ОРМАН
ОРМАН
Жасылға, жапыраққа шын ғашықпын.
Жасымнан сұлулықпен сырласыппын.
Теруге бәйшешектi құштар болып,
Көруге қызғалдақты қырға шықтым.
Елiме наз бiлдiрiп, еркеледiм,
Ол менiң жалғыз жарқын өлкем едi!
Нулары, суларымен,тауларымен
Теңдессiз дарқан едi, көркем едi!
Ұлт болып, жаңа ғана алған ерiк,
Жер таңдап, Елорданы салған едiк.
Ұшпаққа айналдырып нұр-шаһарды,
Көркейттiк төңiрегiне орман егiп!
Бұл жерде тал, қарағай… гүл де өсуде.
Бүкiлi тiршiлiкпен тiлдесуде.
Бұтақтар бүршiк атып бұлқынады
Жас қала — Астананың iргесiнде.
Жеңгендей желегiмен жел, боранды,
Астана көгорай бау, гүлге оранды.
Есiлдiң жағасынан ескен лептей
Лебiз сөз легiмен кеп тiлге оралды.
Жауынмен жазғытұры дала көктер,
Ғажайып жыр жазылған дала-дәптер.
Ғазалын Жаратқанның оқу үшiн
Жап-жасыл жас орманды аралап көр!
Басарсың былпылдатып гүл-кiлемдi.
Табарсың таңғажайып түрлi реңдi.
Бұл жерге бұғы менен бұлғын келiп,
Сайрасын сандуғаш пен бұлбұл ендi.
Бұл орман адам үшiн егiлгендей,
Ауасы мөлдiр, таза, жеңiл нендей!
Буланып, жаңбырдан соң жаздыгүнi,
Болады әтiр, жұпар себiлгендей!
Орманға барған қандай шiлде айында!
Әлi ерте жапырақтар сарғаюға.
Тымықта тылсым әуен төгер мүлгiп,
Қарағай, шырша, шетен, тал, қайың да!
Тамыры топырақтан ылғал алып,
Сабағын Күнге созып, нұрға малып,
Тамылжып тұрған нудың ортасынан
Қайтасың тән тынығып, ми демалып!
Үмiтi Елбасының ақталғандай,
Иманды белестердi бетке алғандай.
Қадасаң бiр тал шыбық, сауап дейдi,
Жайқалтып жасыл орман еккен қандай!!!
Жол салған, мешiт салған, қала салған,
Орнатқан оған қоса ағаш — орман.
Осынша жүрегi үлкен басшы тұрса,
Жүзеге асар талай тамаша арман!
Халықтың жанын ұғып қасиетпен,
Қызмет етулерiн нәсiп еткен,
Патшалар бақытты ғой қай кезде де,
Гүл бiтсе, қадамына басып өткен.
Қар, желден қорғау үшiн борап тұрған
Жас орман жас қаланы орап тұрған.
Алланың нұры жаусын Нұрсұлтанға
Аңызақ, айтақырды абат қылған.
Қарасаң, келбетiне бүгiнгi анық,
Қонғандай Қазақстан тұғырға нық —
Халқымен, қаласымен қуаттанып,
Суымен, орманымен сұлуланып!
Тiзгендей iнжу-маржан түрлендi iргем…
Өрейiн пәк пейiлiмдi жырмен, гүлмен.
Өмiрi ұзақ болсын Нұрағаның
Өз елiн махаббатпен гүлдендiрген!
Күләш АХМЕТОВА, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сыйлығының лауреаты