлiктерiне сүйсiнiп бабамның,

Шешендiгiне тәнтi боп данамның.

Тектiден қалған тұяқтығыма,

Мақтанып өскен мен ерке балаңын.

Хал жайын көрiп қаусаған қоғамның,

Ертеңiн ойлап елiмнiң алаңмын.

Қулармен сұмдар билiк құрғанға,

Өзегiм өрт боп өскен балаңмын.

Асығы алшы түсiп арамның,

Рухани жақтан тоздым тоналдым.

Мылқауды бай ғып мiнбеге қойған,

Заманды көрiп ержеткен балаңмын.

Озғанын көрдiм тұлпардан шабанның,

Билiгiн көрдiм басы жоқ адамның.

Ұлтым деп туған ұлдарын тепкен,

Ортаны көрiп қан жұтқан балаңмын.

Серіктес жаңалықтары