ШАКРУКХ ХАННЫҢ ШЫНАЙЫ ӘЛЕМI

ШАКРУКХ ХАННЫҢ ШЫНАЙЫ ӘЛЕМI

ШАКРУКХ ХАННЫҢ ШЫНАЙЫ ӘЛЕМI
ашық дереккөзі
322

Ресей киногерi Никита Михалковтың "Менiң бiлуiмше, кино үш түрге бөлiнедi: жақсы, жаман және үндiлiк" деген сөзiн әрқалай тәпсiрлеуге болады. Қалай десек те, үндi фильмдерiнiң көрермендi бей-жай қалдырмайтыны белгiлi. Бiр сөзбен Болливуд аталып кеткен бұл әлемде есiм-сойы Ханмен байланысты Саиф Али Хан, Шарих Хан, Фара Хан, Салман Хан секiлдi жұлдыздар жетiп артылады. Бiрақ, осы шоқжұлдыздардың iшiндегi Шакрукх Ханның жөнi бөлек емес пе? Бүгiнгi әңгiмемiз де осы "Болливуд билеушiсi" жайында болмақ.

Бiздiң әке-шешемiз кезiнде Амитабх Баччан, Митхун Чакраборти сомдаған кейiпкерлерге сүйсiнсе, қазiргi жастардың Шакрукх Ханға деген құрметi зор екендiгiне шәк келтiруге болмас. Бүгiнде аты аңызға айналған кумирiмiз 1965 жылдың 2 қаңтарында Нью-Дели қаласында өмiрге келедi. Бiрге туғаннан тек өзiнен алты жас үлкен әпкесi Шехназ ғана бар. Айта кетерлiгi, Шакрукхтың мұсылман отбасынан шыққандығы талай мүмин үшiн мақтан болса керек. Актердiң өмiрбаянына үңiлсек, 1988 жылға дейiн жұрттан озып, жаңалық жасамаған, даналығын не дарындылығын байқатпаған. Кәдiмгi бiз бен сiз сияқты орта мектепте оқыған, жай оқып қоймай, жас кезiнде хоккей ойнауды жанындай жақсы көрген. Тiптi, белiндегi жарақаты болмағанда, оның қызмет жолы кәсiби спортшы ретiнде қалыптасар ма едi, кiм бiлсiн? Ал, Хансрадж колледжiнде кейiпкерiмiз экономикаға ден қояды. Осылайша, ол 1988 жылы кездейсоқ жағдайда кастингтен өтiп кетiп, "Fauji" атты сериалдың түсiру алаңынан бiр-ақ шығады. Қауғабастығы үшiн "аю" атанса да, сериалдағы әрiптестерiне ол аз уақытта әртiстiк қабiлетiн мойындатып үлгередi. Жақын арада бұның жарқыраған жұлдызға айналарын сезген продюсерлер ендi оған "Цирк" сериалынан рөл ұсынады. Алайда, Шакрукхтың талантын шыңдайтын орта — Болливуд оны қабылдауға асыға қоймады. Тек 1992 жылғы "Дивана" фильмiндегi дебютiнен соң оның үндi киносындағы дәуренi басталды десе де болады. Жұмысқа бар ынта-шынтасымен берiлуi, әрбiр дубльге ыждаһаттылықпен қарауы, режиссерлердiң айтқанын екi айтқызбай түсiнуi әрi табиғи таланты оның мерейiн үстем етпей қоймады. Басында оған жағымсыз рөлдердi көптеп ұсынса да, оның актерлiк амплуасы романтикалық кейiпкерлерге ауыса бердi. Осылайша, кинодағы өз соқпағын жазбай таныған жас актердiң жолы ашылып, бағы жанып кете барды. Ол түскен кинолар коммерциялық пайда берiп қоймай, фестиваль-байқаулардағы бар сыйлықты сыпырып алып жатты. Былтыр ғана Малайзиядағы ең жоғарғы марапат түрi — "Датука" атағын иеленсе, оның балауыз мүсiнi Париж мұражайына қойылды. Қазiр 63-тей фильмге түсiп үлгерген Шакрукх продюсерлiктi де жат көрмейдi (оның "Dreamz Unlimited" атты жеке кинокомпаниясы бар).

Телевизиялық сериалдарға түсiп жүрген кезiнiң өзiнде "Мен киноиндустрияда кемi 20 жыл боламын және менi тұғырымнан ешкiм де түсiре алмайды. Ал, менiмен әрiптес болған актерлар сыннан қорғалатын болады" деп, нық сенiммен айтқан сөздерi кiм-кiмнiң болсын, күлкiсiн келтiретiн. Алайда, айтқанын орындамай тынбайтын Шакрукх ерен күш-жiгерiмен, ешқандай "көке-әпкесiнiң" күшiнсiз-ақ қызу бәсекедегi Болливудтың ғана емес, әлемдiк кинематографияның төрiнен лайықты орнын ала бiлдi. Миллиондаған жастардың бiр көруге зар болған кумирiне айналды.

Шакрукх Хан ойнаған үздiк ленталар:

1. "Махаббат маусымы" (1993)

2. "Кесiрлiк" (1994)

3. "Қымбаттым, бұл Үндiстан" (1995)

4. "Ғашықтық және жауыздық" (1996)

5. "Сөзсiз ғашықтық" (1997)

6. "Бадшах" (1999)

7. "Тулаған жүректер" (2000)

8. "Жалғыз қалғанда" (2001)

9. "Девдас" (2002)

10. "Махаббат анатомиясы" (2002)

11. "Мен сенiң қасындамын" (2004)

12. "Вир мен Зара" (2004)

13. "Жолбарыстың көзi" (2005)

14. "Дон" (2006)

15. "Ом Шанти Ом" (2007)

СЫР-СҰХБАТТАРДАН….

— Сiздей жұлдыздың бос уақыты болмайтын шығар…

— Шынында, соңғы жылдардағы жұмыс кестеме қарасам, өзiме қарайтын мүлде уақыт қалмапты. Мысалы, бiр жылда түсетiн 2-3 фильмге кемi 200 күн кетедi. Коммерциялық, әлеуметтiк сипаттағы жарнамаларға түсуге тағы 50 күн кетедi дей берiңiз. Бұдан бөлек Filmware awards секiлдi шоу бағдарламаларға қатысуым, оған дайындалуым бар — 40 күн осыған кетедi. Екi ай реалити-шоуымның жарнамасын жасауға, дайындауға жұмсалса, сонда қалған бiр — бiр жарым ай ғана отбасыммен болуға қалады екен. Содан келiп, мен достарыммен өте сирек кездесемiн.

— Бүкiләлемдiк дағдарыс турасында маман ретiнде не айтар едiңiз?

— Маман ретiнде дейсiз бе? Жиырма жыл бұрын алған бiлiмiммен пәлендей болжам жасау қиын шығар. Жалпы, экономиканың қандай да бiр саласында өрлеу байқалғанда, оның жемiсiн алдымен қоғамның жоғарғы қабатындағылар көредi. Ал, ендi бiр қызығы, сол экономикаңыз құлдырай бастағанда, жаңағы кiсiлерге оның ауыртпалығы аздау болады. Өйткенi, олардың жинақтаған қаржысы бар дегендей. Және менiң пайымымша, бұл құлдырау-күйреу дегенiң кедейлерге де соншалықты әсер етпейдi. Кедейлер кедей күйiнде қала бередi, тiптi экономика өрлегенде де кедейлiктi жоямыз деп жатады — бұл ешқашанда болмайтын процесс. Ал, осы екi ортаның арасындағы орташа таптың бiраз зиян шегуi мүмкiн.

— Қазiр Батыс елдерiнде "Ислам терроризмi" деген стереотип қалыптасып келедi. Сiз бұған қалай қарайсыз?

— Бiрiншiден, терроризм мен Исламды байланыстырудың өзi жаңсақтық. Себебi, қорқыныш тудыру үшiн адамдарды қырып-жоятын адамдар — нағыз құдайсыздар. Сондықтан, бiлiмдар мұсылмандар өзгелерге бiреудiң аты Ризван Хан болғаны үшiн, одан қорқудың ретi жоқтығын түсiндiру қажет.

— Соңғы кездерi Голливудтың үндi киносына қызығушылығы артты деп жиi айтылып жүр. Ал, сiз Голливудқа қызығасыз ба?

— Шынымды айтсам, оларға менiң ұсынар түгiм де жоқ секiлдi, жасым қырықтан асып кеттi, кунг-фу бiлмеймiн, Траволта сияқты керемет билей де алмаймын. Менiң Голливудқа керегiм бар деп ойламаймын, онда менен де жас, көрiктi әрi талантты актерлар жетерлiк.

— Құпия болмаса, сiздiң бақытты болудағы сырыңыз неде?

— Кино, ол — менiң өмiрiмнiң ажырамас бөлшегi. Фильмсiз менiң өмiр сүруiм мүмкiн емес. Тiптi, осыншама жыл өтсе де, мен әрбiр жаңа рөлiме алғашқы және соңғы рет алып отырғандай қараймын, солай сезiнемiн. Менiңше, осы сезiм жоғалса, дұрыстап жұмыс iстеудiң өзi мұңға айналады. Мiне, менiң әр кейiпкерiмдi сомдауға ес-түссiз құштарлықпен ұмтылатыным да содан. Ал, әрбiр кино түсiрiлiп бiтiсiмен, балаларымды көру бақытына ие боламын.

— Жастарға айтарыңыз бар ма?

— Жастардың өмiрi кәдiмгi спорттағы бәсеке секiлдi болуы тиiс. Сiздер қашанда, қай жерде болсын, жеңуге тырысуларың керек. Күмiстi қанағат тұтпау керек, тек қана көздегендерiң — алтын болса ғана, армандарына жетесiңдер. Жеңiс — төккен тердiң, кеткен уақыттың қайтарымы.

НЕСИЕ …. Егер ақшаны алуға лайықты еңбек сiңiрмесеңiз, оны алуға да құқыңыз жоқ. Ендеше, несиенi алуға өз басым қарсымын әрi мұсылмандық принциптен де бұл дұрыс емес.

ТОЙ … Мен той-томалақта ән айтып, би билеуден ұялған емеспiн. Тiптi, көшеде билесем де, ақша тапсам болғаны. Тойдан түскен ақша менiң ұнатпаған фильмдерге түспеуiме мүмкiндiк бередi.

Жұлдызнама бойынша — Сарышаян;

Отбасылық жағдайы: үйленген, жұбайы — Гори Чиббер-Кхан, Арьян (1997) мен Сухана (2000) есiмдi сүйкiмдi ұл-қыздары бар;

Сүйiктi актерлерi: Роберт де Ниро, Амитабх Баччан;

Сүйiктi әрiптестерi: Санджай Датт, Анил Капур, Джеки Шрофф (актерлердiң iшiнде Салман Ханмен араздығы бар);

Әйел әрiптестерiнен Джухи Чавла, Мадхури мен Каджолды ерекше атайды. Әсiресе, Каджолды "Жаһандағы ең тамаша актриса" деп әспеттесе, Джухидi ең жақсы досы деп есептейдi;

Әуес iсi — компьютерлiк ойындар және әтiр-иiссу түрлерiн жинау. Бұл жайында Шакрукх "Armani ма, CK ма, мүмкiн AXE шығар — менде денеге бiр бүркуге тұрарлық барлық әтiрдiң түрi бар. Таңертең солардың төрт-бесеуiнен денеме бүркiп-бүркiп алам да, жұпар иiске мастанып, жұмысқа барам" дейдi;

Автокөлiгi: қызыл түстi "Митцубиси Паджеро";

Сүйiктi тағамы: балапан етiнен дайындалатын "Тандури";

Жалған сөйлеушiлердi жек көредi;

Тарих жүрiсiн өзгерткен тұлғалар қатарына Гитлер мен Напольеонды жатқызады.

Дайындаған Өркен КЕНЖЕБЕК

Серіктес жаңалықтары