"ЕЛБАСЫ. ТӘУЕЛСIЗДIК. АЛМАТЫ"
"ЕЛБАСЫ. ТӘУЕЛСIЗДIК. АЛМАТЫ"
Еуразия жүрегiндегi Астана бiр апта бойы әлем назарын өзiне аударып отыр. Қазақ халқы жаңа Астананың күнiн ерекше ықыласпен атап өтуде. Сұлу Есiлдiң бойына жайғасқан Астана 12 жасқа толса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл 70 жасқа толды. Айтулы екi датаның құрметiне, 2-шiлдеде Ұлттық кiтпаханада "Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының тұңғыш президентi" атты кiтап көрмесi оқырман қауымды қарсы алды.
Елiмiз тәуелсiздiкке оңайлықпен қол жеткiзген жоқ. Кешегi ата-баба ерлiгi, бүгiнгi әккi саясаткерлердiң еңбегi қашанда ескерiлiп, өз биiгiне, өз дәрежесiне көтерiлуi тиiс. Кешегi Ахмет, Әлихан, Тұрар сияқты тұлғалар армандаған тәуелсiздiктiң арайлап атқан таңы барша қазақ үшiн өте қымбат. Әрине, тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, бүгiнгi жаһандану дәуiрiнде елiмiздiң әлемге танылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегi. Ұлттық кiтапханада оқырманға ұсынылған "Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының тұңғыш президентi" атты кiтап көрмесi сол тынымсыз еңбектi халыққа, өскелең ұрпаққа паш ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. 7 негiзгi бөлiмнен тұратын көрмеге жиналғандар көп болды. Әрбiр бөлiм елiмiздiң тәуелсiздiкке қол жеткiзудегi алғашқы қадамдары, Елбасының саясаттағы табандылығы мен еңбегi жайында сыр шертiп қана қоймай, бөлiмнiң әрқайсысынан Қазақстанның тәуелсiздiк жолындағы елеулi даталары, Президент Назарбаевтың iс-сапарлары, сыртқы, iшкi саясаттағы маңызды саяси шешiмдерi жайындағы ақпарттарға қанығуға болады. Көрменiң "Менiң Қазақстаным" деп аталатын алғашқы бөлiмiнде егемен Қазақстанда қабылданған құжаттар, мемлекетiмiздiң 19 жыл iшiнде жүрiп өткен жолы толыққанды суреттелген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетiмiздiң маңызды стратегиялық қадамдары жайындағы толғаныстары бiрқатар кiтапқа тақырып болғаны аян. Келесi бөлiм тәуелсiздiк жылдарындағы Қазақсатанның маңызды стратегиялық қадамдарын бейнелейтiн Елбасының "Тәуелсiздiгiмiзге бес жыл", "Ғасырлар тоғысында", "Сындарлы он жыл", "Еуразия жүрегiнде" т.б. кiтаптардан құралады. Сонымен қатар бұл бөлiмде Назарбаевтың шетелдiк, отандық басылымдарға берген сұхбаттарын да кездестiруге болады.
Қайсыбiр президенттiң өмiрi халықтың көз алдында өтетiнi баршамызға аян. Ел президентiнiң өмiрбаяны оның халқы үшiн қызықты да. "Назарбаевтың өмiрi мен қызметi" атты бөлiмде ҚР Президентiнiң өмiрбаяны мен қызмет жолы түгел дерлiк баяндалады. Ұлттық кiтапханадағы көрме сондай-ақ, елiмiздiң iшкi, сыртқы саясатын, мемлекеттегi президенттiк басқару, заңдық-құықтық құжаттар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi сияқты бiрқатар тақырыптарды қамтыды.
Сонымен қатар көрме аясында Алматы қаласы әкiмдiгiнiң мұрындық болуымен, "Алматы ақшамы" газетiнiң "Алматы Ақшамының" кiтапханасы" сериясымен, сондай-ақ, Алматы қалалық Iшкi саясат басқармасының мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысы аясында "Азаматтық бастамалар орталығы" қоғамдық бiрлестiгiнiң қолдауымен "ARNA-B" баспасынан шыққан "Елбасы. Тәуелсiздiк. Алматы" атты фотошежiрелiк кiтаптың тұсауы кесiлiп, қалың жұртшылыққа ұсынылды. Кiтаптың тұсаукесер рәсiмiне елiмiздiң бiрқатар зиялы қауым өкiлдерi мен шетел қонақтары қатысты. Әдемi суреттермен көмкерiлген кiтап ел тәуелсiздiгi мен әсем қала Алматының мемлекетiмiздiң саяси өмiрiндегi маңызына арналады. 1986 жылы қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн аңсаған жастар Алматыда шеруге шықты. 1991 жылы бiр өлiп, бiр тiрiлген қазақ халқы аңсаған тәуелсiздiгiн Алматыда жариялаған болатын. Тәуелсiз Қазақстанның стратегиялық құжаттары мен ел Конституциясы да Алматыда қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алатаудың етегiне орналасқан сұлу шаһарға: "Алматы – бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң алтын бесiгi, мемлекеттiгiмiздiң алтын дiңгегi" деп баға беруi тектен-тек емес. Кiтаптың таныстырылуында сөз сөйлеген Шәмшә Беркiнбаева: "Тәуелсiздiк жылдарында ғасырға жүк боларлықтай жұмыстар атқарылды. Дегенмен мектептерге арналаған Қазақстан тарихы пәнiнде егемендiк жылдарындағы ел тарихы жөнiнде мағлұмат аз" дей келе, аталмыш кiтаптың жас ұрпаққа берер пайдасын ерекше атап өттi. Ал жиналған қауым кiтап сапасы мен мазмұнына жоғары баға бердi. "Өмiр-өрнек", "Елбасы және зиялы қауым", "Елбасы және еңбек ұжымдары", "Елбасы және Азиада", "Алматы – гүл қала", "Алматы – жастардың қаласы" т.б. тақырыптар аясында фотосуреттер топтастырылған кiтапта бұрын-соңды ешбiр басылымдарда, газет-журналдарда жарияланбаған фотосуреттермен қатар, Елбасының Алматы туралы ойлары толыққанды берiлген. Жобаның авторы "Алматы ақшамы" газетiнiң Бас редакторы, Президент сыйлығы мен "Құрмет" орденiнiң иегерi, Қазақстанның мәдениет қайраткерi Қали Сәрсенбай: "Бұл кiтап көпшiлiк қауымға арналған. Сондықтан кiтаптың бағасын оқырман қауым бере жатар" – дедi. Кiтаптың алғашқы он данасы салтанатты түрде Ұлттық кiтапхана директорына табыс етiлдi. Ел тәуелсiздiгiнiң 19 жылдық тарихын баян ететiн кiтаптан өскелең ұрпақ туған жерi жайында мол ақпаратқа қанығады деген сенiмдемiз.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ