КӨНЕ СЫҒАНАҚТЫҢ КИЕЛI ОРНЫ

КӨНЕ СЫҒАНАҚТЫҢ КИЕЛI ОРНЫ

КӨНЕ СЫҒАНАҚТЫҢ КИЕЛI ОРНЫ
ашық дереккөзі
237

Жаңақорған жұртшылығы келешекке үмiтпен қарайды

Сырға барған сапарымызды бiз әуелi Жаңақорған ауданынан бастаған едiк. Таң рауандана атып келе жатқан шақта жолға шықтық. Қызылордадан шыққан көлiк Жаңақорғанға қарай жүйткiп келедi. Сарыжазық далада аңыраған желдiң дыбысынан басқа ешнәрсе естiлмейдi. Жолдың жиегiнде Батыс Еуропа–Батыс Қытай халықаралық көлiк дәлiзi автомагистрaлiнiң жұмысы басталып кетiптi. Тынымсыз еңбек етiп жатқан жұмысшылар ғана көзге iлiнедi.

Қызылорда қаласынан Жаңақорған ауданына жету үшiн, Шиелi ауданын басып өтедi екенбiз. Сонау алыс Алатаудың бөктерiнен тiлшi қауым келедi деп хабарланған болса керек, ауданның орталық Мәдениет үйiнiң орталық залы лықа толы екен. Қариялар да, мектеп мұғалiмдерi де, ауыл жастары да жиналыпты. Алыстан ат арытып жеткен соң, бiз де аудан тұрғындарының көкейiнде жүрген әртүрлi сауалдарға жауап бергiмiз келдi.

Жалпы, Жаңақорған ауданы – Қызылорданың оңтүстiк-шығысында орналасқан. Аудан негiзi 1928 жылдың 17 қаңтарында қаланған екен. Ауданның территориясы – 16,6 мың шаршы шақырым, бұл облыстың жалпы жер көлемiнiң 6,8 пайызын құрайды. Аудан орталығы – Жаңақорған кентi, Қызылорда қаласынан 178 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданда 2 кент және 24 ауылдық округ болса, онда 17 ұлттың өкiлдерi тұрады. Аудан бойынша жалпы халық саны 72295, оның iшiнде 49377 немесе 68,3 пайызы ауылдық округтерде тұрады. Ауданның жерi Қаратау бөктерiнен басталатын төбешiктi жазық болып келедi.

Жазық дегеннен шығады, Қызылордадан Жаңақорғанға бет алып келе жатқанда байқағаным, Сырдың жерi көк шалғынды емес, мидай сары даладан тұрады екен. Жапа-тармағай бау-бақша егiп, орманды алқапқа айналдырған ауылдар да көп көзге түсе қойған жоқ. Мұның сырын көлiк жүргiзушiсiнен сұрағанымызда, топырақтың құнарсыз екендiгiн айтып, алға тартты. Мүмкiн, құрғақ, сортаңы шыққан сары топыраққа ағаш өсу де қиын шығар деп iштей ой түйдiк.

Жаңақорғанның өзге аудандардан тағы бiр ерекшелiгi, мұнда әйгiлi емдiк-шипалық қоры "Терiскен" көлiнiң табиғи қара балшығы мен минералды суы сүйек буын және жүйке ауруларын, сондай-ақ iшкi ағзалар ауруларын емдейтiн емдiк қасиетi жоғары, құрамы жөнiнен Железноводтағы Смерновский суына бара-бар минералды су болып табылатын Жаңақорған санаторийi бар.

Ежелгi ерте заманда Сыр өңiрiнiң бүкiл қазақ елiнiң басты қалалары болған Сығанақ, Өзгент, Баршынкент шаһарлары және Айқожа әулие, Қорасан ата кесенелерi де осы ауданда.

Ауданның негiзгi шаруашылық саласы – егiн және мал шаруашылығы. Сонымен бiрге, Шалқия кен орнында қорғасын, мырыш және әртүрлi фракцияда қиыршық тастар өндiретiн кәсiпорындар жұмыс iстейдi.

Жаңақорғандықтардың мақтан тұтатыны да осы егiн мен мал шаруашылығы. Жаз кәсiбiн iстеп, қыс бойы жазда тапқан нәпақасымен күн кешетiн жаңақорғандықтардың да өздерiне тән тұрмыс-тiршiлiгi бар. Шаруаның бар қолынан келетiнi өзiнiң еңбегiнiң жемiсiн көру емес пе? Шағын кәсiпкерлiктi дамыту жағынан Жаңақорған ауданы алда келедi. Облыстық бюджеттен шағын және орта кәсiпкерлiк саласына шағын несие беруге бөлiнген қаржыға ауданнан 48 миллиондық 9 жобасы ұсынылыпты.

Жаңақорған ауданы облыс экономикасына ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен сүбелi үлес қосып келедi. Ет өнiмдерi, сүт өнiмдерi де аудан экономикасының үлкен көрсеткiшiне ие. Ауданда 41312 бас мүйiздi iрi қара, 236658 бас қой мен ешкi, 8099 бас жылқы, 1041 бас түйе, 42174 бас үй құстары өсiрiлуде. 2010 жылдың 1-тоқсанында 1452,7 тонна ет, 2712,1 тонна сүт, 377 мың дана жұмыртқа өндiрiлген. Жыл сайын 10 мың тоннаға дейiн сүт өнiмдерi, бес мың тоннаға дейiн ет өндiрiледi екен.

Сонымен бiрге, ауданда есептi мерзiмде бiр жыл iшiнде 580 мың тонна руда, 669 мың текше метр қиыршық тас, 151 тонна сүт, 6829 тонна күрiш өнiмдерi, 205 тонна ұн, 244 тонна нан, барлығы 2 663 млн. теңгенiң әртүрлi өнеркәсiп өнiмдерi өндiрiлiптi. Тағы бiр қуанышты жайт, жуырда ғана қиыршық тас өндiретiн зауыт iске қосылып, Қаратаудың баурайындағы елдiмекенде қиыршақ тас шығарылуда. Бұл қиыршық тастың өндiрiлуi Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлiк дәлiзi автомагистралiнiң жұмыс iстеуiне де септiгiн тигiзедi. Жалпы алғанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлiк дәлiзiнiң аудан территориясынан өтуi де, оның құрылысына қажеттi құрылыс материалдарының аудан территориясынан өндiрiлуi де ауданның өндiрiсiнiң дамуына өз ықпалын тигiзуде.

Аудандағы өнеркәсiп орындарының ең iрiсi "Шалхия цинк ЛТД" компаниясы Қазақстан Республикасының 30 көшбасшы кәсiпорындарының қатарына енгiзiлген болатын. Бүкiл әлемдiк қаржы дағдарысының ықпалынан қорғасын мен мырыш өнiмдерiне сұраныстың күрт азайып, осыған орай бағаның төмендеуiне байланысты компания басшылығы оның жұмысын тоқтатуды ұйғарып, 638 жұмысшыны қысқартуға мәжбүр болыпты. Соның салдарынан 485 жаңақорғандық жұмыссыз қалыпты. Дегенмен, компания басшылығы қысқартылуға тиiс 71 жұмысшыны (оның 69-ы ауданымыздың тұрғындары) кенiштiң өндiрiске қабiлеттiлiгiн жоғалтпау мақсатында атқарылуға тиiс жұмыстарын орындау үшiн қалдырып отырса, қысқартуға ұшыраған Жаңақорған ауданының 12 тұрғынын "Шалхия тас ұнтақтау" заводына жұмысқа тұрғызылған екен. Аталмыш өнеркәсiп уақытша тоқтап тұрғанымен, жаңадан жылына төрт млн. тонна руда өңдейтiн кен байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Шалхия кенiшi қайта iске қосылып, 2000 адамды жұмыспен қамтитын болады. Кен байыту фабрикасын кен өнiмдерiмен қамтамасыз ету үшiн жаңадан талап кен орнын игеру жоспарлануда.

Ауылшаруашылығы құрылымдары мен аудан тұрғындарына "Қамқоршы" несие серiктестiгiнен егiн шаруашылығын дамытуға – 71,3 млн, мал шаруашылығын дамытуға – 93,2 млн, құрал-жабдық, техника алуға – 16,3 млн (180 млн), "Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы аудан тұрғындарына – 23,4 млн, барлығы аудан бойынша 204,2 млн теңге несие берiлiптi. Осының арқасында, жергiлiктi тұрғындардың өз кәсiбiн меңгеруге мүмкiндiктер туып отыр.

Егiн шаруашылығында 2010 жылы индикативтiк жоспар бойынша, 25900 гектар межеленсе, шаруашылық құрылымдарының орналасу ретiне қарай, 29041 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егiлiптi. Бұл дақылдардың арасында жаңақорғандықтардың ата кәсiбiне айналған күрiш пен бидайдан басқа, мақсары, жоңышқа тұқымдары да бар.

Ауыл шаруашылығымен күнкөрiсiн айырып жүрген, кәсiбi де шаруашылықпен тiкелей байланысты аудандағы бiрқатар маман иелерiмен тiлдесудiң де сәтi түстi. Сондай кәсiпкердiң бiрi, өзiнiң томат өндiру саласында жұмыс iстеп жатқандығын жеткiздi. Тамшылап суғару әдiсi арқылы қызанақ өсiрiп, өсiрген қызанақтарынан томат өнiмдерiн дайындап, аудан экономикасына өзiндiк үлесiн қосып келедi. Қызанақты дайындау да оңай кәсiп емес. Одан дайын томат өнiмiн жасап шығару үшiн арнайы құрылғылар қажет. Ондай құрылғылардың көбi тек шет мемлекеттерде дамығанын жақсы бiлемiз. "Тату АГРО" шаруашылығы бұл кәсiптi бiр кiсiдей-ақ меңгерiп алыпты. Бiрнеше шаруақожалықтары бiрiгiп, "Тату АГРО" бiрлестiгiн құрапты. Тату дегеннiң де өзiндiк сыры бар. Бәрiмiз бiрге, тату-тәттi тiрлiк етейiк деген мағынада, "Тату" деген атты таңдаған бiрлестiк бүгiнде жаңа технологиямен жұмыс iстеп жатыр. Былтырғы жылы бiрiншi рет бастап, екi гектар жерге қызанақ егедi. 2009 жылдың аяғында қызанақты жинап, өңдеуге жiбередi. Бiрақ, томат өңдеу iсi жергiлiктi жерлерде ғана пайдаланғанымен, экспортқа әлi шыға қоймапты. Жаңадан iске қосылып жатқан томат өңдеу зауытында жұмыс iстейтiн мамандар да жергiлiктi тұрғындар. Жаңа зауыттағы жаңа құрылғылармен жұмыс iстеу де оңай шаруа емес. Сол себептi, мамандарды даярлау iсi де алдыңғы жолға қойылған. Шет елдерден келген арнайы мамандар жергiлiктi тұрғындарды жаңа технологияны меңгеру iсiне оқытып жатыр. "Аппаратты меңгерсе, компьютерленген технологияны меңгерсе, жергiлiктi жұртшылыққа томат өңдеу iсi де оңай болар едi" дейдi шаруа қожалықтың иегерлерi.

Қызанақтан өзге, көкөнiстiң қандай түрлерi бар, барлығы дерлiк, аудан көлемiнде өсiрiлiп жатыр. Шаруа қожалығының орналасқан жерi де таулы жерге жақын болғандықтан, өнiмнiң өсуiне табиғаты қолайлы аймақ болып тұр. Бүкiл облысты көкөнiспен қамтамасыз етiп келген екен бiр кездерi бұл мекен. Қазiр де сол өткен күндердi қайта тiрiлту үшiн жұмыскерлер көкөнiстiң түрлерiн көбейту iсiн жолға қойыпты. Қазақстанда жемiс-жидектiң қандай түрi бар, соның бәрi өндiрiлетiн болады. 260 гектардай жерге егiлген өнiмдi жинап алу да аз шаруа емес. Шаруа қожалықтары төккен тер мен еткен еңбектiң жемiсiн көру үшiн жанталасуда. Аудан басшылықтары да, облыс басшылығы да шаруаның жай-күйiнiң жақсаруына күш салуда.

Жаз мезгiлi егiстiктiң қызатын шағы. Бiрi – еккен егiнiн, бiрi – баққан малының қызығын көру үшiн жаз маусымында жанталаса тiрлiк етедi. "Жазғы жуынды қысқа азық" демей ме?! Бұл сөздiң жаны бар. Жемiс-жидегi мен көкөнiсiн жинаудың алғашқы кезеңдерi де басталды. Одан бөлек, күрiшi мен бидайы, мақсарысы мен жоңышқа өнiмдерiн қосыңыз. Шаруаның жайын шаруа ғана түсiнедi. Жазғы маусымда жасалған еңбектерiнiң жемiсiн көрсек деген тiлегi ғана бар шаруаның…

Бiздiң Жаңақорғанға барғандағы көргенiмiз де, көңiлге түйгенiмiз де осы жайт. Шаруаның жұмысы оңғарса, халықтың да әл-ауқаты артпай ма? Етi мен сүтiн өткiзсе, еккен жемiс-жидегi мен көкөнiсiнен өз несiбесiн тапса, шаруаға керегi де осы…

Үш бiрдей Социалистiк еңбек ерi шыққан, 2 бiрдей Кеңес Одағының батыры бар, Халық қаһарманын да құрмет тұтатын ауданның береке-бiрлiгi азаймасын, ырысы кемiмесiн деп тiледiк.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары