481
ФУТБОЛ ТОЙЫ ҺӘМ ЭКОНОМИКА
ФУТБОЛ ТОЙЫ ҺӘМ ЭКОНОМИКА
11-маусымда спортсүйер қауым асыға күткен футбол додасы әлем назарын Оңтүстiк Африкаға бұрған. Осы аптаның соңында әлемнiң ең үздiк командасы анықталады. Бiр айға жуық уақыт iшiнде әрбiрiмiз өзiмiздiң сүйiктi командамызды қолдап, көгiлдiр экран алдына жайғасқанымыз айдан анық. Шынын айту керек, сүйiктi командаларымыз жеңiлген сәтте көкiрегiмiздi өкiнiштiң өзегi өртедi. Ал осы футбол тойының экономикалық тұстарын екшелеп көрдiк пе?
Сөзсiз, футбол – табысты спорт түрi. Бiр қарағанда, 22 адамның ала доптың iзiнен жанұшыра жүгiруi аса қызықты емес сияқты. Десек те, жасыл алаңдағы жұмыр допқа таласты көзiнiң қиығымен шалып өткен адам теледидар алдына тапжылмай отыра қалғанын байқамай да қалады. Ал сол ала доп үшiн жанталасқан 22 футболшының табысы қарапайым адамның түсiне кiрмейдi-ау. Тiптi футболдың арқасында кей мемлекет өз экономикасын гүлдендiруде. Бiр футбол клубынан екiншi футбол клубына футболшыны ауыстыру миллиондаған, миллиардтаған қаражатты қажет етедi. Ал Оңтүстiк Африкадағы футболдан Әлем чемпионатының бiрқатар экономикалық қырларын тiлге тиек ету көптеген құпиялардың сырын ашары сөзсiз. НЕМIСТЕР ЭКОНОМИКАСЫН ӨРКЕНДЕТПЕКШI 2002 жылы Әлем чемпионы атанған Германияның ұлттық құрама командасы 3-шiлдеде әдемi ойын көрсеттi. "Әлем чемпионы бiз боламыз" деп көкiрегiн керiп жүрген Диего Марадонаның шәкiрттерi немiстерден 4:0 есебiмен жеңiлдi. Таза жеңiс, әдемi ойын. Кейбiр сарапшылар Оңтүстiк Африкадағы чемпионат Германия экономикасының катализаторы болуы мүмкiн деген пiкiрде. Сарапшылар ұлттық құраманың әрбiр жеңiсi тұтынушыларға көтерiңкi көңiл-күй сыйлайды. Соның арқасында немiстер өз жинақтарын көбейтуге құштарлана түседi деген ой түйедi. Ең қызығы, Германияның жартылай финалға жолдама алуының арқасында елдiң iшкi жалпы өнiмi 0,1-0,3 пайызға артуы мүмкiн деген болжам бар. 2006 жылы Германиядағы Әлем чемпионатының кезiнде сарапшылар Германия экономикасы 1,6 пайызға көтерiледi деген болжам жасаған, немiстер чемпионаттың арқасында ЖIӨ-дi 3,2 пайызға арттырды. "Немiстердiң көңiл күйi көтерiңкi болса, олар көп қаражат жұмсайды. Сондай-ақ, елдегi жұмыссыздық пен инфляция деңгейi де төмендейдi. Әлем кубогi экономикаға бiршама игi әсер етуi ғажап емес", – дейдi экономист Рольф Бюркель. СЕУЛ ДЕ СҮБЕДЕН ҚҰР ҚАЛМАЙДЫ Биылғы Әлем бiрiншiлiгiнде Азия құрлығынан келген құрамалар бiршама жоғары дәрежелi футбол ойынымен жанкүйерлердi таң қалдырған едi. Өкiнiшке қарай, азиялықтардың бiр де бiр командасы ширек финалға жолдама ала алмады. Есесiне олар өздерiнiң сыпайы ойындарымен футболсүйер қауымның есiнде ұзаққа сақталды. Оңтүстiк Кореяның "Хендэ" тобының Экономикалық зерттеу институтының мамандары футболдың Оңтүстiк Корея экономикасына әсерiн зерделеген едi. Корея мен Грекия арасындағы матчтың экономикалық эффектiсi 2,5 трлн. вон немесе 2 млрд. 100 млн.долларды құрапты. Корея құрамасы жеңiске жетсе кореялықтардың көңiл-күйi көтерiлiп, өз құрамасын қолдаған халық мейрамханаларда тамақтанып, сол күнi той-думан өткiзедi. Бұл экономика үшiн өте тиiмдi жағдай. "Хендэ" тобының Экономикалық зерттеу институты әрбiр кореялық азамат орташа есеппен 30 мың вон немесе 25 доллар жұмсайтынын, соның нәтижесiнде ел экономикасына бiршама пайда тигiзетiнiн дәлелдеп отыр. Оңтүстiк Кореяның ұлттық құрамасы өз тобында сәттi ойын көрсетсе, экономикаға 50 пайыз көлемiнде пайда келтiредi, егер ширек финалға шыққанда, ел экономикасы 10 пайызға көтерiлер едi. Құраманың футболдан Әлем чемпионатына қатысуының өзi ел бюджетiне 2,5 трлн. вондай таза пайда әкелген екен. "Әрбiр команда Әлем бiрiншiлiгiнде тек қана ойын көрсетiп қоймайды, ол сондай-ақ елдiң имиджiн де арттыра түседi. 2002 жылы әлем Оңтүстiк Кореяны таныды, ал биылғы чемпионатта Оңтүстiк Кореяның халықаралық аренадағы имиджi нығая түстi. Тiптi ФИФА-ның сайтында Иранның бiр азаматы жазған: "Мен Кореяны мақтан тұтамын. Жарайсың, Корея! Алға, Корея!" деген ұранды сөздерiн оқыдым. Мұның өзi жетiстiк емес пе?" – дейдi "Хендэ" тобының Экономикалық зерттеу институтының маманы Пак Тхэ Иль мырза. ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ ОЙЫНДАРЫНА ҚАУIП ТӨНДI Әлем чемпионаты бiрқатар елдердiң саяси әлемдегi имиджiн жоғары деңгейге көтеретiнi рас. Мәселен, Оңтүстiк Африка да өзiнiң мәртбесiн арттыра түстi. Әлем бiрiншiлiгi бұл елге 1,5 млрд. доллар көлемiнде пайда әкелген екен. Бұған қоса төрткүл дүние африкалықтардың вувузелiн танып, елдiң туризм саласы да бiршама қарқындады. Қайсыбiр дода шикiлiксiз өтпейтiнi тағы бар. Жартылай финал ойындарының қарсаңында оңтүстiкафрикалық Еskom энергетика компаниясының қызметкерлерi өз жалақыларын көбейту мақсатында ереуiлге шықпақшы болған. Дәл чемпионаттың алдында мемлекеттiк Еskom компаниясы электроқуатының құнын 30 пайызға арттырған едi. Мұндай дүрбелең жартылай финал ойындарының өтуiне бiршама кедергi келтiруi әбден мүмкiн едi. Бiрiншiлiктiң маңызды ойындарының өтпей қалуынан қауiптенген мемлекеттiк компания басшылары қызметкерлердiң жалақысын арттыруға келiсiп, ереуiлдi тоқтатты. Бұған дейiн әлем бiрiншiлiгi қарсаңында мұғалiмдер, медицина қызметкерлерi, полицейлер сияқты ОАР-дың мемлекеттiк секторында жұмыс iстейтiн 1,2 миллионға жуық адам ереуiлге шыққан едi. Ал сарапшылар осындай экономикалық ереуiлдер әлi де жалғасын табатынын жоққа шығармайды. Әрбiр елдiң экономикалық ахуалына футболдың тигiзер пайдасын саралау мүмкiн емес шығар. Биылғы әлем чемпионаты бiреулер үшiн қызықсыз, ендi бiреулер үшiн тосын сыйға толы болғаны жасырын емес. Қалай болғанда да, әрбiр жанкүйер өзiнiң сүйiктi командасын қолдау арқылы ел экономикасына өз пайдасын тигiзiп, Отанына деген сүйiспеншiлiгiн танытты.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ