“ЖАСЫЛ ЕЛ” ЖӘНЕ АЛА ДОП

“ЖАСЫЛ ЕЛ” ЖӘНЕ АЛА ДОП

“ЖАСЫЛ ЕЛ” ЖӘНЕ АЛА ДОП
ашық дереккөзі
293

Төрткүл дүние Оңтүстiк Африкадағы дүбiрлi додаға көз тiгiп отырғанда, Алматы қаласының футболсүйер қауымы өзiмiздiң футболға зер салды. Оңтүстiк Корея мен Уругвай 1/8 айналымға шығу мақсатында өзара бақ сынасқан күнi бiр топ журналистер қауымы мен жастар ұйымдары "Жасыл Ел" еңбек жасақтарының арнайы кубогi үшiн жасыл алаңда әдемi ойын тiзбегiн көрсеттi.

"Жасыл Ел" еңбек жасақтарының Алматы қалалық штабы бiрқатар маңызды iс-шараларды жүзеге асырып келедi. Жастар арасында салауатты өмiр салтын насихаттап, олардың елге, туған жерге деген сүйiспеншiлiгiн арттыру – "Жасыл Елдiң" басты мақсаты. Осы мақсатқа қол жеткiзу үшiн аталмыш ұйым "Экосақшы", "Таза өзен", "Таза аула", "Таза Қазақстан үшiн халықтың бiрлестiгi" атты жобаларды дәстүрлi түрде өткiзедi.

Журналистер күнiнiң қарсаңында, яғни 26-маусымда жасылелдiктер Бостандық ауданының әкмiшiлiгiнiң мұрындық болуымен "Жасыл Ел" кубогi үшiн шағын футболдан турнир өткiздi. "Бiз салауатты өмiр салтын қолдаймыз!" атты ұранның аясында өткен жарысқа "Алматы", "Хабар", "Таң" телеарналарының құрама командаларымен қоса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi, Қазақ Ұлттық аграрлық университетi, "Жасыл Ел" құрама командасы және Бостандық ауданының құрама командасы, Студенттiк құрылыс отрядтарының футболшылары қатысты. "А" және "В" тобына бөлiнген 8 команданың iшiнде ақтық сынға сүрiнбей жеткен 4 команда "Жасыл Ел" кубогi үшiн бақ сынасты. Бiрнеше сағатқа созылған доданың нәтижесiнде Бостандық ауданының командасы "Жасыл Ел" кубогын иемденсе, "Хабар" арнасының әккi футболшылары жүлделi екiншi орынға табан тiредi. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң "Жасыл Ел" командасы үшiншi орынды мiсе тұтты. Сондай-ақ, "Ең үздiк капитан" номинациясында "Хабар" құрама командасының капитаны Амангелдi Сейтхан, "Ең үздiк қорғаушы" номинациясында "Алматы" командасының қорғаушысы Сламбек Мақсат үздiк деп танылып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жеңiмпаз командаларға марапаттау қағаздары мен VII Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетi атынан ескерткiштер тапсырылды.

"Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – салауатты өмiр салтын насихаттау арқылы, 2011 жылы Алматы қаласында өтетiн VII Қысқы Азия ойындарын қолдау. Сонымен қатар алдыңғы буын ағалар мен кейiнгi буын жастардың арасында сабақтастық орнату. Бүгiнде футбол – жасты да, кәрiнi де баурайтын ерекше спорт түрi болып отыр. Сол себептi жастар жағы да, журналистер жағы да турнирiмiзге белсене атсалысты. Алдағы уақытта мұндай шағын турнирлердi жиiрек өткiзудi жоспарлаудамыз" – дейдi "Жасыл Ел" еңбек жасақтарының Алматы қалалық штабының жетекшiсi Сәулет Әлiмбетов.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары