БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАТЫЛ ЖОБАЛАР
БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАТЫЛ ЖОБАЛАР
Таяуда республикалық өндiрiстендiру картасына енген Жайық өңiрiндегi аса маңызды жобалардың бiрi – Зеленов ауданына қарасты Новенький ауылының маңында орналасқан газтурбиналы электр стансасының алғашқы блогы дүйсенбi күнi iске қосылды.
Өлкемiздi арзан электр және жылу қуатымен қамтамасыз ететiн маңызды нысанның ашылу салтанатына ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев, облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов қатысты. Айта кетерлiк жәйт, бұл күнi республиканың барлық өңiрiнде жаңа жоғарыда аталған бағдарламаға енген талай iрi жобаның тұсауы кесiлiптi. Тәуелсiз қазақ мемлекетiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы тарихында ерекше орын алатын осы маңызды сәттер "Қазақстан" ұлттық арнасы арқылы сол мезетте Отанымыздың түкпiр-түкпiрiнде көрсетiлдi. Елордамыз Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен "Күштi Қазақстанды бiрiгiп құрамыз!" атты жалпыхалықтық телекөпiрге бiздiң өңiр де белсендi үн қосты. Газтурбиналы электр стансасының ауласында орнатылған үлкен теледидар арқылы Елбасымен тiкелей байланысқа шыққан облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов мемлекет басшысына өңiрде жүзеге асырылып жатқан iрi жобалар туралы баяндап, жаңа технология әдiсiмен салынған нысанды таныстырды.
– Бүгiн қуаты 54 МВт құрайтын газтурбиналы электр стансасының бiрiншi блогы жұмысын бастайды. Жобаның жалпы құны – 10,3 млрд. теңге. Жобадағы қазақстандық үлес 60 пайыз. Сондай-ақ, сiздiң 2005 жылдың мамырында берген тапсырмаңызға сәйкес салынған ең iрi әлеуметтiк жоба – "Қарашығанақ-Орал" газ құбыры да iске қосылмақ. 550 шақырымнан астам магистральды газ құбыры облыс орталығын және 146 елдi мекендi "көгiлдiр" отынмен кепiлдi қамтамасыз етедi. Бұдан басқа, 8640 бас мүйiздi iрi қараға арналған бордақылау кешенi мен мия тамырын өңдейтiн зауыт ашылады. Облыста жалпы сомасы 271,5 млрд. теңгенi құрайтын 49 iрi инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргiзiлуде, – дедi Бақтықожа Салахатдинұлы. Жайық өңiрiнде кең ауқымды iстердiң қолға алынғанынан хабардар Н.Назарбаев облыс басшылығының еңбегiне оң баға берiп, өндiрiстендiру бағдарламасына бiлек сыбана кiрiсiп, лайықты үлесiн қосып жүрген барша жерлестерiмiзге ризалығын бiлдiрдi.
Турасын айтқан жөн, облыс әкiмi Бақтықожа Салахатдинұлы газтурбиналы электр стансасының iргетасы қаланған алғашқы күннен бастап, нысанды назарынан тыс қалдырған жоқ Жиi-жиi ат басын бұрып, құрылыс жұмысының сапасына, нысанды тапсыру мерзiмiнiң сақталуына баса мән бердi. Газтурбиналы электр стансасы аймақтағы қуат қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп қана қоймай, электр және жылу қуаты тарифын облыс деңгейiнде бақылауға және реттеуге жол ашпақ.
Мердiгер "Орион стройсервис" компаниясының директоры Ғиззат Қарбаевтың айтуынша, кәсiпорын 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Мамандардың денi Орал қаласы мен Зеленов ауданының тұрғындары. Жылу техникалық құрал-жабдықтарды жөндеу шеберi Аян Жаңбыршиевтiң айтуынша, сала бойынша жоғары бiлiмi болғанымен, отандық мамандарға шетелдiк қондырғылармен жұмыс iстеу өте қиын. Сондықтан кәсiпорынға жұмысқа қабылданған мамандардың барлығы да арнайы дайындықтан өткен.
Тағы бiр жағымды жаңалық. Стансаға жақын жерде жалпы аумағы он мың шаршы метрдi құрайтын жиырма жылыжай салу көзделiп отыр. Өндiрiлген жылудың бiр мөлшерi жылыжайға жiберiлiп, жабық алқапта жыл он екi ай бойы көкөнiстiң қызанақ, қияр, пияз, сәбiз сияқты түрлерi өсiрiлмек. Жыл соңында станса құрылысы толық аяқталып, барлық үш агрегат бiр мезгiлде қарқын алған кезде, кәсiпорын сағатына 54 МВт электр қуатын өндiредi. Сонымен қатар, озық технологиялы шетелдiк қондырғылардың арқасында электр қуатын өндiру кезiнде пайда болатын жылу ысырап етiлмей, облыс орталығында жаңадан бой түзеп келе жатқан сегiзiншi және тоғызыншы мөлтекаудандарды қамтуға жұмсалуы тиiс. Яғни, өркениеттi елдердегiдей қалдықсыз өндiрiс жолға қойылуы қажет. Ең бастысы, елiмiздiң энергожүйесiнен оқшау жатқан бiздiң облыс бұдан былай Ресейге тәуелдi болмай, қажетiн өзi өтемек. Әйткенмен, инфрақұрылымдық кедергiлерге байланысты облыстың оңтүстiк аудандары әзiрге электр қуатын Ресейден алуға мәжбүр.
Газтурбиналы электр стансасын салтанатты жағдайда iске қосқан ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев осы өлкенiң ұзақ жыл бойы қуат тапшылығын бастан өткерiп келгенiн тiлге тиек еттi.-Мұндай маңызды нысанның ашылуы халықты арзан электр және жылу қуатымен, сонымен қатар, сапалы қызмет түрi, тұрақты жалақымен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi, – дедi ол. Бұдан соң еңбек ардагерi Федор Скобычкин сөз алып, осы игiлiктi iстiң басы-қасында болған барлық азаматтарға ел атынан алғыс айтты.
2010-2011 жылдары елiмiзде өндiрiстендiру картасы аясында 191 жоба iске қосылмақ. Биылға жоспарланған жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 144 жобаның 72-сi алғашқы жартыжылдықта аяқталмақ. Бүгiнгi таңда облыста жалпы құны 271 млрд теңге тұратын 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ал 90 млрд теңгеден астам қаржыға бағаланған тоғыз жоба республикалық өндiрiстендiру картасына енген. Бұл iрi жобалардың iске асырылуы шағын және орта кәсiпкерлiкке де тың серпiн ала келдi. 3,3 млрд. теңгенi құрайтын сондай 92 шағын жоба жыл соңына дейiн жүзеге асады.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ,