СЫРЫМ ЕЛIНДЕ – СҮБЕЛI ТОЙ
СЫРЫМ ЕЛIНДЕ – СҮБЕЛI ТОЙ
Ақжайық өңiрi бойынша Қазақстанның өндiрiстендiру картасына енген жобаның бiрi — "Қарашығанақ-Орал" газ құбыры болатын. Құрылыстың жобалық құны — 261 млн. АҚШ доллары. Оның алғашқы кезеңi өткен жылдың желтоқсанында Теректi ауданының орталығы — Федоровка ауылында iске қосылған-ды. Оған ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов қатысты.
Ендi мiне, араға жарты жыл салып, жобаның екiншi кезеңi жүзеге асты. Көгiлдiр отын алауы 28-маусым күнi Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында тұтанды. Cалтанатты шараға ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев, облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов, ҚПО б.в компаниясының бас директоры Джузеппе Пази құрметтi қонақ болды.
Сырым ауданының орталығына қысқа мерзiмде газ құбырын жеткiзген – "ҚазҚұрылысСервис" пен "ТеңiзМұнайҚұрылыс" АҚ-ы. Пайдалануға берiлген газ құбырының жалпы ұзындығы – 552 шақырым. Ендi бұйыртса, жүз мыңдай тұрғыны бар 146 елдi мекен тезек жағудың азабынан құтылады.
– Мен 2008 жылы Теректi, Сырым, және Қаратөбе аудандарына көгiлдiр отынды жеткiзумен айналысамын деп уәде берген едiм. Асыл мақсат iске асып, бүгiн сол қуанышты сiздермен бөлiсiп жатырмыз, – дедi облыс әкiмi салтанатты шарада. – Елiмiздiң тұңғыш Президентi Н. Назарбаевтың бiздiң алдымызға қойған мiндетттерi бiртiндеп жүзеге асып келедi. Өңiрiмiздегi елдi мекендердi көгiлдiр отынға қосу арқылы халықты от жағып, күл шығару азабынан құтқарсақ, екiншiден, мәдени-әлеуметтiк нысандарды жылыту сияқты өзектi мәселелердi қоса шешуге қол жеткiземiз. Уақытпен санаспай, қысқа мерзiмде газ құбырын тартқан "ҚазҚұрылысСервис" және "ТеңiзМұнайҚұрылыс" акционерлiк қоғамы ұжымына, басшыларына сiздердiң, өзiмнiң атымнан зор алғыс айтамын.
Сырымдықтар атынан сөз алған Сыдық Тәжiмұқан ауыл тұрғындарының облыс басшылығына алғыс сезiмiн жеткiздi. Салтанатты шарадан соң, құрметтi қонақтар Ұлы Отан соғысының ардагерi Латифолла Кереевтiң үйiне бас сұқты. Көгiлдiр отын алғаш қосылған үйдiң қызығымен бөлiсiп, дәмнен ауызтидi.
– Жымпиты ауылында қазiр 700 үйге газ өткiзiлмек. Мұның iшiнде 150 тұрғын үйге "ҚазҚұрылысСервис" АҚ көгiлдiр отынды тегiн тартуы тиiс. Осындай демеушiлiктен "Нұржан" ЖШС-да қалыс қалмай, 15 үйдi өз есебiнен газға қоспақшы, – дейдi аудан әкiмi аппаратының ұйымдастыру жұмыстары, мемлекеттiк қызметтер мониторингi және бақылау жөнiндегi бөлiм меңгерушiсi Дархан Жанқылышев.
Серiк Ықсанғали